Білім

Балдырған

Шана

Шана – көлікке жегілетін тасымал құралы. Көбіне екі тертелі, қос табанды болып келеді. Шананы тек қыста, жерде қар барында ғана пайдаланады. Арба сияқты шананың да күймелі және жадағай түрі бар. Қар үстінде жеңіл сырғанау үшін оның табанына темір (қақтама металл) қапталады. Отыруға ыңғайлы болуы үшін жадағай шананың екі жағын жақтаулап, астына тақтай төсейді, кейде оның үстіне талдан тоқылған қорап орнатады.

Қол жүгін тасымалдауға арналған шана түрін «итшана» деп атайды. Ал балаларға арналған кішкене шананы өнеркәсіп орындары шығарады.

Жануарлар әлемі

Марал

Марал – аша тұяқтылар  тұқымдасына жататын жануарлардың бірі. Дене тұрқы – 250-265 сантиметр, салмағы – 300-340 килограмм. Ересек марал бұқасының тармақталған, бітеу мүйізі бар, ал ұрғашысында мүйіз жоқ, керісінше құйрығы қысқа болады.

Әлемде маралдың 7 түрі бар екен. Біздің елімізде тек бір ғана сібір түрі кездеседі. Олар Солтүстік Қазақстанда, Алматы облысының таулы аумағында өсіріледі.

Маралдар көбіне топтанып жүреді. Жыл сайын қыстың ортасында ескі мүйізі түсіп, орнына жаңа мүйіз шығады. Сүйектенбеген жас мүйізінен  панты алып, одан пантокрин дәрісі жасалады.

Ойын

Жасырынбақ

Жасырынбақ – балалар ойыны. Бір топ бала жеребе тастап, ішінен іздеушіні шығарады да, ол көмбеде көзін жұмып тұрғанда, қалғандары бөлек-бөлек жасырынады. Балалар жасырынып болды-ау деген кезде көмбедегі бала көзін ашып, іздеуге кіріседі. Іздеуші жасырынған баланы көрісімен атын айтып, көмбеге бұрын жетсе, тапқан болып есептеледі, ал кешіксе, есепке алынбайды. Жасырынған балаларды осылай түгел іздеп табу керек. Алғаш табылған бала келесі жолы іздеуші болады да, ойын созыла береді. Бір баланы тапқан соң, екінші бала іздеушіден бұрын көмбеге жетсе, өзін де, оның алдындағы баланы да іздеу міндетінен босатады. Бұлай болмаған жағдайда, келесі жолы алғаш табылған бала іздейді. Ал жасырынған барлық бала таптырмаса, іздеуші қайта тұрып, ойын жаңадан басталады.

Балдырған-ақпарат

Біздің наурыз

Наурыз мерекесіне орай біздің мектебімізде «Армысың, әз Наурыз!» атты кеш өтті.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Венера Төрекешованың ұйымдастыруымен өткен шараға ауыл ардагерлері, зейнеткер ата-әжелер, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

Мектепте шағын той өтті. Алдымен кішкентай бүлдіршіндер «Келін келді!» деп жағалай сүйінші сұрап, шашу шашылды. Одан соң беташар жасалып, жар-жар айтылды. Жаңа түскен келінге сәлем еткізіп, ауылдың үлкендері бата берді.

Одан соң әр сыныпта  Наурыз тойы жалғасын тапты. Біздің сыныпта аналар сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа қатысқан аналарымыз өз өнерлерін көрсетті.

Әсел БАЙҒАЛИ,

М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің

7-сынып оқушысы.

Ақтөбе – 140

«Ақтөбем – алтын бесігім»

Жақында сыныбымызда өткен тәрбие сағаты осылай аталды.

Бұл тәрбие сағаты  қаламыздың 140 жылдығына арналды. Мұнда біз Ақтөбе қаласының тарихымен, алғашқы ғимараттарымен, көшелердің ескі атауларымен таныстық. Сонымен қатар туған елдің бұрынғы тірлігі мен қазіргі тұрмысы салыстырылды. Шындығында осыншама жылдар ішінде біздің қаламыз гүлденіп, көркейген. Жаңа үлгідегі зәулім үйлері, тарихи тұлғалардың әсем ескерткіштері, өнер ордалары… айтып тауыса алмайсың!

Тәрбие сағатында өзіме көп тың деректер  алдым. Туған қаламды бұрынғыдан бетер сүйе түскендеймін…

Ақбота ЕСЕНЖОЛОВА

№24 Ақтөбе лингвистикалық мектеп-гимназиясының

5-сынып оқушысы.

Оқушы өлеңі

Қызғалдақтар

Көктем де келді жадыраған, жайнаған,

Құстары да әндетіп бір сайраған.

Көктем деген күн шуақты мезгілде

Қызғалдаққа толып кетті айналам.

Назгүл АЗАМАТ,

№3 Қандыағаш мектеп-гимназиясының

8-сынып оқушысы.

Ертегі

Жылқының өлімі

Ерте, ерте ертеде бір үлкен отбасы болыпты. Олар мал-дәулетке бай болыпты. Көбіне мал бағумен айналысатын бұл отбасында қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиырлары бар екен. Бірақ бұл үйде малға өте жақыны Балта есімді бала екен. Балта ертемен тұрып мал жайлап, үйін жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіреді.

Бір жылдары Балтаның бір үйір жылқысы жоғалып кетеді. Ол жылқыларын айлап, жылдап іздесе де, таба алмайды. Балтаны қинағаны бұл үйірді оның жанындай жақсы көретін Торайғыр атты жылқысы басқарады екен. Торайғырды уайымдаған Балта ауруға шалдығады…

Осылай күн өтеді, ай өтеді. Сырқатынан айыға алмаған Балта көз жұмады. Бірақ дәл сол күні Торайғыр ізіне үйірін ертіп келіп, үйіне келеді. Иесінің жоқ екенін білген жануар осқырынып, жоқтап, үйді үш айналып кетіп қалыпты. Тіпті, кейбіреулер жылқының көзінен аққан жасты да байқайды. Балтаның әкесі Торайғырды іздеп жолға шыққанда, оның өліп жатқанын көреді.  Сөйтсе иесін іздеп, қамыққан жануар құсадан өліпті.

Жылқы малын киелі дейміз. Жалпы, адаммен бауырмалдығы, киелілігі де осындайдан қалса керек.

Жансая МІНСІЗБАЕВА,

№48 Ақтөбе орта мектебінің

2-сынып оқушысы.

Қызықты оқиға

Досымызды емдедік…

…Былтыр Наурыз мерекесі қарсаңында апай бізге би шығарыңдар деді. Біздің сыныптың домбырашылары Ислам мен Нұрлан «Ата толғауын» тартады, ал біз үш қыз болып билейтін болдық. Мереке жақындап қалғандықтан, Жазираның үйіне барып биге дайындалып жүрдік. Дайындық барысында біз биді ұмытып, ойнап кетеміз. Содан соң қайта билейміз. Зуһра мен Нұргүл екеуі бір-бірін қуалап көп ойнады. Абайсызда Зуһра есікке басын соғып алды. Маңдайы үлкен болып ісіп кетті. Біз не істерімізді білмей, Исламға пакет беріп, даладан қар әкелуге жібердік. Мұздай қарды маңдайына басып, іскен жерін бастық. Кенет Зуһра ішім ауырып жатыр деп жылады. Анасына телефон соғып:

– Менің ішім ауырып жатыр. Қандай дәрі ішуім керек? – деп сұрады.

– Левомецитин, – деді анасы. Біз үйден аталған дәріні іздегенімізбен, таппадық. Енді Нұрланды дәріханаға жұмсап, дәрі алдырдық. Дәрі ішкізіп, ішіне массаж жасадық.

– Тоңдым, – деді Зуһра дірілдеп. Біз оның үстіне шарқат, көрпе жаптық. Содан кейін ол «Жүрегім айнып жатыр», – деді. Қысым өлшейтін құралмен оның ыстығын тексердік. Біраз уақыттан соң Зуһраның басы жазылды. Досымыздың жағдайы дұрысталған соң, бір би билеген жоқпыз, сабаққа бардық…

Гауһар АБРЕШЕВА,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button