Жаңалықтар

Ақтөбенің 9 кәсіпорны  республикалық байқауға қатысады

Қазақстанның үздік тауары

Нұр-Сұлтан қаласында  өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына Ақтөбеден 9 тауар өндіруші компания қатысады.

Жыл сайын өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының аймақтық кезеңіне биыл отыздан астам өндіруші компания қатысты. Ақтөбе қаласының Өнер орталығында облыс әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен аймақтық кезеңге қатысушылардың көрме-байқауы өтті.  Шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова, сондай-ақ бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдері, әлеуетті тапсырыс берушілер қатысты.

Қайрат Бекенов бастаған топ көрме-байқауға қатысушылардың тауарымен танысқаннан соң, аймақтық кезеңде жеңіске жеткен өндіруші компанияларды марапаттап, сөз сөйледі. Оның айтуынша, облыстық турдың жеңімпаздары Ақтөбе облысын республикаға таныстырмақ. Ең бастысы — байқауға қатысушылар «Қазақстанның үздік тауары» эмблемасын жарнамалық мақсатта төрт жыл бойы пайдалану құқығына ие болады. Бұл тауар өндірушілердің нарықта өз өнімдерін ілгерілетуге оң ықпалын тигізбек.

Елбасының Жарлығына сәйкес, отандық өндірісті дамыту және көрсетілетін қызмет сапасын үздіксіз арттыру мақсатында елімізде үздік тауар өндірушілерді анықтау байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Басты мақсат  — ел нарығын сапасы жоғары әрі бәсекеге қабілетті өніммен толықтыру, отандық және халықаралық стандарттар негізіндегі сапамен қамтамасыз ету. Бұл бағытта облыста жақсы жаңалықтар бар. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауында жеңімпаз атанған ақтөбелік тауар өндірушілерге талдау жүргізгенімізде, «Жаңа Әлжан» ұн комбинатының уақыт өте келе өз тауарларын экспортқа шығаратын ірі кәсіпорынға айналғанына көз жеткіздік. Ақтөбеде тағы да осындай, яғни рельс арқалығын шығаратын зауыт сияқты кәсіпорындардың өнімі бүгінде  ішкі және сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр, — деді Қ.Бекенов.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекет тарапынан ерекше қолдау бар. Елбасының «қарапайым заттар экономикасын» дамыту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында, отандық кәсіпорындарды қолдаудың жаңа тетігі — облыста жылдық үстемеақысы 6 пайызбен несие берудің мүмкіндігі туыпты. Биылдың өзінде облыста шағын және орта бизнесті дамытуға бюджеттен 7 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, облыстағы «Жаңа Әлжан ұн комбинаты», «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты», «Айс плюс», «WestLineDoors» сияқты көптеген кәсіпорындар әр жылдары «Қазақстанның үздік тауары» байқауының республикалық және «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары мен жүлдегері атанды.

Биыл байқаудың аймақтық кезеңін өткізу барысында өңдеуші салаларды қолдау мақсатында панельді сессиялар ұйымдастырылды. Тауар өндіруші компаниялардың басшылары мен өкілдеріне мемлекеттің қолдау шаралары, қаржы институттары арқылы несие алудың жолдары, индустриялық сертификатты алу ережелері, сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілерге мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы жаңашылдықтар да жан-жақты түсіндірілді. Биылғы көрме-байқауға аймақтан отыздан астам тауар өндіруші қатысып отыр, — деді Анар Даржанова.

«Қазақстанның үздік тауары» аймақтық кезеңіне қатысушылардың арасында нарықта өнімдері үлкен сұранысқа ие тәжірибелі кәсіпорындармен қатар, өз бизнесін жаңа бастаған тауар өндірушілер де бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік тауар өндірушілер «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша таңдалды. Сараптау комиссиясының шешімімен «Қазақстанның ең үздік тауары-2019» облыстық кезеңінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты, биг бэг қаптар шығаратын «FIBC Kazakhstan» ЖШС, газоблок өндіретін «ФОТОН ТД» кәсіпорны жеңімпаз атанса, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясына «Глобол-Спецодежда» тігін өндіріс кәсіпорны, жалюзи орнататын «Стартайм» және дәрілік заттар шығаратын «ТК ФАРМ» кәсіпорны лайық деп танылды. Аймақтық байқауда «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымының жеңімпаздары ретінде «Жаңа Әлжан» ұн комбинаты, «Қазақстанның минералды суы» серіктестіктері мен «Жакупова.Ш» жеке кәсіпкерлігінің аттары аталды.

Көрме-байқау кезінде Қ.Бекенов жеңімпаз кәсіпорындардың өкілдеріне арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды тапсырып, олардың республикалық байқауға қатысуға мүмкіндік алғанын айтты.

Бұл шараға облыстың барлық ауданынан «Бастау» жобасының түлектері де қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Салтанатты шарада бизнесті жаңа бастаушыларға да құрмет көрсетілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button