Басты жаңалықтарМереке

Елорданың дамуына үлес қосып жүрген ақтөбеліктер

Нұр-Сұлтан — өнердің, ғылым мен мәдениеттің ошағы. Бас қалаға жан-жақтан барып, еңбек етіп жүргендер көп. Оның ішінде қаланың дамуына, жандануына  үлес қосып жүрген ақтөбеліктерді мақтанышпен айта аламыз.  Елорданың медицина, білім, яғни барлық саласында ақтөбелік мамандар нәтижелі жұмыс жасап жүр. Мереке қарсаңында Нұр-Сұлтанның дамуына үлес қосып жүрген жерлестеріміздің бірқатарын әңгімеге тарттық.

Талшын ҮКІБАСОВА,

медицина ғылымдарының докторы, профессор:

— Нұр-Сұлтан қаласына осыдан 11 жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің шақыртуымен келдім. Шынымды айтсам, жиырма жыл еңбек еткен жерім Ақтөбені қимадым. Бірақ министрлік қайта-қайта шақырды. Осылайша елордаға қоныс аударып, Республикалық ана мен бала денсаулығын қорғау ұлттық-ғылыми орталығының гинекология бөлімін басқардым. Ол кезде маған жүктелген басты міндет — орталықтың жұмысын дұрыс жолға қою, ұжымға жақсы, тәжірибелі дәрігерлерді тарту болды. Тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында қыруар шаруа атқардық. Ана мен бала өлімінің азаюына ықпал жасап, орталықта инновациялық технологияларды пайдалануды жүзеге асырдық. Жалпы ана мен баланың денсаулығын нығайтуға қатысты жаңашылдықтың барлығы осы орталықтан басталады. Шетел мамандарынан жаңа  инновациялық технологияларды үйреніп, оны елімізге енгізуге күш салдық, маман даярладық.

Ал қазір зейнет жасында болсам да орталықтан ажырағаным жоқ. Операция жасаймын, шәкірт тәрбиелеймін. Назарбаев университетінің медицина мектебінде ағылшын тілінде дәріс беремін. Болашақ акушер-гинеколог мамандарға білгенімді үйретемін.

Ақтөбеде жүргенімде ғылыми жұмыстармен айналыстым. Қазір де ғылымнан қол үзгенім жоқ. Үш-төрт жобаны жүзеге асырып жатырмын. Орталықта ғылыммен айналысуға барлық мүмкіндік бар. Бұрын денсаулығында күрделі ақауы бар аналарға сәби сүюге шектеу қойылса, қазір технологияның арқасында бұл кедергі жойылды. Дегенмен маман ретінде алаңдататын жағдайлар көп. Созылмалы, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін аурулар көбейіп барады. Қазір шетелге шығу оңай болғандықтан, сол жақтан келетін инфекциялар да көбейді. Инфекция тек қана жыныстық жолмен емес, ауа арқылы да жұғады. Еуропа елдері мен  Америка бұндай проблеманы басынан өткізді. Біз олардың мәселесіне енді кезігіп, яғни олардың өткен жолынан енді өтіп жатырмыз. Ана мен бала — егіз ұғым. Әр ана денсаулығына салғырт қарамай, күтінсе, өмірге сау сәби әкеледі. Біздің мақсатымыз — дені сау ұрпақты көбейту.

Ана мен бала орталығы — Нұр-Сұлтан қаласындағы алғаш салынған ғимараттардың бірі.  Ол уақытта орталыққа жаяу келемін. Көшеде көлік өте аз. Бір сағат жүрсем бір-екі машина өтетін. Ал қазір қалада өзгеріс көп, көлік те көбейді. Орталықтың жанынан нейрохирургиялық, кардиологиялық және балаларды оңалту орталығы салынды. Осы орталықтардағы әріптестерімізбен бірлесіп, науқастарды емдеп, ота жасаймыз. Жалпы қаланың болашағы зор. Менің ұлым да осы қалада тұрады. Елорда — біз үшін ыстық қала.

Жандос ӘЛІМОВ, ҚР Ішкі істер министрлігі заң департаментінің басқарма басшысы:

— Нұр-Сұлтан — ғылым мен білімнің, мәдениеттің ошағы. Бұл қалаға келген адам бір жетістікке жетуді, тәжірибе жинақтауды ойлайды. Осындай мақсатпен  2012 жылы  қоныс аудардым.  Жас отбасымыз, келіншегімнің аяғы ауыр. Пәтер жалдап тұрамыз. Еңбекақым да аз. Елордаға келгенде әрбір жастың басынан өткізетін қиындықты біз де көрдік. Бірақ мойығанымыз жоқ. Еңбек еттік, іздендік, білім алдық. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын бітірдім. Магистратураны аяқтадым. Бірнеше жерде жұмыс жасап, тәжірибе жинақтадым. Ал қазір бас заңгер ретінде жұмысымды жалғастырып жатырмын.

Елордаға келген әрбір жас ақша табуды емес, тәжірибе жинақтауды мақсат тұтады. Себебі заңнамалар мен жаңашылдықтың барлығы осы қаладан басталады. Бұл жерде мемлекеттік қызметте еңбек ету адамды шыңдайды. Мен де табыс табуды мақсат тұтсам, мұнай немесе басқа салаға кетіп қалар едім. Бірақ таңдаған мамандығыңа адал болу — мен үшін абырой. Сырт елде білім алдым, тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс жасадым. Бір сөзбен айтқанда, үлкен мектептен өттім. Ал қазір алған білімім мен тәжірибемді еліміздің дамуына жұмсап жатырмын. Елордаға қоныс аударғаныма ешқандай өкінгенім жоқ. Үш балам осы қалада өмірге келді. Елімізде бірлік пен береке болса, қаламыздың дами береріне сенімім мол.

Шыңғыс ІЛИЯСОВ,

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз хатшысы:

— Баспасөз хатшысы болу — жауапкершілігі өте жоғары жұмыс. Бұл — БАҚ пен мемлекеттік қызметті байланыстыратын маман. Ал нағыз маман болу үшін үлкен мектептен өту керек. Бұл ретте туған жерім Ақтөбеден мол тәжірибе жинақтадым. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінде жұмыс жасап жүріп шыңдалдым. Адам шыңдалған сайын бір орында тұрғысы келмейді, Нұр-Сұлтан қаласына кетуді ойладым. Себебі мықты маман болуда Елорданың орны бөлек. Осылайша бас қалаға барған сәтімде орталық коммуникациялар қызметіне түйіндеме тастадым. Кейін жұмысқа орналастым. Бұл жерде министрлер мен облыс әкімдерінің баспасөз конференцияларын ұйымдастырдым. Ал қазір Ұлттық экономика министрлігінен ақпарат таратамын. Елдің экономикасы, әр салаға бөлінетін қаржы, яғни қаражатқа  қатысты барлық шаруа осы министрлік арқылы жүзеге асады. Сондықтан баспасөз хатшысына да жүктелер жұмыс жеңіл емес. БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс жасап, халыққа ақпаратты дер кезінде жеткізуге атсалысып жүрмін. Бұл жақтағы журналистердің сауаттылығы, кәсібилігі кедергісіз жұмыс жасауға мүмкіндік береді.  Тағы бір қуанарлық жайт, Ақтөбеден барған мемлекеттік қызметшілер Елордада жоғары бағаланады. Жалпы, Нұр-Сұлтанда еңбек етіп, еліміздің көркеюіне сәл де болса үлес қосып жүргенімді мақтанышпен айта аламын.

Айбар БАЙМАНОВ,

Нұр-Сұлтан қаласындағы

 №3 «Талапкер» орта мектебінің тарих пәнінің оқытушысы:  

—  Ырғыздың Нұра ауылынан 2008 жылы отбасымызбен Нұр-Сұлтанға көшіп келдік. Біз келген жылдары қалада құрылыс қарқынды жүріп жатты. Алғашқы жылдары жазда  жауын-шашын көп, қыста аяз қатты болатын. Ал қазір ауа райы бұрынғыдай емес, қала да үлкейді. Биік-биік ғимараттар бой көтерді. Өзім де қалаға бауыр басып қалдым. Әсіресе, сәулетіне тамсанамын. Биік үйлері мен түзу, тәртіппен салынған көшелері ұнайды. Елбасымыз айтып жүрген «Мәңгілік ел» идеясы да қала құрылысында көрініс тапқан. Мәселен, қаланың бас символы ретінде халық ұғымындағы «мәңгілік өмір ағашы» саналатын «Бәйтеректің» бейнеленуі, «Мәңгілік ел» қақпасының болуы, Бейбітшілік және келісім сарайы —  осының айғағы. Бір сөзбен айтсам, қала құрылысы ұлттық идеямызбен сабақтасып жатыр.

Ұлттық құндылықтарды сақтау, мәңгілік ел болу —  бәсекеге қабілетті ұрпақтың қолынан келетін іс. Менің мақсатым —  өскелең ұрпақты заман талабына сай азамат қылып тәрбиелеу.  Қазір мектепте балаларға сабақ беремін. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистрантымын. Алға қойған жоспар көп. Елордада мақсатымның орындаларына сенімдімін.

 Базарбек ҚАМЫСБАЕВ,

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС менеджері:

—  Елордаға  2015 жылы келдім. Аз уақыттың ішінде қалаға тез үйренісіп кеттім. Бас қаланың  архитектурасы, мұндағы өмір қарқыны, адамдары, тіпті құбылмалы ауа райы да ерекше ұнайды. Қазір қаланың  туристік инфрақұрылымын дамытуға күш салынып жатыр.  Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты —  Елорданы іскерлік туризм орталығына айналдыру, туристер санын арттыру. Осы мақсатта әлемдік деңгейдегі іс-шаралар, фестивальдер, конференциялар мен көрмелерді ұйымдастырамыз. Мәселен,  қазан айында  Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) қалалық туризм бойынша 8-ші жаһандық саммиті өткізіледі. Бұл — бізге берілген үлкен мүмкіндік. Самиттің өтуі Елорданы Орталық Азияның жаңа туризм орталығы ретінде дамытуға, ірі халықаралық қауымдастықтар мен компанияларды тартып, олармен ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Бас қаланың  туристік әлеуетінің дамуына кішкентай болса да өз үлесімді қосып жүргенімді мақтанышпен айта аламын. Болашақта еліміздің астанасы әлем мойындаған туристік орталыққа айналады деп сенемін.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button