Жаңалықтар

Алматыда Мөңке бидің көшесі бар

Сүйінші!

Алматыдан қуанышты хабар жетті. Оңтүстік астанамызда өз заманының қайраткері, дала данышпаны, би һәм әулие Тілеуұлы Мөңке атына көше беріліпті. Бұл жаңалықты Алматыда тұратын азамат Бақытжан Қосанов жеткізді. Көшені бағыттайтын белгінің суретін де салып жіберіпті.

Шаһардың Алатау ауданында орналасқан Мөңке би көшесі Жұмағали Сайн, Бауыржан Момышұлы көшелерін қиып өтіп, Фариза Оңғарсынова көшесіне барып тіреледі екен. Қарама-қарсы бағыттағы үш-үш жолақтан алты жолақты құрайтын кең көшенің әзірге ұзындығы 6 километрден асады. Әзірге дейтініміз, Алматы қаласының бас жоспары бойынша, бұл көше әлі ұзартылып, Бішкек тасжолына барып тоғысатын көрінеді.

Ақтөбедегі біздер Мөңке биге көше атауын қай қаладан берсе де артық болмайды дейміз ғой. Алматылықтар да осындай ұстанымда екен. Олай дейтініміз, қалалық әкімдіктегілер мен қалалық ономастика комиссиясы мүшелері тарапынан ешқандай кедергілер болмапты. Мөңке биге көше атауын беру жөніндегі игі істің бастамашысы да, қажетті құжаттарды әзірлеп, тиісті орындарға жеткізушісі де болған Бақытжан Қосановпен тілдескен едік.

— Бұрын ел жақта ғана айтылып жүрген Мөңке бабамыз қазір бүкіл Қазақияға танылып қалды деп ойлаймын. Сондықтан қарсы бола қоймас деген оймен 2016 жылы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке Мөңке атамыздың атына көше сұрап, хат жаздым. Әкімдіктегілер бұл ұсынысты қолдайтындықтарын айтып, бірақ Мөңке биге қатысты архивтік мәліметтер, дәлелдер келтіруімді сұрады. Содан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына барып, өтініш бердім. Сол жылы 2 ақпанда институт директоры Әбжановтың атынан мынадай жауап келді:

«Қазақстандық құрылыс материалдары

өнеркәсібі қауымдастығы

президентінің кеңесшісі

Б.Б.Қосанов мырзаға

Құрметті Бақытжан Баймұратұлы!

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2016 жылдың 1 ақпандағы хатыңызбен мұқият таныса келіп, хатта көтерілген мәселелер туралы төмендегіні хабарлайды:

  1. Мөңке Тілеуұлы — шамамен XVII ғасырдың соңы — XVIII ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген тарихи тұлға. Мөңке Тілеуұлының есімі алғаш 1748 жылы қазақ-орыс қарым-қатынастарына байланысты құжаттарда кездеседі. Тарихи деректерде Әбілқайыр хан дүние салған соң Нұралы ханның билігін тану туралы Елизавета Петровнаға жазылған хатқа Орта жүздің беделді адамдары Жәнібек тархан мен керей Наурыз би бастаған топпен, сондай-ақ Кіші жүздің 30 би, батырларымен бірге қол қойған (Казахско-русские отношения в XVI – XVIII веках (сборник документов и материалов) — Алма-Ата, 1961, стр. 409-410.).
  2. Мөңке би өз заманында «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би», келер күнді айнытпай болжайтын сәуегей және дала даналығынң көрінісі іспетті ой-тұжырымын тағылымды поэтикалық жырға айналдырған жырау ретінде танылды. Мөңке хақында Нұржан Наушабаев, Балқы Базар, Нұрпейіс Байғанин және тағы басқалар сөз қозғап, өлең арнады. Оның көркем бейнесі Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы мен «Ел қорғаны» пьесасында, Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романында көрініс тапты. Мөңке бидің өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы әр жылдары А.Жұбанов, Т.Кәкішев, С.Негимов, Б.Адамбаев, Қ.Сыдиықұлы, М.Тілеужанов, С.Байменше, Б.Омаров, Ж.Асанов, К.Төлеубайұлы, М.Құл-Мұхаммед, тағы басқа да ғалымдар ғылыми-зерттеу еңбектерін жазды.

3.Мөңке Тілеуұлының есімін елді мекендер мен көшелерге беру ісі Тарих және этнология институтының құзырына жатпайды. Елді мекендерге тұлғалар есімін беру ісімен жергілікті облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар мен ономастикалық комиссия айналысады.

Қосымша тарихи деректен екі бет көшірме жібердік.

 

Институт директоры

т.ғ.д., профессор                                                                                    Х.М. Әбжанов»

 

Бұған қоса, дәйекті дерегіміз көп болсын деп А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына бардым. Институттың ономастика мәселелері бөлімі бар екен. Институт директорының орынбасары Сансызбай Мәдиев азаматтық танытып, көп жәрдем берді. Кезінде өзі де Тілеуұлы Мөңке биден кандидаттық диссертация қорғағысы келген екен. Бірақ белгісіз себептермен тақырып бекімей қалыпты. Аталмыш институт лезде Мөңке биге қатысты деректерді келтіріп, көше атауын беру туралы хат дайындады.

Жинаған барлық материалдарым мен деректерімді алып, Алматы қаласының тілдерді дамыту басқармасына бардым. Басқарма басшысы Мамай Ахетов те Мөңке бидің атына көше берілуі тиіс дегенді айтты. Алайда, сол кездері елді мекендер мен көшелерге атау беруге уақытша моратория жарияланғандықтан созылыңқырап кетті. Дегенмен, 2018 жылы 22 тамызда Алматы қаласының әкімдігі Алматы қаласы әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының 2018 жылғы 18 мамырдағы және Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2018 жылғы 10 шілдедегі қорытындылары негізінде қаулы алып, Алматы қаласының мәслихаты шешім шығарды.

Бар болғаны Қазақстандық құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығы президентінің кеңесшісі қызметін ғана атқаратын Бақытжан Қосановтың Алматы қаласынан Мөңке биге көше атауын алуын үлкен жұмыс деп бағалап, біз де құттықтадық. Мөңке бидің атына Ақтөбе қаласында көше беру, Ақтөбе қаласындағы 101-атқыштар бригадасы көшесінде тұрған ескерткішті жасату, Шалқар ауданындағы Қайыр ауылын Мөңке би ауылына өзгерту жұмыстарына Бақытжан Баймұратұлының Алматыда тұрып-ақ өлшеусіз үлес қосқанына куәміз. Қазақстан Республикасы Орталық ғылыми кітапханасынан, түрлі архивтерден Мөңке биге қатысты қажетті материалдарды тауып, зерттеу еңбектері мен кітаптар авторларын қамтамасыз етіп отырды. Өткен жылы Шалқар ауданындағы Мөңке би ауылындағы саябақта қойылған би ескерткішін мүсіншіге Қордайдың тасынан қашатып жасатып, өзі сәулетшісі болды.

— Мөңке би — шексіз ғой, — дейді Бақытжан Қосанов. — Мөңке бидің мұраларын жан-жақты зерттесе, талай ғылымға тақырып бола алады. Мөңке би — мәңгілік. Бүгінгі және кейінгі ұрпақ баба мұраларынан тағылым алып, тәрбиеленіп жатса, мәңгілік дегеніміз сол болмақ.

 

Бердібай КЕМАЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.        

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button