Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Түгел көшкен қала

24 маусым күні таңертеңгі 9.20-да Түркістан облысындағы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қару-жарақ сақталған қоймасында жарылыс болды.

Оқиғаға байланысты төтенше жағдай жарияланып, арнайы штаб құрылды. Штаб құрамында ҚР Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, облыс прокуроры Н.Әбдіров, облыстық, аудандық департаменттер мен басқармалар басшылары, т.б. бар.

Сонау Сталин заманынан бері бар қару-жарақ қоймасындағы жарылыстар кезінде жарылғыш заттар жан-жаққа ұшып, алғашқы сәттен-ақ жұрттың зәресін алған. Балабақшада, жазғы демалыс орындарында жүрген балалар тез арада қауіпсіз жерге көшірілген. Тұрғындардың басым көпшілігі жаяу-жалпылай қаланы тастап қашып шыққан. 45 мың тұрғыны бар қаланың халқы түгелге жуық өз мекенін тастап, басқа жақтарды паналауға мәжбүр болды. Арыс маңындағы ауылдар мен Шымкент, Түркістан, Тараз қалаларындағы мектеп, мешіт, жатақханалардан тұрғындарды қабылдайтын арнаулы орындар әзірленіп, ас-су және бірінші кезекте қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Арыс халқына қолдау көрсету мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» атты акция жарияланды. Қазір бүкіл ел жұмыла атсалысып жатқан бұл істің бар ауыртпалығын алғашқы сағаттарда Түркістан облысы мен Шымкент қаласының халқы көтергенін атап айту керек. Көлігі барлары жаяу шұбырған жұртты тегін тасып, көлігі жоқтары оларға жанар-жағар май құю үшін қажетті ақша жинап беріп, мешіт-мектептерге шоғырланған жұртқа азық-түлікті әп-сәтте тау қып үйіп тастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter желісіндегі парақшасында Арыс халқына көмек қолын созған жандарға алғысын жеткізді. «Арыс тұрғындарының игілігі жолындағы ауқымды әрі пайдалы еңбектері үшін барлық еріктілерге ризашылық білдіремін. Зардап шеккендердің жағдайы шынымен де қиын. Мемлекет оларға көмек береді. Қала мен тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіреміз», — деп жазды.

Көшірілген жұрттың бір бөлігі туыстарының үйлерін паналап отыр. Эвакуациялық пункттерге 24 мыңнан астам адам тіркелген болса, солардың 20 мыңы Шымкент қаласында екен. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында Арыс тұрғындарына арналып 70-ке жуық орталық ашылған. Тараз қаласындағы мешітке 108 адам қабылданған. Олар да ас-су, тегін медициналық көмекпен қамтылған.

Жарылыс кезінде жұмыста болып, соңынан өздері таңертең алаңсыз балабақшаға апарып тастаған, үй маңында ойнап қалған балаларын таппай қалған ата-аналар, сондай-ақ, ересек туыстарын іздегендар қатары да көп болды. Олар үшін шұғыл желі іске қосылып, әлеуметтік желі арқылы еріктілер тарапынан жаппай көмек ұйымдастырылды, ғаламтордан кімнің қайда екені жазылған тізімдер берілген сайт та ашылды. 200 балаға іздеу салынып, олар ата-анасымен қауышқан. Жоғарыда аталған штаб мүшелерінің баспасөз өкілдеріне хабарлауы бойынша, қазіргі таңда баласын жоғалтқан ата-аналар тарапынан

Жарылыстар мен эвакуация кезінде жоғалған азаматтарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Өкінішке қарай, үш адамның қаза болғаны анықталды. Олардың екеуі — әскери қызметші, біреуі — қала тұрғыны. Қала тұрғыны көлігіне жарылғыш зат түсу салдарынан қаза тапқан.

Жарылыстан 170-ке жуық адам зардап шекті. Олардың ішінде 74 адам ауруханаларда жатыр. Төртеуінің жағдайы ауыр. Ауруханада жатқандардың арасында балалар да бар.

Жарылыс салдарларын жою үшін ҚР ІІМ тарапынан 1251 маман, 188 техника жұмылдырылып отыр. Олардың ішінде өрт сөндірушілер 52 өртті сөндірген. Оның ішінде қаладағы ғимараттар мен тұрғын үйлерден бөлек, далалық жерлердегі өрттер де болған. Мысалы, кейбір снарядтар 20 шақырым жерге дейін ұшқан.

Сейсенбі, 25 маусым күні сағат 12.00-дегі жағдай бойынша, әскери бөлім аумағында жарылыстардың тоқтағаны хабарланды. Дегенмен, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті. Өйткені оқ-дәрілер сақталған қоймалар аумағында әлі де бықсыған от ошақтары бар. Сондай-ақ, Арыста жарылған қару-жарақ арасында радиоактивті элементтің болмағаны да хабарланды.

Сонымен қатар, ұшып түскен снарядтардың кейбірі жарылмай қалған. Қазіргі күні 500 сапер оларды іздестіру жұмыстарымен айналысып жатыр. 25 маусымда қала көшелерінен бүтін қалпы жатқан 70 жарылғыш зат табылып, олардың орындарына белгілер қойылды.

Осындай қауіптерге байланысты қала тұрғындарына әзірге үйлеріне қайтуға рұқсат  берілмей отыр. Деректер бойынша, қаладағы тұрғын үйлердің 80 пайыздан астамы терезелері сынып, өртеніп, төбелері ұшып және басқалай бүлінген.

Арыстықтар қазір үйлеріне, аулада қалған малдарына алаңдаулы. Абыр-сабырда қалаға еніп кеткен (немесе іште тығылып қалған) ұры-қары да жоқ емес. 25 маусымда қару-жарақ, мал ұрлығымен айналысқан 3 адам ұсталды. Билік қала ішінде кезіп жүрген малдың бір бөлігін жинап, күзет қойып отыр.

Бетті әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

 

Ақтөбе облысының тұрғындарына

Үндеу

Құрметті ақтөбеліктер!

24 маусым күні Түркістан облысының Арыс қаласында болған оқиға барлық тұрғындарды қатты толғандырды. Халық Арыс тұрғындарының қайғысымен бөлісуде.   

Біз, ақтөбеліктер, барша қазақстандықтар секілді бұл хабарды ауыр қабылдадық.

Бұл — ортақ қайғы. Халықтың бірлігі осындай қиыншылықта сыналады.   Қазір ел болып Арыс тұрғындарына қол ұшын созуда. Ақтөбе облысы бұл істен тыс қалмайды.

Біз Арыс тұрғындарына көмектесуді өзіміздің азаматтық борышымыз деп санаймыз және барша жерлестерді қол ұшын созуға шақырамыз.

Тек бірлік арқылы ғана кез келген қиындықты, қайғыны жеңеміз!

Біз – бір отбасымыз! Ақтөбе Арыспен бірге!

Гуманитарлық көмек көрсету пункті Тургенев көшесі, 86 мекенжайы бойынша Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында орналасқан (87073970342, 87076706842).

Бір күндік жалақыларыңызды, басқа да қаржылай көмекті төмендегі есепшотқа аударуыңызға болады

«ПАРЫЗ» Ақтөбе қоғамдық қорының реквизиті: 

БИН 151040007445

ИИК KZ9777460KZ220318006

АО «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)»

БИК LARIKZKA

КБЕ 18

Мекенжай: Ақтөбе қаласы, Тургенев көшесі, 86

Тел-факс:  8771 183 38 37  8(7132) 41 67 99

Эл.пошта: of.paryz@mail.ru

Директор    Есімхан Қалмағамбетұлы Есенбаев.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button