Басты жаңалықтарМәселе

Телефонға телмірген тірлік

Қазір ұялы телефон, айфон секілді гаджеттер тұрмысымыздың бөлінбес бөлшегіне, анығы, жан қалтамыздың серігіне айналып үлгерді. Өмірімізді біраз жеңілдеткенін де мойындайық. Коммуналдық төлемдерді, басқа да сауда төлемдерін де смартфондардың тетіктерін басу арқылы, үйде отырып-ақ төлеп тастайтын болдық. Алайда телефонға телміргендер интернеттіңигілігінен гөрі ойынын ойнап, ал зиянын ойлап жатқан жоқ.

Сәл бұрынырақта қатарынан қалмасын деп баласына ұялы телефонның жаңасын алып беріп жүрген ата-аналардың дені қазір сол жеткіншектерді ғаламтор «қызықтарынан» ажырата алмай әлек. Тіпті, тілі шықпаған сәбидің өзі де қыңқылдап телефон сұрайды, бермесең, жылайды.

Балаларды телефонға бағынышты дейміз-ау, ересектердің өзі де әлеуметтік желінің жетегінде жүргендерін қайтерсің… Осы тақырыпқа біраз зер салып көрген едік.

Әлеуметтік желінің әлегі

Смартфоннан ажырай алмайтын, оған әбден тәуелді боп қалған адамдар фаббинг ауруына шалдығатын көрінеді. Бұл ауруға шалдыққандар смартфонмен ойын ойнамайды екен, алайда әлеуметтік желілерден шыға алмай, байланып отырады екен. Аурудың аты қайдан шыққан? Мынадай екі сөздің бірігуінен шыққан екен: phone (телефон) + snubbing (мән бермеу) = phubbing, яғни, фаббинг. 2012 жылы McCann жарнама агенттігінің қызметкері бұл терминді ойлап тауып, осы аурумен күресетін STOP PHUBBING компаниясы мұны шартарапқа жария еткен. Аталған компания өз сайтында мынадай қызықты ақпарат жариялаған:

Компания фаббинг ауруы тараған елдердің тізімін жасағанда, АҚШ пен Ұлыбритания елдері көш бастап тұр екен.Смартфонға есі кеткендер тамақтың дәмін сезбей, нәрін де бойына сіңіре алмайды. Сондықтан олардың 97 пайызы арық болады екен. Әлемде жасөспірімдердің 87 пайызы достарымен онлайн-хабарлама арқылы сөйлескенді жөн көреді. Фабберлердің басым көпшілігі смартфонды сөйлесу үшін не қызықты қысқа видео көру үшін, болмаса ән тыңдау үшін, енді бірі Google-дың қызметтерін пайдалану үшін қолданады.

Әрине, смартфондар іш пыстырмайды. Алайда зерттеушілер смартфондарды үнемі қолдану өмірімізге елеулі әсер етіп жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр.

Біз де осы орайда Ақтөбе тұрғыны, психолог Мейрамгүл Есенғұлованың пікірін білген едік.

  • Әрине, смартфонның пайдасы да жетіп артылады. Расында, қазір адамдар бетпе-бет әңгімелесуден гөрі, әлеуметтік желілер арқылы хабарласқанды жөн көреді. Тіпті, соны уақыт жағынан тиімді деп, қолдайтындар да табылады. Дегенмен, хабарлама жіберу ыңғайлы көрінгенімен, бұл жерде эмоция көрінбей қалады, анығы жетіспей тұрады. Соның салдарынан айтылған сөзді елемеу, оған ден қоймау секілді жағымсыз қасиеттер қалыптасады. Екіншіден, смартфондар шаруаларды реттеуге мұмкіндік беретін құрал боп есептелінсе де, шын мәнінде бұл еңбек өнімділігіне көп кедергі келтіреді. Хабарламалар, қоңырауларға алаңдау, бір сөзбен айтқанда, смартфонға тәуелділік қолға алған іске толықтай ден қою қабілетін жояды екен. Үшіншіден, ғаламторда бәрі дайын тұрғандықтан ешкім ойланып, бас қатырып жатпайды, содан ми жұмысы тежеліп, ал адам дүмшелене береді. Мамандар алаңдаушылық білдіріп отырған тағы бір жағдай, ол — шынайы өмірден қол үзу. Әркез қолындағы телефонға телміріп отырғандар қоршаған ортаның әсемдігін байқамақ түгілі, жанындағы адамды да елемей қалатын кездер де болады. Ең қорқыныштысы да — осы, — дейді психолог Мейрамгүл Есенғұлова.

Алайда ол «Заманауи гаджеттер — қазіргі таңда қоғамда байланысты орнатып тұрған негізгі құрал, оларды шектен тыс пайдалану адамның жүйкесіне кері әсер ететіні бесенеден белгілі. Оларға мүлдем шектеу қойып, тығырықтан шыға алмаймыз», — дейді. «Негізі, ересектерге қарағанда, балалар жаңалық қабылдауға бейім тұрады. Оң-солын ажыратпақ түгілі, тілі де шыға қоймаған кішкентай балаларды смартфонға ата-аналардың өздері үйір қылады. Телефон немесе басқа да гаджет түрлерін қолданудың өзіндік тәртібі болады. Соны сақтай отырып, белгілі бір уақыт аралығында ғана қолданып, қажеттілігіне жаратса, жақсы ғой. Меніңше, интеллектісі жоғары азаматтар ұялы телефон, смартфондардың құлы болмайды, керісінше, өз қажеттілігіне пайдаланып, сол арқылы шаруасын тындырып отырады. Бұл жерде ересектер өздерінің ерік- жігерімен күресе білуі қажет. Қазір осындай гаджеттердің адамдардың бірімен- бірі қарым-қатынас орнатуына, адами әңгімелесуге ықыластарының азайып бара жатқанына себепкер. Өйткені, әркім өз әлемімен әлек. Ал балаларды оң жолға бағыттап отыратын — ата анасы, үлкендер. Сондықтан да үлкендер жағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын қадағалап, бала тәрбиесіне аса ұқыпты қараулары қажет», — дейді Мейрамгүл Есенғұлова.

Расында да қазір адамдардың дені өз күнін сол қолындағы ұялы телефондардағы қосымшалар арқылы әлеуметтік желілерді бір ақтарып шығудан бастайды. Орта есеппен әр адам күніне 8-9 сағат компьютер, ноутбук, смартфон секілді құрылғылардың алдында уақыт өткізеді. Зерттеулерге сүйенсек, қолданушылардың 81 пайызында құрылғылар тәулік бойына қосулы тұрады. Оның жартысы ұялы телефондарын үнемі қолданады екен. Ал әлеуметтік сауалнамалар көрсеткеніндей, 18-24 жас аралығындағы жастардың 44 пайызы смартфондарын жастығының астына қойып ұйықтайды. Сауалнамаға қатысушылардың дені смартфон серігіне айналғалы бері ұйқыларының бұзылғанын айтыпты.

Ал сіз не дейсіз, замандас? Екінші рет берілмейтін өз өміріңізді телефонға телміріп өткізіп, бірдеңені жоғалтып жатырмын деп ойламайсыз ба?

Шектеу қоясыз ба?

«Нью-Йорк таймс» газетінің тілшісі Ник Билтон Apple компаниясының қожайыны Стив Джобсқа көзі тірі кезінде: «Сіздің балаларыңыз айпадқа есі кетіп қуанатын шығар?» деген сұрақ қойған ғой, «Олар оны пайдаланбайды. Үйде біз балалардың айпадпен отыру уақытына шектеу қоямыз», — деген жауап алыпты. Сол гаджеттерді ойлап тапқан адамның өзі балаларының денсаулығына алаңдаушылық білдіріп отырғанда, адамзат тарихына интернет игілігін ұсынатын құралдардың да соншалықты зияны барын аңғару қиын емес. Осы орайда кез келген нәрсені шектен тыс пайдаланудың кері әсер ететінін есте ұстаған абзал.

Алайда «Балаларымызға шектеу қойып, қолындағы телефон, смартфондарды алып қоятын болсақ, олардың ерекше ашуланып, жылап, мазамызды қашырады» дейтін де ата-аналар бар. Сол тыныш болсын деп, баланың қолына телефон ұстата қоятынымыз да жасырын емес.

Тіпті, алты айға толмаған баласына әлди айтып, бесік жырымен ұйықтатудың орнына, смартфондағы әуенді қоса қойғанды тәуір көретініміз де бар.Ал психологтар соңғы кездері туа сала гаджетпен көзі ашылған балалардың сөйлеуден бұрын ойнауды үйренетіндерін, бұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтып, үлкен мәселе көтеріп жүр.

Зерттеушілердің айтуынша, осындай тәуелділік әсіресе жасөспірімдер арасында белең алып тұр. Қазақстанда әрбір бесінші баланың үшеуі бар уақытын телефонға арнайтын көрінеді.

Дәрігерлер мен психологтар баланың ұйықтар алдында телефондағы ойындарды ойнауы жүйкенің тыныштығын бұзатынын айтады.

Осы орайда мына бір қызықты деректі келтірейін.Twitter-дің атқарушы директоры Дик Костоло өзінің жасөспірім балаларына гаджеттерді тек қонақ бөлмеде ғана ұстатып, жатын бөлмеге әкелуге рұқсат бермеген көрінеді. Бұл жерде де баласының денсаулығына алаңдайтын ата-ананың әрекетін аңғару қиын емес.

Сауалнама

  1. Балаңыз неше жастан бері смартфон қолданады?
  2. Смартфонда отыратын уақытына шектеу қоясыз ба?

Гүлмира Оразова,

Хромтау қаласының тұрғыны:

  • Ұлымыз қазір екінші сыныпқа көшті. Мектепке барғалы әкесінің телефонын алып, ойындар көшіріп алып, ойнайтын болды. Керегін өзі жазып алады. Алайда әкесі екеуміз не көріп жатқанын қадағалап отырамыз. Смартфондарда баланың не іздегені, не көргені, бәрі сақталып қалады, соны тексеріп қоямыз. Үйге келген аталарымен, әкесімен, басқа да аға-әпкелерімен шахмат ойнап жүрген ол басында смартфоннан да сол ойынды көшіріп алып, ұтса, мәз боп жүрді. Қазір Том мысығы ойынын көреді. Әуелгі кезде уақытына шектеу қойғанымызда қатты ашуланып, жылайтын. «Көзің, басың ауырады» деп түсіндіріп айтқан соң, көп ойнамайды. Әрі өзіне смартфон алып берген жоқпыз. Қалған уақытында үйдегі ойыншықтарымен ойнайды. Негізінен далаға шығып, көрші балалармен ойнағанды жақсы көреді.

Айгүл Күзембаева, көпбалалы ана.

Мұғалжар ауданы, Еңбек ауылының тұрғыны:

  • Төрт балам бар. Балаларым екі жастан бастап смартфонның қызығын көріп жүр. Ән тыңдайды, ойын ойнайды. Үйдегілердің қайсысы болса да, әуелгі уақытта баланың әуенге билегенін, бірінші рет телефон экранын жылжытқанын қызық көріп, смартфондарды еріксіз сол кішкентайларға ұстата қоятынбыз. Кішкентайым қазір 6 жаста. Ол да ұялы телефонның жетегінде кетіп бара жатқанын байқадым. Гаджеттердің зиянын естіп-біліп жүрсек те, шектеу қоюға келгенде тосылып қалатын жайымыз бар. Әрине, қолым жұмыстан босай қалса, балаларға көңіл бөлуге тырысамын. Сол кезде қолындағы ұялы телефондарын тастатып, басқа тапсырмалар беремін.

Смартфон. Бала. Бос уақыт

Әлем зерттеушілері 10 жыл бойы күніне жарты сағат телефонмен сөйлескен жанның глиома дертіне шалдығу қаупі 40 пайызға артады десе, эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сынды дерттердің асқынуын тікелей телефонмен байланыстырады. Көру қабілеті нашарлап жатқан жасөспірімдердің саны соңғы он жылда күрт көбейген.Көз дәрігерлері 5 жасқа дейінгі балаға гаджетті мүлдем беруге болмайды деп үзілді-кесілді тыйым салып отыр. Ал 5 жастан бастап 8 жасқа дейінгі балаға тәулігіне бес-ақ минут ұстатқан дұрыс екен. 10 жасқа дейін 8-10 минут, 15 жасқа дейін 15 минут қолданғаны абзал. 18 жасқа дейін жарты сағаттан артық қолдануға болмайды. Былтыр медициналық тексеруден өткен елордалық 139 мың оқушының 12 пайызының көзі нашар көретін болып шыққан. Осыдан-ақ, денсаулыққа қалай әсер етіп жатқанын көруге болады.

Ал гаджеттердің радиациясын ойлап жатқан ешкім жоқ. Қауіпсіздік шараларын ескермегендіктен кейде ұялы телефондардың жарылып кетіп жатқан оқиғалар да кездесіп жатады. Әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, еліміздегі оқушылар арасында бас ауруы жиілеп, есте сақтау қабілеттері төмендеген жағдайлар артқан.

Осы орайда балалармен етене жақын араласып жүрген педагогпен де сөйлесуді жөн көрдік. Қандыағаш қаласындағы «Зияткер» оқыту орталығының басшысы, педагог Айымгүл Ерғалиева да бізге орталығына келетін оқушылардың ата-аналары негізінен балаларын сол ұялы телефондардан ажырату мақсатында, керісінше, бос уақыттарында пайдалы бірдеңе үйренгендерін қалап, алып келетіндерін айтады.

  • Біздің орталықта сурет салу, қолөнер, робототехника, мектепке даярлық секциялары жұмыс істейді. Айтпақшы, логопедіміз де тілінде ақауы бар балалармен жұмыс істеу барысында тілі шықпай жатып, телефонға телмірген балалардың сөйлеуге талпынбайтындарын, тілдері кеш шығып жататындарын айтып отырады. Ал ата-аналар смартфоннан ажырату мақсатында балаларының сурет салғанын, қолөнерге бейім болғандарын қалайды. Жаңа технологиялардың қарыштап дамығаны соншалықты, балалар да жаңа құрылғыларға әуес. Робототехника секциясына қызығып келіп жатқандар да бар. Мұнда олар робот құрастырып, оны тесттен өткізеді. Қазіргі балалар тез жалығады. Әзірге баласының болашағына алаңдайтын ата-аналар ғана балаларын қосымша үйірмелерге беріп жүр. Біздің үйде де төрт бала бар. Шынымды айтсам, бәрі де мектеп жасындағы балалар болғандықтан, солардың бірдеңеге қызығып, жан-жақты болғанын қалағандықтан осы орталықты ашқан болатынбыз. Педагог ретінде де айтарым, балалардың жаман әдеттерге бой алдыруға бос уақыттары болмағаны дұрыс. Бірдеңеге қызығушылығы бар бала смартфонды тек қажеттілікте ғана қолданады,— дейді педагог Айымгүл Ерғалиева.

Хадистердің бірінде: «Балаңа тәрбиеден артық мұра қалдыра алмайсың» деген сөз бар. Ал сіз балаңызға қаншалықты көңіл бөліп, қалай тәрбиелеп жүрсіз?

P.S. Шыны керек, бала түгілі ересектердің де уақыттарының көбін осы телефонға шұқшиып отырумен өткізетіні анық. Ал жас ұрпақ тек телефонға телмірген ата-анадан не үйренеді? Ең қорқыныштысы сол, адами байланыстар азайып барады. Айталық, бір үйдегі үш-төрт адамның бәрі де кешке бас қосып, дастарқан басында мәре-сәре болудың орнына, әрқайсысы қолдарындағы гаджеттерге үңіліп, өз әлемдерімен әлек. Өзгеде шаруасы жоқ. Ал сіздің үйдегі жағдай қалай, жан-жағыңызға қарайсыз ба?

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button