Басты жаңалықтарЭкономика

Өңірлік бағдарлама өзгеріс әкеле ме?               

Агроөнеркәсіп кешені

Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде «Ақтөбе облысының 2025 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенінің  даму  перспективалары» тақырыбында кеңейтілген жиын өтті. Оған облыс басшысы Оңдасын Оразалин қатысты. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, агротехникалық жоғары оқу орындары профессор-оқытушылары,  ғылыми орталық мамандары, шаруа қожалықтары басшылары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері осында бас қосты.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысы экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі 5 пайыздан аспайды. Өткен жылдың  қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 227 миллиард 500 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, оның 62 пайызы жеке шаруашылықтар үлесінде.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин: «Елбасы ауыл шаруашылығына  ерекше мән беріп, 5 жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыруды тапсырды. Соның ішінде Ақтөбе облысында агроөнеркәсіп кешенін құру туралы тапсырма берді. Басшылыққа келгеннен кейін суармалы егістік пен  мал азығын дайындауды жолға қоюды жоспарға енгіздік.Осы мақсатта ауыл шаруашылығы мамандарымен,ардагерлермен, шаруа қожалықтары мен мекемелерімен жұмысты біріге атқару керек. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына көзқарас түбегейлі өзгеруде. Бұл сала   бизнестің бір түрі ретінде қарастырылып, оған қатысушылар  табыс тапқысы келіп, жаңа технологиялар енгізіп жатыр. Оның үстіне, ауыл шаруашылығы бизнесіне жастардың көптеп келіп жатқаны бізді қуантады».

Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өңірлік бағдарламасын таныстырды.

— Өткен жылдың  қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 227 миллиард 500 миллион теңгенің өнімі өндірілген болса, оның  62 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтар үлесінде.  Облыстағы 25,3 миллион гектар  жайылымдық жердің 36,8 пайызыншаруашылықтар пайдалануда.

Мақсат — 2025 жылға дейін облыстағы ірі қара мал санын 1 миллион 200 басқа, жылқыны 230 мыңға, қой-ешкіні 2 миллион 600 мың басқа, түйені 24 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Мал басы санын арттыруға байланысты 21 миллион  600 мың гектар  жайылымдық жер қолданысқа енгізіліп, оған 1320  құдық  қазу керек.

2025 жылға дейін облыстағы егіс алқабын 1 миллион 112 мың гектарға жеткізу,  ауыл шаруашылығы техникаларын  8 пайызға дейін жаңарту көзделген. Сондай-ақ көкөніс өсіретін арнаулы шаруашылықтар үлесін 2025 жылға дейін 50 пайызға көбейтпекпіз. Өңірдің құрғақшылық аймағында орналасқандығын  ескере отырып, жаңадан 10 ірі және 22 орта деңгейдегі су қоймаларын  пайдалануға беру жоспары бар. Бұл өз кезегінде 67,7 мың гектар суармалы жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті.

Облыста  633 шаруашылық егіс, бау-бақшамен айналысса,  оның 13 пайызы ғана тыңайтқыштарды пайдаланған. Алдағы уақытта 38 пайызға дейін тұқым қорын жаңарту керек. Сүт өндіру көлемі — 36 пайыз ғана. Оның үстіне, сүт және ет өнімдерін өңдейтін  кәсіпорындар облыс орталығында орналасқан. Малдың терісі мен жүнін өңдеу өзекті мәселе. Ірі қара терісін алғаш өңдейтін кәсіпорын тек Мәртөк ауданында ғана бар. Бірақ ол  толық қуатында жұмыс істемейді. Облыста жүн өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылыми жобалар жөніндегі проректоры Шамшаддин Алжанов: «Малды дұрыс азықтандыру және  мал қораны климаттық жағдайға  бейімдеп  салу керек. Елімізде мал азығының құрамындағы протеин (белок) құрамын зерттеуге  көңіл аудармағанымызға 30 жыл болды.  Ірі қараның сүтін молайтып,  бордақылауға неше түрлі шөп, концентрат берсек те, нәтиже жоқ. Не мал  бордақыланбай қалады не сүттілігі көбеймейді. Өкініштісі, Қазақстанда мал азығымен шұғылданатын маман саны шектеулі. Көп шаруашылық шетелден маман  шақырады. Бірақ олар  жер жағдайын қазақстандық мамандардан артық біледі деп ойламаймын. Себебі, шөптің құрамы Украинада бөлек, Канадада бөлек. Жоңышқа, еркекшөптегі протеин құрамы бізде 17 пайыз. Украинадан келген маман мал азығын өз еліндегі рационмен белгілейді. Мәселе — азық  көлемінде емес, азық сапасында.  Өткен жылы далалық шөптерді лабораториялық зерттегенімізде, ондағы ауыр металдар құрамы қалыптағыдан 1,5-2 есе артық екенін анықтадық. Осы ауыр металдар малдың бауырына шөгіп, екі жылдан кейін асылтұқымды  сиыр ауырады, өнімділігі кемиді. Сол үшін малға берілетін жем-шөпке міндетті түрде сынама жүргізу керек. Жаман мал жоқ, жаман тұқым жоқ, жаман мамандар бар», —деді.

Қостанай облысындағы «Алтынсарино» ЖШС директоры,Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев бай шаруашылық құрудағы  идеяларымен бөлісті. Қазір облысымыздағы Әйтеке би ауданында  бидай өсіріп жатыр. Князевтің шаруашылығы 1999 жылдан бері  несие алмайды, еңбеккерлердің орташа жалақысы137 мың теңге. Еңбек өнімділігі 1 жұмысшыға—40 мың АҚШ долларынан келеді. Оның айтуынша, біздің жерімізде өсетін қатты сортты бидайдың дүниежүзі бойынша  сұранысы жоғары.

Осыдан кейін мамандар  мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы секцияларында  жұмыстарын жалғастырды.

 

Баян СӘРСЕМБИНА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button