Жаңалықтар

Ономастика және туған тіл

Облысымыздағы ауылдар атының 95 пайызы, көшелер атауының 96 пайызы — қазақ тілінде.

Бұл жөнінде кеше облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен облыстық ономастикалық комиссияның кезекті отырысында айтылды. Отырысқа онлайн режимінде барлық аудандар әкімдерінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.

Комиссия мүшелері назарына алдымен Әйтеке би ауданындағы Тымабұлақ ауылының атын өзгерту жөнінде мәселе ұсынылды. Қазақ тіліндегі нұсқасында ауыл аты осыған дейін қате жазылып келген болса, облыстық ономастикалық комиссияның шешіміне сай, енді «Тұмабұлақ» болып дұрысталды.

Сондай-ақ жиында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева ономастика саласындағы жұмыстар, соның ішінде атауларды өзгертуді ғылыми тұрғыдан негіздеу бағытындағы істер туралы баяндады.

Гүлайым Төлебаева бүгінгі күні облыста елді мекендердің басым бөлігіне тарихи атауы қайтарылғанын және, сауалнамалар көрсеткендей, бұл бағыттағы жұмыстарға тұрғындардың 96,3 пайызы оң пікірде екенін атап өтті. Тарихи атауларды қайтару бағытындағы жұмыстар көне құжаттар, карталар, т.б. деректер арқылы жүргізілген.Бүгінгі күні идеологиялық тұрғыдан ескірген, өзгертілуі тиіс 27 атау ғана қалып отыр.

Басқарма басшысы мемлекеттік тілде жазылғанмаңдайшалар мен жарнамаларда кететін қателерге де тоқталды.

— 2019 жылғы алғашқы алты айдың ішінде 986 жарнама мәтініне мониторинг жүргізілді. Бақылау жұмыстары барысында 32 қате анықталып, бәрі де түзетілді, — деді ол.

Жиын соңында жаңа жобалар — «Ономастика тынысы» журналы мен «Ақтөбе облысы аумағында кездесетін топонимдер мен антропонимдер сөздігінің» тұсаукесері өткізілді.Аталмыш сөздікке аймақтағы елді мекендер, жер-су аттарының шығу тарихы, соларға байланысты зерттеу еңбектер, басқа да мәліметтер енген.

«Ономастика тынысы» журналы әр тоқсан сайын шығып, облыс орталығы мен аудандардағы кітапханаларға таратылады.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button