Жаңалықтар

Маңызды нысандарды аралады

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин сенбі күні қаланы аралап, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жұмысымен танысты.

Қала басшысы барлығы 10 нысанда болды.

Облыс орталығының сан салалы тіршілігі қала тізгінін енді ғана қолға алған жаңа басшының қызу іске кірісуін күтіп тұрғандай еді. Сондықтан да ұжымдардағы әрбір кездесу мазмұнды және мағыналы өтті.

«Жолаушылар автотранспорты кәсіпорны» (ПАТП) ЖШС директоры Ерлан Блиев қала әкіміне жолаушылар тасымалына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен орын алған проблемалар туралы баяндады. Бұл парктен күн сайын қызмет ету желісіне 140-150 автобус шығады. Кәсіпорынның балансында 178 автобус бар.

— Қазіргі уақытта паркті жаңғырту мәселесі талқылануда. Жолаушылар тасымалы мөлшерінің артуына тереңірек зерттеу жүргізгеннен кейін сыйымдылығы жоғары автобустар алуды қарастыратын боламыз, — деп атап көрсетті ЖШС директоры.

Кәсіпорын басшысы 6, 11, 16, 17-бағыттардағы автобустарда орын алып отырған проблемаларды алға тартты. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданына қатынайтын автобустарға қатысты да түрлі мәселелер бар.

Негізінде автобустардың жүру кестесі көпшілікті қанағаттандыратын секілді, алайда тұрғындар үлкен автобустардың болуын қалайды.

Қала әкімі Мавр Абдуллин автопарк басшылығына бірнеше нақты тапсырма берді. Оның біріншісі  жолаушыларды электронды билетпен қамтамасыз ету жүйесін орнатуға қатысты болды. Бұл үшін тартылған инвесторлар қаржысы есебінен валидаторлар алу мүмкіндігін ойластыру керек.

Екінші тапсырма — кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жақсарту, бұл ретте өндірістік аймақтарды жарақтандыру мен жөндеуді де қамту маңызды. Сондай-ақ, автобустардың қозғалыс аралығын және тазалығын қатаң бақылау қажет.

Қала басшысы бірқатар проблемалық маршруттарды «Автопарк» ЖШС-на беру мүмкіндігін қарастыру арқылы мәселені шешуге болатынын атап көрсетті.

Жолаушылар тасымалы мәселесі бұдан әрі «Автопарк» ЖШС-да жалғасты. Кәсіпорын құрылтайшысы Мейіржан Өндіргенов атап көрсеткендей, парк балансында 400 автобус бар, оның 170-і күн сайын қала көшелеріне шығады. Барлығы 300-дей жүргізуші 25 маршрутта қызмет көрсетеді.

Қала басшысы жөндеу аймағында болып, жұмысшылармен тілдесті, күнделікті атқарылып жатқан жұмыс аумағымен танысты. Мұнда күнделікті рейске шығатын автобустар жұмыс ауысымы аяқталған соң міндетті түрде көлік жуу пунктінен өтіп, келер күнге жолға шығуға дайын тұратындығы айтылды.

Қала әкімі бұдан кейін «Ақбұлақ» және «Трансэнерго» акционерлік қоғамдарында болып, кәсіпорын басшыларымен және қызметкерлерімен кездесті.

«Ақбұлақ» АҚ президенті Асқар Қыстаубаев кәсіпорынның негізгі қызметі су құбыры-кәріздік жүйелерді пайдалану, Ақтөбе қаласының тұрғындары мен кәсіпорындарын ауызсумен қамтамасыз ету, ағынды суды тазалау мен бұрма құбырларды қалыпты ұстау екенін атап көрсетті. Сумен қамтамасыз ету тәулігіне қуаттылығы 181 мың текше метр шамасындағы бес жерасты су көзінен жүзеге асырылады.

Су қалаға жалпы ұзындығы 840 километр су құбырлары арқылы беріледі. Ағындарды бөлу ұзындығы 482 километр өзі ағатын және қысымды кәріздік коллекторлар мен желілер бойынша жүргізіледі.

— Басты проблемалардың бірі — борышкерлерге қатысты. Біздің жауапкершілігіміздің аумағы құдықтарға дейін таралады, одан кейінгісі — пәтер иелері кооперативтері иелігінде, — деді кәсіпорын басшысы.

Қала әкімі кәсіпорынның қарыздарды қайтару механизмін ойластыруы қажеттігін айтты. Ол сондай-ақ, бау-бақшаларды заңсыз суаруға тосқауыл қою қажеттігін алға тартып, жауапты адамдарға бұл тұрғыдағы қажетті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

«Трансэнерго» АҚ президенті Нұрберген Игилманов қала басшысына ағымдағы жағдай туралы баяндады. Кәсіпорын бүгінгі күні Ақтөбе қаласы тұрғындарының үйлеріне жылу мен ыстық суды жеткізуші басты оператор болып табылады. Пайдаланылудағы жылу желілерінің магистралды және бөлу құрамдарын қоса есептегендегі жалпы ұзындығы 219 километр құрайды. Кәсіпорынның балансында 23 қазандық, 6 сорғы стансасы және 79 орталық жылу пункті бар. Қаланың әуе қалашығы және Қарғалы учаскелеріндегі екі жылу беру қазандығына қатысты проблемалар қозғалды. Бұдан басқа, абоненттік қарыздар мәселесі де айтылды.

— Бұл мәселелерді сындарлы түрде шешу керек, — деді қала басшысы. — Жұмысшылар мен слесарьларға еңбекақысын уақытында берумен қатар, кадр мәселесін қарастырудан бастаңыздар.

Коммуналдық қызметтермен проблемалық мәселелерді талқылау барысында 8- шағын аудандағы қаланың неғұрлым қозғалысы көп көшелерінің біріндегі жөндеу жұмыстары жайы қозғалды. «Трансэнерго» мекемесіндегі кездесуден кейін осында жиналғандар инновациялық технологияны қолданумен жөндеу-тазарту жұмыстары процесін көруге барды. Құбырларды тазалау және алмастыру жұмыстарын «Ақбұлақ»  АҚ тапсырысы бойынша «Ассана» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізуде. Мұнда құбырларды тазартқаннан кейін оны арнаулы лентамен орайды, бұл тозуға төзімділік пен коррозияға қарсы тиімділікті береді. Бұл шаруалардың барлығы жол жабындысын ашусыз жүргізіледі.

Қала әкімі «Ақжар-2» ауылы тұрғындарымен де кездесті. Мұнда жер телімі кезегіндегі тұрғындарға 2,5 мың учаске бөлінген. Қазіргі күні тұрғындар саны 10 мың адамға жетіпті. Өкінішке қарай, асфальт төселген көше біреу ғана, алайда тұрғындар санының күннен-күнге өсуіне байланысты ауылға қоғамдық көлік әкелу үшін, тағы да жол салу қажеттілігі туындаған. Қазіргі күні «Ассана-ЖолҚұрылыс» ЖШС осы жұмыспен айналысып жатыр. Жоспар бойынша, жол құрылысы 2020 жылдың шілде айында аяқталады.

Қала әкімі бұл күні Бекқұл баба ауылында салынып жатқан жол құрылысы барысымен де танысты. Ауылдың орталық көшесіне жол салу жұмыстары мамыр айында басталған еді. «Ерхат» ЖШС бұл істі мерзімінен бұрын, яғни алдағы шілде айында аяқтауды жоспарлап отыр екен.

Одан кейін қала басшысы Мәскеу ауданындағы бұрыннан бар көпірге жалғас жаңадан салынып жатқан көпірдің құрылысын барып көрді. Мәскеу ауданындағы көпірді кеңейтудің қажеттілігі туындап отырғаны туралы көптен айтылып келе жатқаны белгілі. Жаңа көпірді пайдалануға беру алдағы қыркүйек айына жоспарлаған.

Соңында қала басшысы «Трансэнерго» АҚ-ның жоғарыда айтылған проблемалары бар учаскелеріне барып көрді. Бұл жерлердегі жағдай бойынша кәсіпорын басшыларына тапсырмалар берілді.

Инесса ФАДЕЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button