Басты жаңалықтарТарих

Тағдырлы таңдау

Кейбір оқиғалар баяу ағыспен бас­талып, бірте-бірте арынды өзенге айналып кете баратын бұлақтарға ұқсайды, олар уақыт өте келе тұтас мемлекеттер мен халықтар үшін аса маңызды мәнге ие болады.

Ол оқиғалардың бойында қоғамның іргелі негіздерін қозғайтын өзгерістердің өзегі бар. Өткенге зер салып қарасақ, жағдаяттардың жарасымсыз жымдасуынан аса ауқымды қоғамдық катаклизмдер орын алып, сан ғасырлық өркениеттер мен мәдениеттердің құрдымға кеткенін көреміз. Абырой-атағын жұрт жаппай мойындап, даңқын нақты істермен тиянақтаған аса көрнекті тұлғалар ғана тарихтың барысын ырқында ұстап, оны сындарлы арнаға салып жібере алады. Мұндай мемлекеттік қайраткерлер өзінің алдындағы, қоғамның алдындағы жауапкершіліктің алапат жүгін иығына арта біледі де, асқақ мақсат-мүддесін жеріне жеткізе орындайды.

Қазақ КСР-нің жоғары басшы­лы­ғына Кеңес Одағының талқаны таусылар тұсында келіп, осынау тар жол, тайғақ кешуге түскен Нұрсұл­тан Назарбаев дәл сондай

Көш­бас­шы болатын. Бұл жол осыдан дәл отыз жыл бұрын – 1989 жылдың 22

мау­сы­­мында басталған еді, сол күні Қазақ­стан Компартиясы Орта­лық ко­ми­тетінің XV пленумында Нұрсұл­тан Назарбаев республика партия ұйымының бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Бұл шешім Ел­ба­сының білікті басшылығымен жүзеге асырылған бола­шақтағы асқара­лы асуларға бастайтын беташар сияқ­ты болғанын, олар ақыр аяғында тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуіне жеткізгенін содан бергі жылдар көрсетіп берді.

Біз бұл мақаламызда осының бәрі қалай жасалғанын, ол жағдайларды нендей себептер туындатқанын, сол тұста таңдаудың неге Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасына түскенін, басқа да күрделі сәттерді ой зердесіне салмақпыз.

Мұндай күрделі шырғалаңдарды сөз еткенде оларды жалпы тарихи контекстен және болған оқиғалардың бір-бірімен шырмауықтай шырмасқан өзара байланысынан бөлек қарастыру әсте мүмкін емес.

Ол жылдарда Қазақстан кеңестік мем­­лекеттің құрамында одақтас респуб­­ли­каның құқымен дамып келген болатын. Осындай әжептәуір жоғары мәр­тебесіне қарамастан, басқарудың барлық тетіктері одақтық орталыққа – Мәскеуге барып тірелетін, түйінді шешімдердің бәрі сонда қабылданып, жергілікті жерлерге өкімшіл тапсырмалар сол жақтан беріліп жататын. Басқарудың осындай сірескен сатылық жүйесі мемлекеттің барлық салаларын тырнағынан төбесіне дейін тырп еткізбей бақылап ұстап тұратын да, республикалардың адымын аштырмайтын.

Алайда уақыт өте келе, 80-жыл­дар­­дың орта шеніне қарай елде дағ­да­рыс­тық құбылыстар бой көрсете бас­­тады. Шаруашылық жүргізу­дің экс­тен­сивті үлгісіне және

теңгерме­шілдік­ке, мемлекеттің басын сұқпайтын жері қалмайтын жүйеге негізделген экономика адамдардың көптеген сұраныстарына сай келмеуге айналды. Сөренің астынан суырып салып, сауда жасайтын «қара базарды» шығарған тауар зәрулігі кеңестік қоғам өмірінің көзге бірден түспей қоймайтын белгісі болып алды.

«Темір шымылдықпен» қоршалған қоғамның және экономикалық автар­кияның жағдайында КСРО-ның әлемнің белді елдерінен артта қалғаны барған са­йын бадырайып көріне бастады. Көп­теген салаларда үркітерлік үрдістер үлкей­ген үстіне үлкейе берді, өзінің о баста бо­йына біткен кемшіліктерінің сал­дарынан әкімшіл-әміршіл жүйе сыр беруге көшті. КОКП Орталық коми­тетінің Бас хатшысы Михаил Гор­бачевтің бастамашылығымен қолға алын­­ған қайта құрудың Кеңес Одағын жаң­ғырту, ел дамуын жаңа арнаға бағыттау жөніндегі ниеті іске аспады. Қайта құру әуелде бүкіл елде, соның ішінде біздің Қазақстанда да үлкен үміт туғызып, көп нәрсе күттірген еді.

Алайда басымдықтардың бұлың­ғыр­лығы, нақты жұмыстың сылдыр сөзбен және қағазбастылықпен алмастырылуы, бәрінен бұрын – іс-қимылдың қолмен ұстайтындай бағдарламасының болмауы бір қиырдан бір қиырға шығандап шығып кете беруге, алдын ала ойластырылмаған қадамдарға әкеліп соқтырды. Осындай орашолақтықтар қатарында атышулы «алкогольге қарсы науқандарды» да, «еңбексіз келген табыспен күресті» де, қолға алынған реформалардың қадірін кетірген басқа қателіктерді де еске алуға болады. Мұндай жаңсақтықтар бара-бара ел бас­қару тізгінінен айырылуға, бейбере­кеттікті көбейтуге алып келді де, соның салдарынан мемлекет ыдырап тынды.

Сөз жүзінде басқарудың демо­кратиялық тәсілдеріне көшу­ді жақтағанымен, іс жүзінде Орта­лық өзінің дегенін істеумен бол­ды, бір ғана мақсатты – бәрін бастан-аяқ бақылап отыру­ды және айтқанына сөзсіз бағын­дыру­д­ы көздеді. Осындай көр­соқыр шешімдердің біреуі 1986 жыл­ғы 16 желтоқсандағы «18 минут­тық пленум» болды, онда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қызметінен кетірілді. Республикаға өзінің ойына келгенін істеген Орталық оның орнына Қазақстан жеріне табаны тиіп көрмеген, бұған дейін Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде істеген Геннадий Колбинді тағайындады. Тегінде, мұның өзі әдейі ойластырылған қадам сияқты. Өйткені одақтық партия элитасы үшін жер көлемі Батыс Еуропаның аумағынан асып түсетін индустриялы-аг­рар­лы Қазақстан ұдайы назарда

тұ­ратын мекен еді. Қуатты кен байытушы және аграрлы өнер­кәсіп, энергетиканың, қара және түсті металлургияның алып­тары құрайтын салалар мен кәсіп­орындар елдің

эконо­ми­ка­лық жүйесінің біртұтас шаруа­шы­лық механизміне тұйықталған стра­­тегиялық маңызды буындар болатын. Астықты аса мол өн­ді­ретін республика ретінде

Қазақ­станның Кеңес Одағының азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етудегі алар орны да орасан еді.

Тағы бір өте маңызды себеп­ті атап айту жөн: республика аумағында одақтың қуатты әске­ри-өнеркәсіптік кешеніне ғана тікелей бағынатын көптеген сан түрлі полигондар мен сынақ алаң­­дары бар-ды.

Сондықтан да 1986 жылдың желтоқсанында Колбинді әкеліп тағайындау Орталық тарапынан жариялылық пен қайта құру идеяларымен қанаттанып тұрған қазақстандықтардың пікіріне ашықтан-ашық астамси қараудың кеудемсоқтық көрінісі болды. Мұндай жағдайда басшылыққа жергілікті кадрлардың ішінен шыққан лайықты өкілдерді тарту қисынды әрі көкейге қонымды еді. Өйткені құрамына 19 облыс кіретін, КСРО-дағы ең көпұлтты болып табылатын мұндай алып әрі күрделі республиканы басқару оңай міндет емес-ті. Алайда Ор­та­лық осындай орынсыз оз­быр­­лыққа қарсылық білдірген сту­­дент жастардың аяқ асты ұйым­­­дастырылған бейбіт шеруін қатал күшпен басып-жаншыды. КОКП Орталық комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйы­мының еңбекшілерге интер­националдық тәрбие беру жөнін­дегі жұмысы туралы» қаулы

қа­был­дап, онда іс жүзінде бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп айыптауы одан да өткен

моральдық-пси­­хо­логиялық ауыр соққы болды.

Республика жұртшылығы жек көретін көлденең көк атты Кол­биннің аз уақыт арасында би­лік құруы тұсында анау айт­қандай ештеңе тындырыла қой­мады, көп ұзамай-ақ оның дәурені де өтуге айналды. «Қазақ­стан. Тосын­сыйлар мен қасаң­қалып­тар» атты кітаптың авторы Дж.Айт­кен бұл қайраткерді «Колбин ескірген дәуірге қайта оралудың өзінше бір бейнесіне айналды» деп сипаттаған еді. Бұйрық алса бітті, құйрығын қайқайтып шаба жөнелетін осындай қайраткер-сымақтар ғой Кеңес өкіметінің күні батуын тездеткен. Ол кә­дуіл­гі «партия солдаты» болатын, ондайлардан басқа нәрсені күте қою да қиын. Біз Орталық ко­митет аппаратында жұмыс іс­теп жүргенімізде Колбиннің ет өн­діру жоспарын сайғақтар мен жыл құстарын қырып атудың есе­бінен толтыруды ұсынғанын естіп, жағамызды ұстағанбыз.

Бұл орайда Елбасымыздың әдеп­тілік пен ізеттіліктен атта­ма­ғанын, Колбин туралы ешқашан тө­менсітіп сөйлемегенін атап айту керек, ал талайлар Ор­та­лықтан әкелінген әлгінің жұ­мыс тәсілін сыртынан сөз етіп, келекеге айналдырып жү­ретін. Әйтсе де, осы жайында ай­т­қа­нында Михаил Горбачев, оның сөзін Айткен келтірген, былай деп мойындайды: «Біздің Кол­бинге байланысты жіберген қателігімізді түзетуіміз қажет болды. Мұның өзі этносаралық қатынастар саласындағы бірінші өрескел қателігіміз еді, мен оны қайткенде де қайталамауға берік бекіндім. Біз бәріміз өз республикасын қазақтардың өзі басқаруы керек деп шештік, сөйттік те жаңа басшысы кім болатынын таңдауды олардың өздеріне қалдырдық».

Бұл кезде уақыт анағұр­лым өзгере бастаған еді. Рефор­ма­лардың табандап тұрып алуы және басшылықтың жөнсіз жүргізілуі бара-бара көңіл толмаушылықты көбейтті, тіпті алғаш рет жаппай митингілер мен ереуілдерге шық­қан жұртшылықтың ыза-ке­гіне ұласты. Орталық пен респуб­­ликалардың арасындағы у­­шы­­ға түскен қарама-қайшы­лық­­тар да іскерлік түйінін таппа­ды. Сондықтан да 1989 жыл Ке­ңес Одағы үшін егемендікке

ұм­ты­лыс­тың, митингішілдіктің және ереуі­л­­шілдіктің артуының, ұлт­ара­­лық қатынастардың шие­ле­ні­суі­нің бастапқы кезеңіне ай­нал­ды, кейіннен олар аяусыз қан­төгіс пен қақтығыстарға ұласты.

Орталық ендігі жерде Қазақ­станда бұрын жіберілген қате­лікті қайталамауға тырысты, рес­публикалық партия ұйы­мы­ның басшылығына кандидатураны жергілікті кадрлардың арасынан іріктеуді жөн деп тапты.

Ол кездің өзінде-ақ Нұр­сұлтан Назарбаевтың аты рес­публикада да, одан тыс­қары жерде де ауыздан түспей тұрған бола­тын. Жұмысшы ортадан шық­қан­дықтан,

өзі­­нің еңбек жолын ме­тал­лургтің «отты» маманды­ғы­­нан бас­тағандықтан да ол қара­пайым жұртшылықтың мұң-мұқ­тажын басқалардан гөрі сергек сезінетін.

Назарбаев белсенді, білімге құштар еді, өндіріс мәселесі болса да, әлеуметтік жағдайлар болса да ештеңеге енжар қарамай­тын, қашанда қоғамдық өмірдің қай­наған ортасында жүретін.

Біз әңгімелеп отырған кезге дейін комсомолдағы және партиядағы жұмыстың барлық

са­тыларынан өткен оның Қара­ғанды облыстық партия коми­тетінің екінші хатшысы, Қазақ­стан Компартиясы Орталық ко­митетінің өнеркәсіп, көлік пен байланыс жөніндегі хатшы­сы, сондай-ақ Қазақ КСР Ми­нистр­лер Кеңесінің Төрағасы қыз­мет­терінде жинақтаған елеулі бас­шылық тәжірибесі бар еді. Ол республиканың

әлеуметтік-эко­но­микалық өмірінің барлық қыр-сырын қыртысына дейін білетін, әр облыстағы, әр кәсіп­орын­дағы істің жайынан жақ­сы хабардар болатын. Соны­мен бірге стратегиялық тұрғы­дан ойлайтындықтан, респуб­ли­ка­ның ғана емес, тұтас елдің де

эко­номикалық дамуын бол­жай алатын. Талай адамдар оның бас­шылық әдісіндегі

іс­кер­лікті, нақ­тылықты және мәсе­­лені шешуге қашанда да­йын тұратынын атап айтатын. Ол сол кездегі көптеген қайрат­кер­лер­ден басшылықтың алдына мәселелерді өткір

қоюы­мен және өзінің пікірін табанды түрде қорғауымен ерек­ше­ле­нетін. Назарбаевтың мұн­дай қағидатшыл қасиеттерін, білік­тілігі мен батылдығын бұрыны­рақ­тан,

70-жылдардан-ақ Мәс­кеу­дегілер де білетін, сол кез­де ол жоғарыда жүрген партия

қай­­ра­т­керлерін республиканың өнер­кә­сіптік әлеуетін дамытуға, адам­дардың тұрмысы мен жұ­мы­сы үшін лайықты жағдай жасау қажеттігіне сендіретін.

Алайда одақтық Орта­лық басқа кандидаттарды да қарас­тырды. Талай атқарым­паз­дарды маңдайынан шертіп көрді. Алғаш рет азаматтардың ауызша са­уалдамасы жүргізілді – Алматы тұрғындарын көшеде тоқтатып тұрып, пікірлерін сұрады. Содан кейін барып қана таңдау Назар­баевқа келіп тірелді.

Зияткерлік әлеуетімен, қуатты көшбасшылық қасиет­терімен қабысқан өмірлік және кәсіби тәжірибесі жаңа уақыттың рухына барынша толық сәйкес келетін кандидат тап Нұрсұлтан Назарбаев болып шықты.

Тарих дамудың сан қилы белестерінде қоғам мемлекет көшбасшысының белгілі бір түрін қатты керек ететінін көрсетеді. Қазақстанға да бәрінен қоғам мүддесін биік қоятын, ортақ іске шындап жан ауыртатын, жұртты еліктіріп, соңынан ерте алатын жаңа буын басшысы ауадай қажет еді.

Әйтсе де, мұның бәрі оп-оңай болмайтын. Назарбаевтың қағи­даға қатып қалатын

қа­сие­тін, талапшылдығын жақтыр­май­­тындар да, оның республика Министрлер кеңесінің төр­аға­лығынан әрі қарай өспегенін қалай­тындар да табылатын. Он­дайлар домалақ арыздар домалатып тастайтын, біреулер оны тексере бастайтын.

Сыни тұрғыдан ойлай білетін Назарбаев елдегі басқарудың түрлері мен тәсілдері әбден тозып біткенін терең түсінді, кеңес­­тік экономикалық үлгі­нің қиғаштықтарын және

тиімсіз­дігін, олардың уақыттың талабына сай келмейтінін анық көрді. Сонымен қатар оның бас қатыратын мәселелері тек экономиканың айналасы деп айту да атымен қате болар еді. Халықтың қайнаған орта­сы­нан шыққандықтан да ол рес­пуб­­ликаның

қоғамдық-саяси өмірі­нің, адамдардың көңіл күйі­нің барлық көкейкесті мәселе­лерін терең түсініп отырды. Реа­лист әрі прагматик адам ретінде Назарбаев сол қоғамдық ахуалдан қалтарыста жатып қайнаған өзгерістерді дәл сезіне білді және олардың өмірлік қажеттілігін ай­қын ұғынды.

Сол бір бетбұрыстық ке­зеңнің рухы мен Елбасы ай­қын­даған бағыт-бағдар­лар­ға сенімнің біре­гей куәсі ре­тінде Нұрсұлтан Назар­баев­қа 1989-1990 жылдар

ара­лы­ғында Қазақстанның қиыр-қиырынан келіп түскен хат­тар мен үндеулерді келтіруге бола­ды. Олар кейде сезімге ерік беретін, қатқылдау айтыла­тын, сонымен бірге шынайы сенім­­ді және өзгерістер бола­ды деген үмітті білдіретін. Осы мақаланы дайындау барысында Тұңғыш Президент – Елбасы архивінен алдыртқан құжаттарымыз – мұның айқын дәлелі. Мұндай хаттардың әсі­ресе, Семей өңірінен көп түс­кенінің себебін түсіну қиын емес. Өйткені дәл сол өңірде Семей ядролық полигонындағы сынақ­тардың зардабынан туын­даған экологияның, адамдар денсау­лығының проблемалары ерекше көкейкесті еді. Жүректі тіліп өтетіндей, сол сұмдықтан азап тартқан халыққа көмек көрсетуге ұмтылған осынау үндеулерді шын мәнінде жанайқай деуге болады. Мысалы, сол кездегі Семей об­лысының Абай ауданы­ның тұр­­ғындары Т.Сләмбеков, Х.Битер­баев: «Лауазым иелері мен ве­домство­лардың адамдарға жүр­гізген эксперименттері үшін жауапкершіліктің, айырылған денсаулықтың өтемақысын алу­дың мәселелерін көтере

жү­ріп… біз, әзірше тірі, ешкімге кере­гі жоқ, ауру қарттар, сан түрлі орын­дарға, тіпті М.С. Горбачевке де­йін шағындық. Алайда біз қазір де өз қасіретімізбен өзіміз ғана бетпе-бет қалып отырмыз. Көмектесе көріңіз!» — деп жазған.

Көптеген үндеулердің негізгі арқауы — тіл мен мәде­ниет­ті, халықтың рухани

мұқ­таж­дықтарын қайта өркендету, олар ондаған жылдар бойы тұн­шық­тырылып, толыққанды шешілмей келген еді. Бұл хаттар ұлттық сана-сезімнің серпінді дамуының, ұлттық бірегейлікті іздеудің көрі­нісі болатын. Айталық, өзде­рін қинаған ойларымен

Гу­рьев­тен (қазіргі Атырау) хат жол­даған Б.Аймағамбетов, Н.Нау­рыз­ғалиев, Ж.Құтқұжиев: «Теле­ди­дар мен радио бәз-баяғысынша қазақ­ша хабарды өте аз таратады. Ана тіліміздің мәдениетін наси­хаттаудың көлемі де, деңгейі де өте төмен» деп бөліседі. Олар қазақ тіліне Қазақстанда мемле­кет­тік тіл мәртебесі берілуі керек деп санайды.

Тағдырдың тәлкегімен туған жерден жырақта жүрген қандас бауырларымызбен байланыс орнату, олардың Қазақстанға қайтқысы келетіндеріне қолдау көрсету керектігі жөнінде де ойлар ортаға салынған. Бұл сөздер Семей студенттері мен жұмысшы жастар өкілдерінің хаттарында да жазылған, олар сондай-ақ әскери тақырыптағы кеңестік фильмдерде батыр қазақтардың көрінбейтініне, республиканың талай жерінде қазақ тілін­дегі газеттердің жетіс­пейтінді­гі­не таңдана ашынатын, Алашор­да қайраткерлерін ақтауды сұрайтын.

Елде ұлтаралық шиеленістің өршуіне алаңдаушылық танытқан азаматтар өздерінің ортақ үйі — Қазақстанда тыныштық пен бірліктің сақталуын, нығай­тылуын жақтайтынын білдіреді. Мысалы, қысқа демалысы кезін­де туған қаласы Гурьевте болып қайтқан десантшы солдат Игорь Коваленко былай деп жазады: «Мен Қазақстанда туып-өскенмін. Содан бері Отанымнан қай жаққа қарай аттансам да, мені қазақтың жеріне тартады да тұрады. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді халық шынайы құрметтейді, мен өзім Сізді өте жақсы көремін. Сізден десантшылар менің анамды ешқашан Отанынан алып шығуға мәжбүр болмайтындай ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды сұраймын. Сізден өз балаларының әкесі ретінде, жасы үлкен аға, көпті көрген адам ре­тін­де осыны өтінемін. Бұл хатым Сіздің жеке өзіңізге ар­нал­ған, оны тиісті жеріне жібер­месеңіз екен».

Республикада бейбіт өмір мен тыныштықты сақтауды тілек ететін осындай сөздерді

Нұр­сұлтан Назарбаевқа Шығыс Қазақ­стан облысынан Ағжан Құ­марова мен Майра Ахметова да жол­даған екен. «Бізге ұлтаралық жан­жалдың керегі жоқ, өйткені оның аяғы неге соқтыратынын біз білеміз. Сіз жүргізіп жатқан сая­сатты жалғыз ғана дұрыс саясат деп санаймыз, Сіз бізді дұрыс түсінеді деп үміт етеміз», — деп атап көрсетеді олар.

Украина астанасы Киевтен жолдаған хатында Антонина Московкина соғыс жылдарында қарапайым қазақтардың өзі­нің отбасына, өзіне қандай­лық көмек көрсеткенін алғыс айта оты­рып еске алады: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен бұл хатымды тамаша адамдарды, біздің сол бір ауыр жылдардағы өмірімізді жадымда жаңғырта жазып отырмын. Ешкім де сан түрлі ұлттар өкілдерінің арасына араздық отын жаға алмайтынына сенемін». Осылай деп келеді де, хатын «Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, қош-сау болыңыз, көп-көп денсаулық тілеймін!» — де­ген сө­з­дерді қазақша жазып аяқтайды.

Үндеулер авторлары респуб­ликаның дамуын тілеген ойларын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырады, ол Қазақстанды жаңаша өркендеу мен өрлеуге жеткізеді деп сене­ді. Бұл ой Шевченко (қазіргі Ақ­тау) қаласынан жолданған И.Шоқбарбаевтың хатында былай жеткізілген: «Соңғы 30 жыл­дың ішінде қазақтардың арасынан Одақта және республикада беделге ие, біздің тілімізді, мә­де­ниетімізді, өнерімізді, тарихы­мыз­ды, демек, Отанымызды – Ал­тайдан Атырауға дейінгі ара­­лықта өмір сүретін адамдарды қорғауға мүмкіндігі бар көш­басшы шықты». Басқа да авторлар сияқты, ол да Нұрсұлтан Назар­баевтан «ұлттық мәселелерді адам қанын төкпей, азамат соғы­сына ұрындырмай шешуді» сұрайды.

Тағы да айтамыз: Назар­баев­тың мұндайлық кең танымал­дылығы, алысқа баратын кең құлаштылығы жұрттың бәріне бірдей ұнай берген жоқ. Әдетте, тегеурінді тұлға дәйім озып жү­реді, сол жолда оның алдынан теріс ниетті кісілер қойған ке­дергілер шықпай қоймайды. Сол сияқты, Назарбаевтың бел­сенді қайраткерлігі де партия­ның орталық аппаратында ұйысып тұрған консерваторлар мен кер­тартпалардың тып-тыныш кабинетте жан тыныштықта отыра беруді қалауына немесе қатып-семген ұрандарды ұстанып алып, қызмет бабында өсуге не тиісті қасиеттері, не кәсіби тәжірибесі жоқтығына қарамастан, мансап сатыларымен жанұшыра жо­ғары жүгіруіне атымен кереғар келе­тін. Назарбаев олардың жолын анық кесіп тұратын, біті­мі бөлек болатын, үйреншікті үл­гі­лер мен қалыптардың шең­беріне сыймайтын. Осынау сан-сапалақ сұрқиялар бәле-жаланың торын шырмауықтай құрып, Назарбаевтың кандидатурасын межеге жақындатпай жатып «жалп еткізуге» жантала­сып бақты. Олар тұтастай бір науқан ұйымдастырып жібер­ді, мақсаттары біреу ғана: Назар­баевты қаралау, қадірін

ке­тіру, сөйтіп, сағын сындыру. Республиканың Орталық ко­ми­тетіне ағылып келіп жата­тын хаттардың арасында болма­ған­ды болғандай етіп жазу да, ашық­тан ашық жала жабу да кез­десетін. Кабинеттеріне қон­жиып алған атқарымпаздар әл­гі жалған ақпараттың қайдан ке­ліп жатқанын жақсы білетін. Назарбаевты қалайда іліп-шалып, құрықпен құлатып түсіру үшін кез келген ілікті індете іздеуді мақ­сат ететін неше түрлі комис­сиялар мен тексеру топтары бірі­нен кейін бірі құрыла беретін. Алай­да оларынан ештеңе шық­пады, әлгі комиссиялардың еш­қайс­ысы да оның өмірінен де, жұмы­сынан да тіпті кішкентай да жағымсыз фактіні немесе кір келтірер таңбаны таба алмады. Осының бәрі оның жүйкесін қан­шалықты жұқартқаны, жанын жегідей жегені айтпаса да белгілі. Назарбаев дәйім психологиялық қысымды сезінумен жүрді, оны моральдық жағынан майып ет­пек­ші болды.

Біз, сол кездегі Орталық комитет аппаратының қызметкерлері, Нұрсұлтан Әбішұлының қандай қиын жағдайда екенін түсіндік те, сезіндік те, оған жанымыз шын­­дап ашитын. Республиканың бі­рін­­ші басшысы қызметіне тек Назар­баевтың ғана нағыз ла­йық­ты екендігі айдан анық болатын. Абырой бергенде, ол нағыз кү­рес­кер­лік қасиетін, мі­не­зінің мық­ты­лығын көрсетті, тағ­дыр­дың те­геурініне лайықты төтеп берді. Қайта сол сынақтан бұ­рын­­­ғы­­дан да шынығып, ширап, кү­­­ше­­йіп, жаңа сын-қатерлерге да­йын тұ­ра­тындай шыңдалып шықты.

Назарбаевтың бұл кезеңде республикалардың біріндегі экономикалық сала жетекшісі деңгейінен асып кеткенін, жал­пы­одақтық ауқымда ойлай алатын саяси қайраткер биігіне жет­кенін атап айту қажет. Оның сол 1989 жылғы мамырда КСРО халық депутаттарының І съезінде қуатты және сенімді түрде қор­ғаған нақпа-нақ идеялық-саяси бағдарламасы мұны айқын көр­сетті. Бағдарлама бір-бірімен бай­ланысқан, экономикалық және қоғамдық-саяси блоктарды қамтитын 12 ұстанымнан тұра­тын. Олардың бәрі де

негіз­делген әрі көкейкесті болатын, рес­публиканың түпкілікті мүд­де-лерін, Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтажын көздейтін. Ұста­ным­дардың ішінде тауардың зәрулігін жою, бағаның өсуін тоқтату, елдің қаржы жүйе­сі­нің ауытқымалығымен күре­су, шаруашылық есеп үлгі­лерін же­тілдіру, одақтық министр­ліктер мен ведомстволар өктемдігін

бол­дырмау, Арал мен Семей өңі­рінің экологиялық апатына бай­ланысты проблемаларды шешу бар болатын. Оған қоса, Нұр­сұлтан Назарбаев түсімді одақтық және республикалық бюджеттер арасында әділетсіз бө­­летін жүйеден аулақ жүру қа­жетт­ігін айтты, жалпыодақтық стра­тегиялық нысандарда одақ­тық ведомстволардың жергі­лікті халықты кемсітетін дімкәс тәжі­рибесінен бас тартуға шақырды, жергілікті өзін-өзі басқару реформасын жүргізуді жақтады. Бағдарламада сондай-ақ ахуалды тұрақсыздандыру қаупінің алдын алу, халықтар достығын сақтау, республикалардың өкілеттілігін кеңейту, 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларынан кейін қазақ халқын ұлтшыл деген ресми айыпты алып тастау талаптары да бар еді.

Осылайша, біздің Көшбасшы­мыз Қазақстанның одан әрі дамуының кілті экономикадағы өз кезегін күткен міндеттерді шешуде, кең көлемді егемендікке қол жеткізуде, республикада тұ­рақ­тылықты сақтауда, ту­ған хал­қының жақсы атын қал­пына келтіруде деп білді. Бұл ай­тыл­­ғандардың көбі сол кезде әлі күшінде тұрған кеңестік басшылықтың көңіліне тіпті де жаққан жоқ. Мұндай жағдайда Назарбаев өзі тұрғылас басшылардан күні өткен дағдылардан, тап­таурын үлгілерден ада ауқым­ды көзқарасымен, сенім­ділігімен, сірескен соқыр сенімдер мен қатып қалған қасаң қағидалардың шеңберінен шығып, жаңаша ойлап, әрекет етуге ұмтылысымен айрықша бөлектеніп тұрды. Оның қуатты қайрат күші, харизмасы мен өзіне сенімділік серпіні бүкіл аудиторияны шарпып алатын. Назарбаев жұрттың бәрі ықылас қоя тыңдайтын және қуаттап қолдайтын одақтық деңгейдегі саясаткерге айналды. Біз бәріміз де сол кезде өтіп жатқан КСРО халық депутаттары съездерінде Нұрсұлтан Әбішұлының кеңестік басшылықтың ең жоғары

қыз­меттеріне ұсынылғанын ұмытқан жоқпыз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы басшылардан біліктілікті, бастамашылдықты, темірдей берік ерік-жігерді, адамдармен жұмыс істей алуды талап ететін уақытқа барынша сәйкес келетін еді.

Сондықтан да Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық коми­те­ті­нің 1989 жылдың 22

мау­сымында өткен XV плену­мын Нұрсұлтан Назар­баевтың өміріндегі де, бүкіл республиканың тари­хын­дағы да бетбұрыстық белес деп санауға болады. Ол кезде партия пленумдарында ішкі партиялық жұмыстың неғұрлым маңызды мәселелері, саяси және экономикалық проблемалар қарастырылатын.

Бұл жолы пленумға қатысу­шылар республика Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысын, жаңаша ұғыммен қарағанда – Қазақстанның жаңа көшбасшысын таңдауға тиісті еді. Отырыстың басында КСРО Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып сайлануына байланысты Г.В.Колбин Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы және Бюро мүшесі міндеттерінен босатылды.

Алғаш сөз алған КОКП Ор­та­лық комитеті Саяси бюро­сы­­ның мүшесі, КОКП Орта­лық комитетінің хатшысы В.М.Чебриковтың сөзінен Ор­та­лықтың өткеннен тиісті тағы­лым алғаны, енді жергілікті пар­­­тия­ластардың пікірімен санас­пақ болғаны кәміл көрініп тұр­ды. Әртүрлі қызметтегі жи­нақ­таған бай тәжірибесін, жер­гілік­­ті пробле­маларды тамаша

біле­­тін­дігін атап өте келіп, ол Қазақ­стан Компартиясы Орталық ко­­ми­­­тетінің бірінші хатшысы лауа­­­зы­мына Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевты сайлау жөніндегі ұсынысты қолдауды сұрады.

Мұнан кейін жарыссөз бас­талып, партия қызметкерлері, кәсіп­орын жетекшілері,

жұмыс­шылар мен аграршылар сөй­ле­ді. Олардың әрқайсысы, әри­не, өзінше, Қазақстанның бола­шақ жаңа басшысын сипаттап шықты, оның өзіне тән ай­рық­ша іскерлік қабілеттері мен ұйым­дастырушылық дағдыларын, ең бастысы – жоғары адамдық қа­сиеттерін бөле атады. Мыса­лы, Қазақ КСР жергілікті өнер­кәсіп министрі И.Б.Еділбаев Назар­баевтың әділдігін, сындар­лылығын және жоғары кәсіби білік­тілігін атап өтіп, мұның бәрі­нен «жетекшінің, Үкімет басшы­сы­ның даналығы» көрінетінін айтты.

Өндіріс адамдары – Лениногор полиметалл комбинатының ди­рек­торы И.И.Думанов, Талды­қорған облысындағы «Октябрь­дің 40 жылдығы» аграр­лық фир­масының төрағасы Н.Н.Го­ловац­кий Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының жақсылық жасау­ға жақындығы, сондай-ақ Министр­лер кеңесі Төр­ағасының өнім өндіруді кө­бейту жөніндегі бастамаларға көрсеткен қолдауы, оның экономика мәселелерін шешудегі же­делдігі жайында айтты. Ду­ма­новтың Назарбаевты «байлығы, еңбексүйгіш халқы бар Қазақстан кемесін біздің Отанымыздың игілігі мен өркендеуі жолында алда тұрған барлық міндеттерді шешуге бағытталған түзу жолға бұратын көшбасшының нақ өзі болады» деген сөзі нағыз көріпкелдікке айналды.

Пленумға қатысушылар үшін республика партия ұйы­мының жаңа басшысының тиіс­ті тәжірибе мен қажетті әлеует­ке ие екендігіне көз жеткізу ма­­­­­ңызды еді. Бұл орайда

Қа­ра­­­ған­ды облыстық партия ко­ми­­­те­­тінің бірінші хатшысы В.И.Локотунин Нұрсұлтан Назар­­баев­­тың Қарағанды металлур­гия комбинатында басталып, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде, одан кейін республиканың Министрлер кеңесінде жалғасқан еңбек жолының елеулі белестерін айшықтап айтып өтті.

Бұдан бұрын атап көрсет­кеніміздей, жаңа идеяларды жатсынбау, оларды жүзеге асыруға құлшына кірісу Нұрсұлтан Назар­баевқа бөлекше тән қа­сиет, ол республика халқына осы ар­қылы кеңінен танылған еді. Сон­дықтан да Жамбыл об­лыс­тық партия комитетінің

бі­рін­ші хатшысы С.М.Байжанов оны «Қа­зақстандағы қайта құру автор­ларының бірі» деп атады.

Қарағанды металлургия ком­бинатының жайма илем цехы­ның аға біліктеушісі

С.В.Дрож­жиннің сөзі есте қалды, ол Қазақ­стан Магниткасы партия ко­ми­тетінің хатшысы кезін­де Нұр­сұлтан Әбішұлының еңбек адамына ықылас бөле, қам­қор­лықпен қарағаны жөнінде әсерлі әңгімелеп берді. Ал Алматы жо­ғары партия мек­тебі­нің тың­даушысы Н.Е.Руснак Назар­баев­ты тікелей білмей­тінін айта отырып, оның партияластардың сұранымына сергек қарайтынын көрсететін бір мысалды келтірді. Руснак Орталық комитеттің 1987 жылғы пленумында Назарбаев­тың ол қойған сұраққа тез жауап бергенін, мәселенің көп ұзамай оң шешілгенін еске түсірді.

Жарыссөзде сөйлеген Алматы облысындағы «Каменский» асыл тұқымды зауытының сауын­шысы В.А.Кузьменко мен Пав­­­­лодар облыстық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Ю.А.Мещеряков Назарбаевтың Қазақ­станның барлық халық­тары­ның өкілдеріне бірдей қа­райтынын атап өтті. Мұның өзі әбден орынды еді, өйткені Тұң­ғыш Президент жас шағынан дос­тықтың, әртүрлі мәдениеттер мен этностарға құрметпен қарау­дың құндылықтарын бойына сіңірген, көпұлтты ұжымдарда қалыптасып, өзін танытқан.

Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбековтің сөзіне арнайы тоқтала кеткен орынды болмақ. Бұл қызметке ол кісінің кандидатурасы да ұсынылады деп болжанған еді. Белгілі бір дә­режеде Орталық бірнеше пар­тия­лық жетекшілерге, соның ішінде Әуелбековке де көз тік­кен-ді. Алайда, мұның бәрі оңа­ша жағдайда, дәме ету мен уәде беру жолымен жасалып жатты, сондықтан да жергілікті партия мүшелерінің арасында жарасымсыз бәсекелестік пен өзара сенімсіздік тудырды. Көңіл толмаушылықтың, күрделі жеке қатынастың жаңғырығы ақыры оның мына сөздерінен сезіліп тұрды: «Естеріңізде бар шығар, талай рет сөйлегенмін, жасы үлкен адам ретінде сынға да алғанмын, алайда мен Нұр­сұл­тан Әбішұлы сыннан дұрыс

қо­ры­тынды жасайтынын айту­ға тиіс­пін. Кейінгі жылдарда біздің ара­мызда бірде-бір рет келіс­пеу­ші­лік болған жоқ, бар­лық мәсе­ле­­лер­де тіл табысып жүрдік, ал қал­ған жайдың бәрі – жай сөз ғана».

Бәлкім, Әуелбеков әуелде Назар­баевтың жеке басының және кәсіби тұрғыдан өсуінің қуат­ты күшін жете бағалама­ған да болар, алайда сол пленум­да оны енді «көптеген

мәсе­лені: экономиканы да, мәде­ниетті де жан-жақты қам­ти қарас­тыратын» «саяси

жетек­ші» ретінде мойындады. Әуел­бековтің берген бағасымен айт­қанда, Назарбаевтың сөздерінде «кең ауқымдылық сезіледі». Былай­ша қарағанда, осындай күрделі адамның өзі, іштей қарсы бола тұрса да, қабылданатын шешіммен бәрібір келісті, Назар­баевты Компартия Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп таңдау турашыл шешім болатынын атап өтті. Осы ретте Ел­ба­сымыз әрдайым өз жұмы­сын­да кәсіби мүдделерді алдымен басшылыққа алатынын, жеке бас­тың қарым-қатынастарына онша қадалып жатпайтынын айт­қымыз келеді. Кейіннен Әуел­беков біраз уақыт Тұңғыш Прези­денттің кеңесшісі болып істеді.

Тұтастай алғанда, пленумда Нұрсұлтан Назарбаевтың атына айтылған бағалар мен пікірлердің бәрі де сол дәуірдегі партиялық форум­дарда жиі кездесетін бос­текі сөз бен ашықтан-ашық жа­ғым­пазданудан жырақ жатты. Шын көңілден және әділ айтыл­ған, бірлесе атқарылған жұ­мыс барысындағы жеке тәжіри­бе­мен, проблемалық мәсе­ле­лер­ді шешуде тізе қоса әрекет ету­мен тиянақталған сөздер жүрек­тен шығып, жүрекке жетті. Сөйлеу­шілердің барлығы да мына ойға тоқтады: Назарбаевтың кандидатурасына балама жоқ.

Жылдар өте келе Елбасымыз бұл жайында былай деп жазды: «Менің ойымша, дәл сол пленумда республикалық партия ұйымы кадрларының ұйысуы жүзеге асты. Мен осыдан бір жыл ғана бұрын өзіме қарсы айдап салынып жүргендердің тарапынан да қолдау таптым. Таңдау еркіндігі толық болып тұрған жағдайда бұл қолдаудың шынайы шыққандығы мені айрықша алғыс сезіміне бөлейді».

Осымен жарыссөз тоқ­татыл­ды. Нұрсұлтан Назар­баевты жақ­тап 154 адам дауыс берді, 4 адам қарсы шықты. Сөйтіп анық басым дауыспен Назарбаев Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сол жолы алғаш рет дауыс берудің жасырын түрде өткенін атап айту керек.

Сөз кезегі берілген Геннадий Колбин жаңа сайланған бірінші хатшыны құттықтады. Өз сөзінде ол пікірлердің түйіспей жатқан тұстары болғанымен, «әрдайым ортақ тұғыр табуға қол жеткенін» мойындады. Бірлесе атқарылған жұмысқа алғысын айта келіп, ол «еліміз аумағының әр қиырында жүрсек те, әлі бірге жұмыс іс­тейміз» деген үмітін де білдірді.

Пленумның соңында Назар­баев сөйледі. Партиялас­тарына жоғары сенімі мен қолдауы үшін разылығын танытып, ал­дағы реттелген жұмысқа көзі жете­тінін айтты. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның сөзі өзі республика басшы­лығы­на келіп жатқан шақтың барша маңыздылығын нақпа-нақ па­йымдауымен жүрек толқытты. Бұрын маңызы төмендетіліп немесе ауызға алынбай келген әлеуметтік-экономикалық, ұлт­ара­лық мәселелерді шешудің қа­жет­тілігін атап өте келіп, ол былай деді: «Бұл мәселелердегі менің

ұста­нымым барлығыңызға аян. Ол КСРО халық депутаттарының І съезінде сөйлеген сөзімде ай­қын тұжырымдалған-ды. Мен қазақ­стан­дықтардың мүдделерін білді­руге тырыстым және ол біз­дің республикамыздан сайланған бір топ депутаттардың ортақ тұғыр­намасы болатын. Сол бағдар­ламаны жүзеге асыру бағытын табандылықпен ұстанамын деп сіздерді сендіргім келеді».

Ол басшылар бәрінен бұрын туған республиканың және өз халқының мүдделерін ұстануға тиіс­ті екенін қадап айтты. Елба­сымыз, біздің бәріміз сияқты, алдағы кезең Қазақстанның еге­мен­дігін еңселендіруге мүмкін­дік бере­тіндігіне сенді. Бұл өз хал­қының мәдениеті пен тілін, оның тарихы мен рухани байлығын сақтауға шынайы жан ауыртатын нағыз патриоттың сөзі еді: «Қайта құру республиканың егемендігін нығайтатынына, оны құқықтық және практикалық мағынамен толықтыратынына, қазақ халқының экономикасын көтеріп, ежелгі мәдениетін жандандыру үшін жағдай жасап, әрине, басқа тілдердің құқық­тарын шектемей, оның ана тілінің толыққанды өмір сүруін қамта­масыз ететініне күмән жоқ».

Біздің Елбасымыз жасампаз­дықпен жұмыс істейтін, қоғамның тұрақты және эволюциялық дамуын қамтамасыз ететін саясат­шы­лар санатынан екендігі бел­­гілі. Бұл ой түйіні оның сөзін­де сол кездің өзінде айтылды: «Біз­дің игілігіміз әркімнің ұйым­шыл­­д­ықпен, тәртіппен және заң­­дар­ды қатаң сақтау арқы­лы ет­кен ең­бегімен жасалады. Қа­уіп-қатерді өршіту, тұрақ­ты­лық­­ты бұзу тек революциялық жаң­­ғырту ісіне кедергі жасағысы ке­ле­тіндерге ғана пайдалы, сондық­тан біз ондай көріністерге батыл тойтарыс беріп отыруымыз керек».

Нұрсұлтан Әбішұлының атап өткеніндей, бұл міндеттер тек ұйысу жағдайында, қоғаммен үнқатысуды жолға қойғанда және тұрғындардың барлық әлеу­меттік топтарының қолдауы­ның арқасында ғана шешіледі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қ­азақ­стан­ның жаңа басшысы қыз­­ме­тін­дегі алғашқы сөзі осындай ма­ғы­налы, шымыр, нақты жұ­мыс­қа ба­ғыттайтын сөз болып шықты.

 * * *

Бүгінгі таңда, арада аттай 30 жыл өткен кезде сол шақ­та­ғы құжаттарды қайтадан қарай отырып, біз былай деп то­лық сеніммен айта аламыз: Тұң­­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде қазақ­стан­дық­тар арман еткеннің бәрін де толық жүзеге асырды.

Кеңестік әскери машинаға ашық­тан-ашық қарсы тұрып, Се­мей ядролық полигонын жабу үшін жүрек жұтқан батылдық пен ішкі қайсарлық қуаты қажет еді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл қия­мет-қайым міндетті орындап, өз отан­дас­тарының алғысына бө­лен­ді және бүкіл әлемдік қоғам­дас­­тық­т­ың тарапынан мойындалды.

Туған тілді, мәдениетті қайта­дан өрлетуге, халықтың ХХІ ға­сыр­дағы рухани байлығын сақ­тауға және көркейтуге үлкен үлес қосты.

Әділеттілікке қол жеткізіп, жел­­т­­оқсан оқиғаларына қатысу­шы­­­лар­дың құқын қалпына келтірді.

Ең бастысы, тәуелсіз Қазақ­станның әл-ауқаты артып, келер болашаққа ұмтылған мем­ле­кет­тің Елбасына айналды. Бұл елде ұлтаралық және дінаралық келісім, өзара құрмет пен достық мәнді құндылықтар, мемлекеттік саясаттың түбірлі негізі болып табылады.

Қазақстанның дамуын жаңа жолға салып берген Тұңғыш Пре­зидент Елбасының өмір ор­нықтырушы ерік-жігерінің сал­танат құруы дегеніміз де дәл осы.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

 «Егемен Қазақстан».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button