Экономика

Индустриялық аймақ: капсула салынып, жаңа зауыт іске қосылды.

Елорда күні қарсаңында «Ақтөбе» индустриялық аймағында лак-бояу өнімдерін шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Жалпы құны 320 миллион теңгені құрайтын бұл жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Жаңа зауыттың ашылуына қатысқан «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» басқарма төрағасы Руслан Мамунов өндіріс орнының жұмыс жасау барысымен танысып, қызметіне сәттілік тіледі.

«Баумастер Интернэшнл» ЖШС атқарушы директоры Кеңес Жакеновтің айтуынша, зауытта бояудың 7 түрінен жылына 5 мың тонна өндіру жоспарланып отыр.

Бұл жобаның ерекшелігі — судисперсиялық бояулар европалық және америкалық технология бойынша дайындалады. Өндіріс толықтай автоматтандырылған. Жұмыс барысында қоршаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бөлінбейді. Өйткені зауытта шаңды фильтрлеу жүйесі орнатылады. Шикізат ретінде қазақстандық кальций корбонаты мен еуропалық стирол-акрилат полимер қолданылады, — дейді Кеңес Жакенов.

Өнім әзірге тек облыстағы сауда орындарына шығарылмақ. Болашақта еліміздің өзге қалалары мен Ресей нарығына шығару жоспары бар.

Айта кетейік, «Ақтөбе» индустриялық аймағында бүгінгі күнге дейін 6 өндіріс орны жұмыс жасап тұрған болатын. Жаңадан пайдалануға берілген зауыт саны жағынан — жетінші  нысан. Жыл соңына дейін индустриялық аймақта тағы жаңа 6 нысанды іске қосу жоспарланған.

***

Ақтөбеде қағаз өнімдерін шығаратын зауыт салынбақшы. Елорда күні қарсаңында «Ақтөбе» индустриялық аймағында жаңа зауыттың капсуласы салынды.

Қағаз өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысына «Lucrum Star» ЖШС 300 миллион теңге қаржысын жұмсамақ. Өндіріс орнында жылына 23 миллион рулон дәретхана қағазы, 3 миллион рулон қағаз сүлгі, 7,5 миллион рулон майлық және 3 335 тонна қағаз қалыбы жасалатын болады.

Құрылысы биыл басталатын зауыт  пайдалануға 2020 жылдың 1-тоқсанында берілмекші. Жаңа жоба аясында 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.

— Тамыз айында қала бойынша макулатура қабылдайтын бірнеше орын ашамыз. Бұл жөнінде Ақтөбедегі бірқатар ірі компаниялардың басшыларымен келісіп те қойдық. Ал макулатураны іріктейтін қойма өндірістік цехтың жанынан салынады. Қоймадан іріктелген қағаз қалдықтары тарқатылып, тазартылып болған соң, қағаз жасайтын машинаға құйылады. Кейін кептіріледі. Дайын болған қағаздан санитарлық-гигиеналық мақсатта пайдаланылатын сүлгі, майлық секілді өнімдер жасап шығарамыз. Жылына 250 тонна қағаз қалдығын жинап, қайта өндіруді жоспарлап отырмыз, — дейді жобаның жетекшісі Мұрат Балмағамбетов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button