Жаңалықтар

#АқтөбеАрыспенБірге

Жұма күні әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккендер үшін Ақтөбеден Арысқа 20 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілді.

«Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталиннің айтуынша, бұған дейін жойқын жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындары үшін 38 тонна гуманитарлық көмек жіберіліп, бүгінгі таңда діттеген орнына жеткен.

— Арыстағы жағдайды естіген күні Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында гуманитарлық көмек көрсету пункті ашылып, қол жинай бастадық. Қысылтаяң шақта Арыстағы ағайындарымыз үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, көмек көрсетуге атсалысып жатқан барша ақтөбеліктерге алғыс айтамыз. Бұған дейін гуманитарлық көмектің алғашқы легі жіберілді. Бүгін екінші легін аттандырып жатырмыз. Бұл жолы Ақтөбеден Арысқа құрылыс материалдары, азық-түлік пен киім-кешек, сондай-ақ гигиеналық құралдар жіберілді, — деді Асылжан Бүркіталин.

Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 10 миллион теңге, Ақтөбе хром қосындылары зауыты 4 миллион теңге, облыстық мәслихаттың фракция мүшелері В.Шегельский мен Т.Салфиков миллион теңгеден қаражат аударды. Ал барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, құрылыс компаниялары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдары бір күндік жалақыларын аударды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button