БілімБасты жаңалықтар

Оқу жылы қалай қорытындалды?

Облыстың білім беру жүйесіне мемлекет тарапынан көп қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Бұған бір ғана мысал келтірсек жетіп жатыр: облыс бюджетінің 40 пайызы білім саласына бөлінеді. Осыншама қолдаудың лайықты қайтарымы да болуы керек.
Білім саласының жетістіктері қандай? Облыстағы білім шаңырақтары оқу жылын қалай қорытындылады, жаңа оқу жылындағы басымдықтар және білім саласына байланысты басқа да мәселелер туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен әңгімелескен едік. Сонымен…

ЖАҢА ЖҮЙЕ

Облыста 399 мектеп бар. Ондағы оқушы саны — 142 247 бала.
Жаңа талаптарға сай жаңартылған білім беруге көшуге басты басымдық беріліп отыр. Өткен оқу жылында 103 266 (72,6 пайыз) оқушы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алды. Жаңа оқу жылынан бастап 4, 9, 10-сыныптар жаңа жүйеге көшетін болады.
Облыстағы білім ордаларының екеуі үш тілде білім береді. Сондай-ақ, 233 пилотты мектеп ағылшын тілінде оқыту элементтері бойынша эксперимент режимінде жұмыс жасайды. Жалпы 236 мектеп үш тілде оқыту бойынша республикалық пилотты мектептер қатарына енді. Оның үшеуі – физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын білім шаңырақтары болса, қалғаны ағылшын тілі элементтерін кірістіріп оқытатын мектептер.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста дарынды жастарды қолдаудың өзіндік механизмі қалыптасқан, дарындылармен жұмыс жақсы жолға қойылған.
Өткен оқу жылында пән олимпиадалары, ғылыми жарыстар, шығармашылық байқауларға 1096 оқушы қатысып, олардың тең жартысы жеңімпаз атанды.
102 оқушы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда топ жарып, нәтижесінде 16 алтын, 20 күміс, 41 қола медаль иеленді.

ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ

Басқарма басшысының айтуынша, облыс мектептері үшін цифрлық білім беру ресурстары қолжетімді. Жалпы білім беретін мектептердің 100 пайызы кең жолақты интернетке, оның ішінде 93,7 пайызы жылдамдығы 4 мбит және одан жоғары интернет жүйесіне, 100 пайызы «Күнделiк» ақпараттық жүйесіне және «BBilimLand.kz� электронды білім беру контентіне қосылды.
74 робототехника сыныбы жұмыс істейді. 33 IT сынып және 1 технопарк ашылған. Сондай-ақ, биыл қосымша 15 ІТ сынып, 2020 жылы 25 ІТ сынып ашу жоспарланып отыр. Аталған 3D модельдеу, бағдарламалау, инженерлік графика, робототехника жиынтығымен жабдықталған сыныптарда 3 жылдың ішінде 25 мыңнан астам оқушы ақпараттық технология саласын меңгеріп, компьютерлік бағдарлама кешендерімен жұмыс жасауға мүмкіндік алатын болады. Ақтөбе қаласында №72 орта білім беретін оқу кешені — ІТ мектеп-лицей болып қолданысқа берілді. Жаңа ашылған ІТ мектеп-лицейде 900-ге жуық оқушы модельдеу және бағдарламалау негіздерін үйреніп, оқушылар жаңа үлгідегі компьютерлерде ақпараттық технология саласын меңгеретін болады.

БАЛАЛАР 1-СЫНЫПҚА ЭЛЕКТРОНДЫ ФОРМАТТА ҚАБЫЛДАНАДЫ

Білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі — балаларды 1-сыныпқа қабылдау. Мектепке қабылдау ережесіне сәйкес, 1-сыныпқа дайындық деңгейіне қарамастан, биыл 6 жасқа толатын барлық бала қабылдануы тиіс. Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидаларына сәйкес 6 жасқа толған балалар 1 тамызға дейін ғана балабақшада бола алады. Облыс бойынша жаңа оқу жылында 19 мыңнан астам бала бірінші класқа барады деп жоспарланып отыр.
Жаңа оқу жылында облыстың барлық мектептері балаларды 1-сыныпқа электронды форматта қабылдайды. Енді ақтөбеліктер mektep.akt_kz (Ақтөбе қаласының тұрғындары), eaktobe.kz (аудан тұрғындары) сайттары арқылы өз балаларын 1-сыныпқа қашықтықтан тіркей алады.
— Мектепке дейінгі мекемелерде болмаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар үшін білім беру ұйымдары оқу жылы басталғанға дейін даярлық курстарын ұйымдастырып жатыр. Ел аузында түрлі алып-қашпа әңгімелер жүр. 1-сыныпқа қабылдау кезінде емтихандар, тестілеулер, сынақтар, конкурстар деген болмайды. Мамандандырылған білім беру ұйымдары қосымша конкурс ұйымдастырып, білім деңгейіне байланысты оқушыларды іріктеп алады, — дейді Ләззат Оразбаева.

ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖОБА

Өңірде апатты жағдайдағы мектептердің ғимараттарын қайта салуға, күрделі жөндеуге және жаңартуға, сонымен қатар қазіргі заманғы жабдықтар мен барлық қажетті жайлылықтармен жабдықтауға үлкен көңіл бөлінуде. Бүгінде 6370 орындық 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның арқасында 12 үш ауысымдық, 2 апаттық және 8 ескі мектептің мәселесі шешілмек.
2019-2020 оқу жылында 3000 орындық 13 мектепті қолданысқа беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ақтөбе қаласындағы №9, №21, №27, №7 мектептердің жанынан қосымша нысандардың құрылысы жүргізілуде.
— 2020-2022 жылдарға республикалық бюджетті бекіту барысында басталған құрылыс нысандарының аяқталуын қоса есептегенде құны 10,5 миллиард теңгеге бағаланған 8 жобаға бюджеттік өтінім жолданды, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

ШАҒЫН АУДАН МӘСЕЛЕСІ: ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып отырған өзекті мәселенің бірі — Батыс-2 шағын аудандағы мектептердегі орын тапшылығы.
— Шағын ауданда тұрғын үй құрылысы жақсы жүруде және қоныстанушылар да көп, тұрғындар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Жергілікті атқарушы органдармен талдау жасалынып, қажетті мектеп құрылысы анықталды және ол үшін жер учаскелері қарастырылған. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы әкімдігімен Батыс-1 және Батыс-2 шағын аудандарынан 600 орындық екі мектептің құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға қаражат қарастырылып, жобалушыларды айқындау жөнінде конкурстық процедуралар ұйымдастырылуда. Құжаттар дайын болған соң құрылыс жұмыстары басталады. Сонымен қатар жеке инвестор есебінен мектеп құрылысын жүргізуге мүмкіндік бар. Қазір біздің басқарма қызметкерлері жеке инвесторларды іздестіру жұмыстарын жүргізуде, — дейді Ләззат Оразбаева.
Аталған мәселе шешілгенге дейін шағын ауданда тұратын балалар қаладағы №1, 23, 10 және «Сымбат» жеке мектептерде оқитын болады.

Біздің дерек

***
Облыс бойынша 22 740 педагог қызмет жасайды (мектепке дейінгі ұйым — 3255, жалпы орта білім беру ұйымдары — 17 163, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары — 2 322).

***
Биыл облыста 130 мыңнан астам оқушыға (96 пайыз) демалыс және сауықтыру ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қазақстанның және облыстың киелі және көрікті жерлеріне 15000 баланы саяхат жасауға жіберу жоспарланған.

29 673 БАЛДЫРҒАН КЕЗЕГІН КҮТІП ЖҮР
Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыста 537 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның 125-і — жеке балабақша. Онда 50 149 бала тәрбиеленуде.
1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту — 72,6 пайыз, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту — 98,8 пайыз.
Облыс бойынша 29 673 балапан балабақша кезегін күтіп жүр. Оның 91 пайызы — ақтөбелік балдырғандар.
— Кәсіпкерлермен бірлесіп, балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу жоспарланып отыр. Жоспарланған жұмыстар жүйелі жүзеге асса, жыл аяғына дейін 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамтылатын болады.
Облыс бойынша балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беру электронды форматқа ауыстырылды, қазіргі таңда электронды ресурс қолжетімді. Ақтөбеліктер өз баласының балабақшаға кезегін balabaqsha.akt_kz, (Ақтөбе қаласының тұрғындары), eaktobe.kz (аудан тұрғындары) сайттарында толық бақылай алады.
Бұл ата-аналарға баланың кезекке тұру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлықты болдырмайды. Балалар мекемелеріне кезекке автоматты түрде қою және жолдама беру бойынша іс-қимыл алгоритмі: ең алдымен ата-ана электронды цифрлық қолтаңба арқылы жүйеге кіріп, кезекке тұру үшін өтінішті толтырып, жібереді. Ал жолдама алатын кезде таңдау жасап, бос орын болған кезде жолдаманы ала алады. Ата-ананың бос орын болған жағдайда меншік нысанына, орналасқан мекенжайына қарамастан кез келген балабақшаны таңдау құқығы бар, — дейді Ләззат Оразбаева.
Мектепке дейінгі топтар мен сыныптардың балаларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік жинақтармен қамтамасыз ету әлі күнге шешімін таппай отыр.
— Мектепке дейінгі сатыда сапалы білім берудің маңыздылығын ескере отырып, қала, аудан әкімдеріне оқулықпен қамтамасыз етуді толығымен шешу тапсырылды, — дейді басқарма басшысы.

P.S.
Жаңа оқу жылында оқулықтарға тапшылық болмайды. Ағымдағы жылы жаңартылған мазмұндағы 4, 9, 10-сынып оқулықтары басылып шығарылады. Қажетті қаражат — 1,8 млрд теңге толық бөлініп, баспалармен келісімшарттар жасалған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button