Жаңалықтар

Ақтөбеліктер де үлес қосып жатыр

Әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан зардап шеккен Арыс қаласы тұрғындарына бүкіл қазақ елі жұмылып көмек көрсетіп жатыр. Бұл игілікті істен Ақтөбе жұртшылығы да шет қалған жоқ.

25 маусым күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов баспасөз мәслихатын өткізіп, Арыс жұртына ақтөбеліктер тарапынан барынша көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

— Бүгінгі күні 24 тонна азық-түлік, сондай-ақ құрылыс материалдары үшін 5 миллион теңге қаржы жиналды, — деді Рахат Сыдықов.

Осы оқиғаға байланысты облыста арнайы комиссия құрылып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша комиссия жұмысына оның бірінші орынбасары Рахат Сыдықов жетекшілік етеді. Комиссия құрамында басқармалар басшылары мен Nur Otan партиясы облыстық филиалының өкілдері бар.

— Кәсіпкерлер мен кәсіпорындар және мекемелер басшылары да осы іске өз үлестерін қосады деп сенеміз, — деді Рахат Сыдықов.

Сонымен қатар, 15 шілдеден бастап Ақтөбенің лагерлері Арыс қаласының балаларын қабылдайды. Ақтөбеде барлығы 200 бала демалады деп күтіліп отыр.

Айта кетелік, Арыс тұрғындарына көмек Ақтөбе «Парыз» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Ақтөбедегі Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында Арыс қаласының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету пункті ашылды. Жұрт осы жерге қолда барын апарып жатыр.

Бүгінге дейін қаржы аударғандардың арасында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мұнай компаниясы 50 миллион теңге көлемінде қомақты үлес қосып отыр.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button