Білім

Білікті маман — ұлт болашағы

Түлектер

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Білікті маман — ұлт болашағы» атты шетел тілдері факультетінің түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті.

Биыл аталған факультетті 119 түлек бітіріп отыр. Оның 36-сы — үздік диплом иегері. Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін факультет түлектерінің 90 пайызы жұмысқа орналасқан. Факультет 3 бакалавриат және 1 магистратура бойынша мамандар даярлайды.

Шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жас мамандарды құттықтап, үздіктерге диплом табыстады.

— Биыл біз үшін ерекше жыл. Ақтөбе қаласының 150 жылдығы тойланып, сондай-ақ Жастар жылы болып жарияланды. Көптеген қоғамдық-саяси өзгерістер болып жатыр.

Адам өміріндегі маңызды қадамдардың бірі — мамандық таңдау. Диплом алған соң, қоғамдық өмірге тікелей атсалысасыздар. Бүгінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлектері Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр.

Сіздер де таңдаған салаларыңызды әрі қарай дамытып, еліміздің дамуына, өркендеуіне сүбелі үлес қосасыздар деп сенім білдіремін, — деді Марат Тоқжанов өз сөзінде.

Бұдан соң ол университеттің бір топ профессорлық-оқытушылар құрамын облыс әкімінің Алғыс хатымен және  «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісімен марапаттады.

Олардың қатарында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор,  университет проректоры Қуанышбек Шүңкеев, еңбек ардагері, 1985-2000 жылдардағы шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі болған Найла Мұхаметхузина,

филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев, үздік факультет деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Мұхтаров,

экономика ғылымдарының докторы, профессор  Халел Құсайынов, медицина саласының үздігі, студенттік емхана меңгерушісі Жұмагүл Жұмағазина, т.б. бар.

Сонымен қатар салтанатты шараға университет түлектері, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин, Ақтөбе қаласындағы №13 мектептің директоры Асқар Күштаев, т.б. қатысып, түлектерге диплом табыстады.

Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Үздік диплом иегері атандым. Төрт жыл бойы біліммен сусындатқан факультет ұстаздарына алғысым шексіз.

Студенттік жылдарым қайталанбас қызықты сәттерге толы болды. Ең басты жетістігім — Президент атындағы шәкіртақыға ие болдым. Болашаққа үлкен жоспарларым бар. Ағылшын тілінен жеке курс ашып, ұстаздық жолды таңдағым келеді, — деді шетел тілі мамандығының түлегі Жансая Жазымбай.

Айта кетейік, биыл аталған университетті барлығы 3500-ден астам түлек бітірді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button