Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Елбасының төрағалығымен қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті.

Бұл жөнінде ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Түркістан облысының Арыс қаласындағы қазіргі ахуал, сондай-ақ еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Арыс қаласында қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, сондай-ақ жарылыс салдарын жоюға атсалысып жатқан барлық құзырлы орган қызметкерлерінің және волонтерлердің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. «Соңғы ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендердің саны 160-тан асты. Барша қазақстандықтар бірлігіміздің бекем екенін көрсетіп жатқанын атап өткім келеді. Еліміздің әр түкпірінен азаматтар алаңдаушылық білдіруде, түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмыскерлері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бірігіп жатыр. Бір өңірдің басына түскен қиыншылық — бәрімізге ортақ мәселе. Біз халқымыздың ынтымағының арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Барша қазақстандықтарға ризашылығымды білдіремін», — деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев өңірде қалыпты жағдайды тезірек қалпына келтіру және тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар жасалып жатқанын атап өтті.

Жиын қорытындысында Арыс қаласында жөндеу жұмыстарын жүргізу және азаматтардың тұрғылықты жеріне оралуын ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button