Жаңалықтар

«Нұрлы жер»: өтініштер 15 шілдеге дейін қабылданады

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»1 шілде күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы жаңа үйлерден баспана алу үшін өтініштер қабылдауды бастады. Үміткерлер «Нұр Ақтөбедегі» №1 шағын аудандағы  9, 24, 28, 39, 40, 44, 59-ші нөмірлі 3 және 4 қабатты тұрғын үйлерден пәтер ала алады. Жоспар бойынша құрылыс тамыз айында аяқталуы тиіс.

— Пәтерлер таза әрлеуде, яғни қоныстануға дайын күйінде беріледі. Бір бөлмелі пәтерлердің шаршы метрінің бағасы — 120 мың теңге, жалпы құны аумағына қарай 4 476 000-5 376 000 теңгенің аралығында болады. Екі бөлмелі үйлердің бағасы шамамен  6 885 000-9 450 000 теңге аралығында, олардың шаршы метрінің құны — 135 мың теңге. Ал үш бөлмелі үйлерді 8 799 700-10 894 000 теңгеге алуға болады, олардың шаршы метрінің бағасы — 130 мың теңге, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өкілі Мақсат Зайтов.

Барлық пәтер саны — 282. Олардың аумағы 37,3 шаршы метрден бастап 83,80 шаршы метрге дейін.

«Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шотыңызда үй құнының 20 пайызына тең қаражатыңыз болуы шарт және атыңызда бес жыл бойы үй тіркелмеген болуы тиіс. Несие бойынша үстемеақы — 5 пайыз. Несиені 19 жылға дейінгі мерзімге рәсімдеуге болады.

— Өтініштер тек банк салымшыларынан ғана қабылданады. Салымшылар жинақ шотында 300 000 теңге белгіленген сомасы бар болған кезде пулға қатысуға өтініш бере алады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға өтініштер baspana.kz сайты арқылы 15 шілдеге дейін қабылданады. 16 шілде күні салымшылардың ұпайлары есептеледі.  Өтінішті берген күн мен уақыты олардың иеленген балдары мен кезектілігіне әсер етпейді, — дейді М.Зайтов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button