Денсаулық

Медициналық қызмет екі пакет арқылы  көрсетіледі

2020 жылдан бастап қазақстандықтар медициналық қызметті екі пакет арқылы алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Біріншісі — тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміБұл барлық тұрғындарға арналған, тіпті олар сақтандырылмаған болса да мемлекеттің қаржысына емделе береді, яғни алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек тегін көрсетіледі. Жалпы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек кіреді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы дерт кезінде кеңес алу, диагностикалық көмек, амбулаторлық дәрі-дәрмек, жоспарлы стационар мен күндізгі стационар тегін болады. Туберкулезге шалдыққандарға оңалту толық және тегін көрсетіледі, паллиативті көмек беріледі.

Екінші пакет — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру.  Бұл қалған тізімді қамтиды, яғни  МӘМС пакетіне кеңес алу-диагностикалық көмек, соның ішінде қымбат лабораториялық қызметтер, Бірінші пакетке кірмей қалған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационар мен күндізгі стационар, медициналық оңалту мен қалыпқа келу емі кіреді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмекті республикалық бюджет есебінен қаржыландырып отыр. Ал МӘМС пакеті төлемдер мен жарналар есебінен өтеледі. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлжан Медеубаеваның айтуынша, бүгінде Қазақстан бойынша төлемдер мен жарналардың жалпы соммасы 176,7 млрд теңгені құраған. Соның 7,9 млрд теңгесі Ақтөбе облысына тиесілі. Бұл қаражаттың барлығы Ұлттық банкте сақталып тұр. 2020 жылы ол сақтандырылған адамдардың еміне жұмсалады.

ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасына сәйкес, 1 маусымнан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін өсті. Осы тапсырманы орындау үшін Ақтөбе облысына 2,8 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінген. Жалақы мөлшері медициналық қызмет тарифтерін жоғарылату жолымен ұлғайтылды.

Медициналық қызметтің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізу кезінде  5 айда облыста  13 мыңнан астам кемшілік анықталған.  Емдеу мекемелеріне 146 миллионнан аса теңгеге айыппұл салынған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button