Басты жаңалықтарӘлеумет

443 мыңға жуық адамның несиесі кешірілуі мүмкін

Еліміздегі несиесі бар кейбір адамдардың борышын мемлекет өзі төлеп беретін болды. Бұл шынында да мұқтаж азаматтар үшін үлкен көмек болғалы тұр.

«Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтар түрлі қиын жағдайларға байланысты өз мойнына алған кредиттік міндеттемесін орындай алмай отырған ахуал қалыптасты. Көптеген азаматтардың қаржы жүктемесі артып, шынайы табыстары төмендеп барады. Адамдар өз кредиттерін өтеудің жолын таба алмай отыр. Бұл мәселе 500 мыңға жуық адамның тұрмысына тікелей әсер етуде», — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент келтірген дерек бойынша, несиелердің 86%-ынан астамының мөлшері 1 млн теңгеден аспайды, берешектің орташа мөлшері – шамамен 300 мың теңге. Сенат депутаты Әлімжан Құртаевтың айтуынша, жаңа туған сәбилерді қоса есептегенде елдегі әрбір тұрғынның мойнында кемінде 330 мың теңге көлемінде қарызы бар. «Халықтың банктерге қарызы олардың жалақысынан гөрі 4 есе өсіп барады», — дейді ол.

«Қазақстанның басшысы ретінде адамдардың белшеден батқан қарыздан шығуға қауқарсыз екендігін көре отырып, бұған араласпай тұра алмаймын. Сондықтан Үкіметке бір реттік акция ретінде келесі шараларды қабылдауды тапсырдым: жоғарыда атап өткен санаттағы әрбір заемші үшін нақты және атаулы қаржылай көмек ретінде мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді», деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы 26 маусым күні «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Кімнің несиесі өтеледі? Қашан өтеледі? Қалай өтеледі? Мақалада осы сұрақтарға жауап беріп көреміз.

Кімнің несиесі өтеледі?

Қарыздары бойынша мынадай азаматтардың несиесі өтеледі:

·         Көпбалалы отбасылар;

  • Асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
  • Мүгедек балалары барлар мен 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер;
  • Атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар;
  • Жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жиырма тоғыз жасқа толмаған балалар.
  • Қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса;
  • Бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша біржолғы тәртіпте шаралар қабылданады.

Біріншіден, екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда азаматтардың жекелеген санаттары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешегі 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде өтелетін болады. Берешек сомасы (1 маусымдағы жағдай бойынша) 3 млн теңгеден аспауы керек.

Екіншіден, еліміздің барлық азаматтарының кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұл сомалары да есептен шығарылады. Дерек бойынша, қарыздарын мерзімінен бұрын өтей алмаған 5 миллионнан астам азаматтың айыппұлдары кешірілмек. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Сымайыловтың айтуынша, «берешегін төлеу мерзімінен 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша несиені беруге  және оған қызмет көрсетуге байланысты тұрақсыздық айыбы, комиссиялары мен өзге де төлемдері кешіріледі».

Несие қалай өтеледі?

2 шілде күні Үкімет сағатында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеден аспайтын қарызы бар азаматтардың берешегін өтеу механизмі әзірленгенін мәлімдеді. Бұл механизм бойынша алдымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың тізімін жасайды. Одан соң кредиттік бюролар, екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары осы тізімдегі азаматтардың берешегін салыстырып, тексереді. «Бұдан кейін Еңбек министрлігі тізімді нақтылап, Қаржы министрлігі мен Еңбек министрлігі ұйымдастырушылық және қаржылық сипаттағы тиісті шараларды қолға алады», —  деді Е.Досаев.

Сондай-ақ, Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген, кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар барлық  азаматтар үшін айыппұлдар мен өсімпұлды өтеу механизмін де дайындаған.

«Бұл механизм бойынша алдымен банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды дербес кешіруді бастайды. Бұдан соң айыппұлдар мен өсімпұл сомасының үштен екісінен астамы банктер мен микроқаржы ұйымдарының қаражаты есебінен есептен шығарылады. Бұл жұмыстарды екі айда аяқтау жоспарланып отыр», —деді Е.Досаев.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың 300 мың теңге мөлшеріндегі барлық қарызы мемлекет есебінен өтеледі. Оған негізгі борыш, сыйақы, айыппұлдар да кіреді.

Вице-Премьер Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, елімізде жоғарыда айтылған санатқа жататын 933 мың адам ҚР Еңбек және әлеуметтік қолдау министрлігінің базасында тіркелген. Оның ішінде 240 отбасы атаулы әлеуметтік жәрдемақы алса, 600 мың отбасы асыраушысынан айырылған. Алдын ала мәліметке қарағанда, 443 мыңға жуық адамның қарызы кешірілмек. Ресми дерек бойынша, жұрттың берешегін жабу үшін шамамен 105 миллиард теңге жұмсалмақ.

1 шілдедегі мәлімет бойынша және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылады. Есептен шығару екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарының есебінен жүргізілмек.

Қарыз қашан өтеледі?

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, кредит бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтардың борышын өтеу жұмысы 10 шілдеден кейін басталуы мүмкін.

«Біз қазір проблемалық кредиттердің облигацияларын шығару жұмысын бастап жатырмыз. Парламенттен өткеннен кейін, бұл жұмысты 10 шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, одан соң бірден қарызды өтей бастаймыз. Барлық жұмыс алдағы екі айда аяқталады деген ойдамыз», — дейді ол.

Енді табысы төмен азаматтарға қарыз берілмейді

Мемлекет басшысының айтуынша, несиелерді кешіру, жеңілдік жасау — бір реттік  акция. Елімізде тұтыну кредиттеріне қатысты қалыптасып отырған осындай жағдай енді қайталанбауы тиіс. Ол үшін тұрғындардың қаржылық жағдайын одан әрі нашарлатпау үшін  табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салынбақ. «Ұлттық Банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс», — деді Президент.  Ұлттық Банкке кепілсіз тұтынушылық қарыздар беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдау тапсырылды.

Ұлттық Банк төрағасы Сенаттың Қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша заң қабылдап, ел  Президентіне қол қоюға енгізгенін айтты. Бұл құжатта кредиттік серіктестіктерді, ломбардтар мен онлайн-кредиторларды қоса алғанда, барлық кредиттеу субъектілерін реттеу мен қадағалауды енгізу және халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбайтын өсуін шектеу көзделген.  Е.Досаевтың айтуынша, енгізілетін заңнамалық өзгерістер қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтіп, несие нарығындағы кейбір мәселелерді түп-тамырымен жоймақ.

P.S. Несиелерді  кешіру, жеңілдік жасау бір реттік акциясына қатысты қоғамда айтылып жатқан пікір көп. Сондай-ақ «еліміз тамыз айында жаңа валюта — алтынға көшіп, теңге құнсызданады, бұл — соның алдындағы ұпай жинау шарасы» деген секілді алып-қашпа әңгімелер де айтылып жатыр. Ұлттық Банк бұл қауесетке қатысты да өз пікірін білдірді: «Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде, сондай-ақ WhatsApp және басқа да мессенджерлер арқылы Қазақстанның 2019 жылғы тамызда жаңа валютаға — алтынға өтуі және теңгенің құнсыздануы туралы ақпарат таратылуда. Аудиохабардағы белгісіз дауыс кезекті рет қазақстандықтарды шұғыл тәртіппен жинақ ақшасын долларға айырбастауға немесе автомашиналарды, пәтерлерді және т.б. сатып алуға жаңа қарыздарды ресімдеуге шақыруда. Ұлттық Банк бұл ақпараттың экономикалық қаскүнемдікке шақыратын дәйексіз, арандатушылық ақпарат екендігін ресми түрде хабарлайды», — делінген ресми хабарда.  Ұлттық Банк жалған ақпараттың авторлары мен таратушыларын анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына жүгінген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button