Басты жаңалықтар

Димаш концерттен түскен қаржының бір бөлігін Арысқа аударады!

29 маусым күні елорда төрінде әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті. «Астана Арена» стадионында өткен «Арнау» шоу-концертіне әлемнің түкпір-түкпірінен көрермен келді. Концерт ұйымдастырушыларының айтуынша, әлемнің 64 елінен 10 мыңға жуық тыңдарман кеш билеттерін сатып алған. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Австралия, Швейцария, Малайзия, Сингапур, Африка, Египет, Израиль және Марокко сынды алыс мемлекеттерден келгендер бар. Польшаның өзінен 20-ға жуық адам келген.

—  Концерттің басты ерекшелігі — оның өз Отанымда өтуі, — дейді Димаш отандық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Концертінде жаңадан жазылған қазақ тіліндегі әндерден бөлек, америкалық және еуропалық композиторлардың Димаш үшін арнайы жазылған шығармалары орындалды. Димаш сахнаға алып шыққан әрбір әніне ерекше этюдтер, жеке қойылым дайындаған. Жоғары деңгейдегі қойылымдық нөмірлер үшін балет труппасына халықаралық алаңдарда өнер көрсетіп жүрген  еліміздің ең үздік бишілері мен акробаттары тартылған, олардың ішінде  «Notre dame de Paris» мюзиклінің әртістері,  «Танцы на ТНТ» жобасының қатысушылары және батуттық  гимнастика бойынша спорт шеберлері бар. Талғамы жоғары әншінің жеке концертінің дайындығына 500-ден астам жоғары кәсіби маман тартылып, кеш үшін арнайы 150 сахналық костюм тігілген.

— Концертке дайындық мерзімінде  әуеде жалпы қашықтығы 150 мың шақырым  болатын 50 рейс жасалды. «Арнау» концерті үшін 200 кВт дауыс, 600 шаршы метр лэд-экран, 1000 жарық құрылғысы қолданылды, — дейді «Қазақстан» РТРК» АҚ Коммерциялық директоры Жаннұр Айдарбекова.

Осы күні елордадағы «Мәңгілік ел» қақпасының галереясында әншінің шығармашылығына арналған көркемдік жұмыстар көрмесі ашылды. Көрмеге кәсіпқой және әуесқой суретшілер, таяу және қиыр шет мемлекеттердің сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қатысты. Олардың қатарында Қытай, Финляндия, Түркия, Сирия, Швеция, Аргентина, Америка, Ресейдің Мәскеу, Луганск, Кемерово, Якутск, Грозный қалаларының өкілдері бар. Бұдан басқа, ҚР Суретшілер одағының мүшелері, Қазақстанның түрлі өңірлерінен көркем өнер жоғары оқу орындарының студенттері де қатысты.

Димаш концертінен түскен қаражаттың бір бөлігін Арысқа көмек ретінде аударатынын айтты.

— Жақында Арыста болған оқиға менің жаныма қатты батты. Тіпті елімде осындай жағдай болып жатқанда концерт беру ыңғайсыздау секілді көрінді. Алайда шетелден шақырылып қойылған қонақтар бар,  арнайы келушілер бар, соларды ескеру керек болды. Сондықтан Арысқа көмек ретінде осы концерттен түскен қаражаттың бір бөлігін аударамын деп шештім. Бұл сіздердің де көмектеріңіз боп саналады,  ағайын, —  деді Димаш концерт барысында.

Димаштың Астанадағы концерті шетелдік телеарнадан көрсетілмек. Ал қазақстандық көрермен үшін 6 шілде күні «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button