Жаңалықтар

Аудан әкімдері тағайындалды

Ойыл, Хромтау, Алға, Мұғалжар және Байғанин аудандарына жаңадан әкімдер тағайындалды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттардың  келісімімен облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ойыл ауданына Асқар Қазыбаевты, Хромтау ауданына  Нағымжан Алдияровты,  Алға ауданына Мамырғали Аққағазовты, Мұғалжар ауданына Асқар Шерияздановты және Байғанин ауданына Қайрат Отаровты әкім етіп тағайындады.

Асқар Қазыбаев 1962 жылы туған. Жоғары білімді. Еңбек жолын 1979-1980 жылдары Ойыл ауданында қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1994-1997 жылдары Қаратал ауылдық округі әкімі қызметін атқарған.1997-1999 жылдары Ойыл ауданы әкімінің орынбасары, одан кейін Ойыл аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы, 2010-2019 жылдары Ойыл ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Нағымжан Алдияров 1975 жылы туған. Жоғары білімді. Еңбек жолын 1997-1998 жылдары Ақтөбе қаласындағы «Аққайың» өндірістік кооперативінде аға бухгалтер болып бастаған. Маржанбұлақ  ауылдық округінің әкімі, Алға қаласының әкімі, Алға ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, 2017 жылдан  Алға ауданының әкімі қызметтерін атқарды.

Мамырғали Аққағазов 1964 жылы туған. Жоғары білімді. 1986-1988 жылдары Алға ауданында колхоз инженері болып жұмыс жасаған. Алға қаласының әкімі, Алға, Байғанин ауданы әкімдерінің  орынбасары, Байғанин ауданының әкімі,  облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Асқар Шериязданов 1968 жылы туған. Жоғары білімді. Еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №7 кәсіптік-техникалық училищеде қазақ тілі мен әдебиетінен  мұғалім болудан бастаған.Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы, облыстық шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау басқармасының бөлім басшысы, облыстық ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы, Алға ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Байғанин ауданының әкімі қызметтерін атқарды.

Қайрат Отаров 1968 жылы туған. Жоғары білімді. Алғаш еңбек жолын 1985 жылы Исатай ауданында жұмысшы болып бастады. Исатай аудандық салық инспекциясында бөлім бастығы, инспекциясы бастығының орынбасары, зейнетақы орталығы Ақтөбе облыстық филиалының директоры, «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ басшысы қызметтерін атқарған.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин тағайындалған аудан басшыларына тұрғындардың  әл-ауқатын көтеру, аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, ауылшаруашылық саласын дамытып, қосымша инвестиция көздерін тарту, жұмыссыздық санын азайтып, халықпен етене араласуды, олармен барынша жақын болуды тапсырды.

Сондай-ақ, қызметтеріне жаңа кіріскен басшылардың ісіне сәттілік тілеп, белгіленген міндетті жоғары деңгейде орындауларына сенімін білдірді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button