Басты жаңалықтарМәселе

Орманы жоқ орманшы

Кәрен  Айжарық 60 жылдан астам ғұмырын Ақтөбе облысын  көгалдандыруға жұмсап, 70 түрлі ағашты жерсіндірген орман шаруашылығының ардагері. 1966-1978 жылдары Ойыл орман шаруашылығы мекемесінің, 1978-1995 жылдары Ақтөбе орман шаруашылығы мекемесінің директоры болды. Бүгінде «Жасыл желек» ЖШС арқылы  қылқан жапырақты ағаштарды, тал-теректерді  тұқымынан өсіріп, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 41-разъездегі үйінің ауласы мен оған іргелес  тоғайға  жапырақты ағаштардың  7 түрін өсіріп отыр. Алайда 7 миллион теңгеге сатып алған  жерінің меншік құқығы бекітілмей, серіктестік құжаты  тіркелмей, тоғайдағы ағаштарды суаруға  скважина  қазуға рұқсат берілмей, түрлі  кедергілерге тап болды. Соңғы екі жыл бойы тоғайы өртеніп, ондағы 1999 жылы отырғызған қарағаштары түгел жанып кетті. Осы  жағдайлар  82 жастағы ақсақалдың  денсаулығына қатты әсер етті. Тек биылғы көктемнен бастап   күтусіз, қараусыз қалған ағаштарына  назар аудара бастады.

Кәрен ағаны қызу жұмыс үстінде таптық. Үйінің көлеңкесінде  теректің жапырақтарын қиып алып, сабақтарын үшке бөліп, тамырландыру үшін  суға салып  жатты. Біздің алдымызда  қаладағы «Юкон»  емдеу-сауықтыру мекемесінің ауласына  көктемде еккен  шыбықтарын көріп келіп, су құйылмай, қатты шөлдеген «Невский» теректері  үшін емдеу мекемесінің басшысына  ренжіп  оралған.

Бұрын облыста 1000 гектардан астам алма бағы болған өңірдегі   қазіргі жағдайға ол риза емес. Қарт орманшының есебінше, 5 миллион теңгеге  10 мектеп, 10 аурухана, 10 балабақшаның жан-жағын  жасыл желекке бөлеуге болады.

 «Ағаш өсіру ақшамен өлшенбейді»

— Ақтөбені жасыл желекке орауға  не жетпейді, не кедергі?

Ағаш өсіруге қанша ақша керек деп сұрайды менен. Қарақтарым-ау, ағаш егу ақшамен өлшенбейді деймін мен. Бұл егіп тастап, күзде жинайтын  бидай емес. Бұл жерге маманның қолы керек және  маманға жол ашылып, ол тендермен бас ауыртпауы тиіс. Ал не керектігіне келсек… Көшет түрлері  жердің қыртысына, топырағына қарай отырғызылып, тамыр алып кеткенше  3 рет қандырып суарып қойса болды. Негізінен, ағынды судың жағасына еккен ағаштарды шөлді, сазды жердің топырағына жерсіндіру үшін үлкен еңбек керек.

— Сіз Маңғыстаудан Ақтөбеге ағаш әкеліп, өсіремін дедіңіз. Маңғыстаудың жері шөл, топырағы  қышқыл, оның үстіне су тапшы. Бұл мүмкін бе?

Маңғыстаудың жері біздегіден әлдеқайда нашар: тұзды, шөлейт, сусыз. Соңғы 6-7 жыл  мына  питомнигіме маза бермеген соң,  ауладағы қарағаштарымды базарға шығарып сатуға дайындап жатыр едім. Таксимен бір жігіт келді: «Аға, орман шаруашылығы факультетінде сырттай оқимын, біраз адамнан сұрастырып, сізді таптым. Питомник ашқан едім, оған ағаш тұқымын сеуіп, отырғызуды үйрететін маман керек»,деді. Сөйтіп, Ақтауға кеттім. Ол жаққа  теректің  «Невский» түрін тұқымынан өсірдім, Ойыл орманында өскен қарағайлардың  сабақтарын тамырландырып ектім. Олар жақсы көтерілді. Сөйтіп, Маңғыстаудың  барқын құмдарына қарағайды көбейтіп жатқан осы жігітпен он шақты жылдан бері серіктес болдым.

—  Сіздің тоғайыңызда қандай ағаштар өсіп тұр?

Мынау Невский терегі, қарағай, мынау тұт ағашы. Тұт ағашы бізде жоқ, бірақ  жақсы өседі.  50 шетен  ағашы (рябина) өсіп тұр. Бұл әзірше азғантай. Мынау – қызыл бүрген (калина) бұтасы. Оның жемісін қайнатып,  емге пайдаланады.  Қызыл бүрген де Ақтөбеде аз өсірілген. Бірақ жақсы жерсінеді,  гүлдеген кезде өте әдемі әрі гүлдері ұзақ тұрады. Мынау — арша (можжевельник). Өсіп тұрған аршаны әдемі етіп, түрлі кескінде қия беруге болады. Ал қарағайды олай істей алмайсың. Мынау — тамарикс. Орыстар мұны жабайы сирень дейді.  Кәдімгі сирень тез гүлдеп, іле-шала  гүлі түсіп қалса, жабайы сирень қара күзге дейін гүлдеп тұрады.

Асфальтқа дейінгі  осы жер «Жасыл желек» серіктестігіме берілді. Оны қарыздана жүріп, 7 жарым миллион теңгеге  сатып алдым да ағаш отырғыза бастадым. Бұл жерді әлдеқашан орман етуге болатын еді, бірақ маған 8-9 жылдан бері  жұмыс істетпей жүр.  Былтыр  өртеп жіберді, алдыңғы жылы өртеп жіберді. Былтыр ауруханадан шығып, үйге жете бергенде, түтінді  көрдім. Жұрттың үйін алып кетер деп қорқып, сол жерде көршілер, балаларым — бәрі жабылып әзер сөндірді.  Осы 1,5 гектар жерімді әр балама он сотықтан бөліп жаздырып,  оған ұңғы қаздырып, су шықса, жеміс ағаштарын өсіру ойымда бар. Жерімді тіркемегесін, қайта-қайта өртегесін, мен шаруаны да жүргізе алмай отырмын. Ұңғы қаздырсам, жерімді менен алып кетеді.

— Жеміс ағаштарын екпейсіз бе?

— Ойымда бар, бірақ су жоқ. Жеміс ағаштары сусыз өспейді. 1999 жылы еккен «Невский» тұқымды теректерім, қарағай сол жылы ғана су ішті, содан бері суарылған емес. Сол жылы маған берілген трактор, су айдайтын мотор мен  су таситын көлікті қаланың  коммуналдық мекемесінікі деп тартып алғандай  алып кетті. Сөйтіп, мен орман өсіре алмай қалдым.  Кедергі келтірмесе, әлі де  өртенген қарағаштарды алып тастап,  орнына қарағай егу ойымда бар.  Бұл — зерттелген жер. Жері құмақ. Теректер суарылмаса да, өсіп тұр. Ендеше қарағай да шығады. Қарағайға топырақтың сілтілігі 5,5-тен аспау керек, одан асса өспейді.

Ойыл орман шаруашылығын басқарып, Барқын құмдарында қарағай егудің жақсы тәжірибесін білесіз…

— Ойыл орман шаруашылығы мекемесі 1958 жылы құрылған. Мен  Алматыдан ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін  1966 жылы бітіріп, сол жылдың желтоқсанында  осы жерге   инженер болып келдім. Мені облыстың ауыл шаруашылығына жауапты  Құлқай Нұрмағамбетов жіберді. Ойылға келсем, орман шаруашылығы мекемесі деген құр атағы бар  ғана жер екен. Құлап жатқан  үй, мамандары  жұмыс істегісі келмейді, айтатындары — өсек, жазатындары — арыз, директоры сотталып жатыр. Сол жылдары АҚШ-тағы «Америка дауысына» дейін арыз жазыпты. Бастық көп (бас инженер, директор, механик), бірақ ағашпен ешкімнің шаруасы жоқ. Жарты жылдан бері айлық алмаған әрі  өте аз. Директордың міндеті  — «2 сом 50 тиынға ағаш егілді» деп  наряд жабу мен қолына түскен ағашты егіп кел деп орманшыны жұмсау. Не егіп жатыр, қалай егіп жатыр, онымен  шаруасы жоқ. Орманшылардың жасы — 70-75-те.  Жұмыс істейтін Әйтім Ізтілеуов деген жас жігіт қана. Өзі  Барқын қазаншұңқырларын   жатқа біледі. Алайда   орманшы  ақсақалдар Әйтімнің тілін алмайды. Маған да: «Сен сияқты талай қара бала келді де кетті. Алты айдан  соң бұл жерден өзің қашып кетесің», — деп қояды. Үй ішім — Темірде, мен Әйтімнің үйінде жаттым.

— Қайреке, босқа әуре болма, Ойылға орман  шықпайды, — дейді ол.

— Губернатор Орынборда отырып, 0,8 гектар жерге  Екпеталда солдаттарына  ектірген талдары шықты ма? Шықты. Қасында отырған біз неге өсіре алмаймыз? — деймін Әйтімге.

—  Бұл жерге қарағаштан басқа ағаш  шықпайды, дейді орманшы қарттар.

— Шын көңілмен ексеңдер, бәрі шығады. Мен сіздерді орманшы етіп шығарамын. Ол үшін міндетіңді жақсы білуің керек және ағашты еге білу керек. Көрсеткенімді істемесеңдер, жұмыстан шығарамын. Заңсыз ағаш кесіп жатқандарға бірден акт жасау керек, дедім. Бірден мекеменің қаржылық  жағын қолға алдым. Көшет отырғызу, питомниктен тасымалдау, көшіру, күту жұмыстарын реттеп,  орманда тал қиғандарға айыппұл салу жолға қойылды. Ақыры  әр орманшы  істеген жұмысына қарай еңбекақы алатын болды. Есімде,1967 жылы  Мәскеу мемлекеттік университеті  орман шаруашылығы  кафедрасының меңгерушісі, академик Гаиль  Ойылға келіп, барқын құмдарына өскен қарағайды  зерттеп кетті.  Ол үш жылда бір рет Шалқар мен Ойылға келіп, құмда өскен қарағайларды бақылайтын.

Соғыс ардагері, бір қолы жоқ Айдарбай  Әбілғазин отбасымен орманшы еді. Жұмысына өте адал Әйтім  Ізтілеуов, Серікқали Баймұқанов, Жауынбай Ақбисенов, Қиырман Әбдірахманов, Зейнеп Ізтілеуова, Сапура Қисымова, Оңайбай Жақин сияқты қарапайым орманшылардың арқасында Ойыл орманы сақталды әрі көбейді.

 

Ойыл орманы қалай пайда болды?

—  Ойыл құмдарына ағаш қалай егілді?

— 1898 жылы Орынбор әскери генерал-губернаторы  Ойылда әскери  бекініс салынып жатқанда, солдат казармалары  тұрғызылатын орынға  0,8 гектар жерге  ағаш отырғызады. Себебі, әскерге көлеңке болу үшін. Орынбордан  бірнеше ағаш тұқымдарының  жас көшеттері түйе арбаларға тиеліп әкелініп, солдаттар отырғызады. Бұл жер кейіннен  Екпетал орман шаруашылығы аталды. Мына менің ауламда өсіп жатқан қызылтал — Ойыл орманынан әкелінген. Мұның түп атасы —Орынбор губернаторы  солдаттары отырғызған қызылталдар әлі күнге дейін Барқында өсіп тұр. Оның діңінің жуандығы сондай — екі адамның құшағы жетпейді. Екпеталдағы тоғайға кейіннен кеңес  өкіметі ие болды. 1898 жылы Темірде  де әскери казарма  жанынан 0,8 гектар жерге тал, терек, қайың, қарағай  отырғызылды.  Сол жылдары Шалқардың  Борсық құмдарына да егілген.

1968 жылы  жаңадан құрылған Саралжын орман шаруашылығына ауыстым да, Әйтім Екпеталдың орманшысы болып қалды. Кетерімде оған қарағаштың тұқымын отырғыз, келесі жылы көрейік, алып кетсе, басқа талдарға  көшейік дедім. Әйтім тоғайда  қанша қазаншұңқыр бар, соның бәрін  нөмірлеп қойған. Ол кезде Барқында 40 сантиметр қазсаң  тұп-тұщы әрі сап-салқын  су шығады. Қазір ол су отырды, себебі тартып алып жатыр. Өткен жылдары Барқыннан  мұнай аламыз дегенде айқай шығарып жүргеннің бірі — менмін.  Әкімі де бір мың болғыр жігіт екен. Ойылдықтар Барқыннан мұнай қаздырмаймыз деп қасарысып отырып алды.

—  Бізде неге орман  өспейді?

Қазір орман қалды ма? Ағаш ексең, оны  ұрлап кетеді. Күтілмейді. Бір жылдары Темірдің Қызылқұдық деген жеріне  терек, қарағай отырғызып едік,  оны мұнайшылар жаңа жылға ұрлап ала берді.  Ақыры күзетуге біздің шамамыз келмеді. Осы кезге дейін облыс аумағында  70 түрлі ағаш өсірдім. Облыстық аурухананы Самат Данияров басқарып тұрғанда, ол жерге ағаштың 55 түрін өсіріп едім, қазір мен өсірген ағаштарды қазып алып, басқаларын егіпті. Ол жердегі шырша, қарағайларым жақсы шығып еді, маңайындағы жұрт ұрлап қоймады. Өткенде Данияров хабарласты: «Болашақта» түк ағаш жоқ. Жері саз, тұрғындар ағаш  шықпайды деп екпеген» дейді. Мен: «Бұрын облыстық ауруханаға  қалай ектің, солай егесің. Терең етіп қаз. Қара топырақ  әкеп, сазбен араластырып ек» — дедім. Мен  жұртқа әр мезгілде гүлдейтін ағаштарды отырғызайық деп үгіттеуден шаршадым. Ірі өндірістік мекемелер  жылына мынандай ағаш түрлерін және мынадай данасын аламын десе, өсіріп берер едім. 2001 жылы 20 түрлі ағаш бердім. 50 кастанье әкеліп өсірдім. Бірақ  оны ық жерге егіп, қыста түбін міндетті түрде көміп отыру керек.

Кеңес өкіметі кезінде  Ақтөбе облысында 1 мың гектар алма бағы, 14 мың 500 гектар  бау-бақша  болды. Қазір түк жоқ. Алма бақтары үшін көшеттерді  Челябинск, Саратов, Астраханьнан, Алматыдан  өзім әкеліп тұрдым.

— Қазіргі кезде аудандарда жеміс бақтарын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар ма?

Әрине, бар. Жер астынан ұңғымен су шығарса, бәрін  өсіруге болады.  Ойылдағы Екпеталда  150 гектар, Саралжынның қасында Қиыл  өзені аңғарында  200 гектар алма бағы болды. Қазір де осы жерлерге жерасты суымен жеміс ағаштарын өсіруге мүмкіндік бар. Бірақ оны істейтін адам жоқ.  Берсиевтің тары өсірген  жеріне  алма ексе жақсы шығады.  Жері құмайт әрі  тегіс. Ақтөбедегі Сазды өзенінің бойындағы  «Лесной поселок»  деген жердегі  250 гектар алма бағында «Петр Первый», «Антоновка» сорттарын өсірдік. Қазір осы жерді арамшөп басқан. Жеке адам сатып алды да, жоқ қылды. Қазір облыстағы барлық орман шаруашылығы мекемелерінің жері 50-60 гектардан аспайды.

— Ағаш бұлақ көзіне таяу жерде жерасты суынан қорек алып шығады. Сіздер бұлақ көздерінің бітелуіне қарсы  да мәселе көтердіңіздер.

— Елена  Бочкованың бастауымен Жіңішке, Сазды, Тамды бойындағы  бұлақ көздерін  қорғау туралы мәселені 5-6 жыл бұрын көтердік. Шамамыз келгенше кейбір бұлақ  басын қоршап,  жан-жағына тал отырғыздық. Алайда карьерден құм алушылар қала түбіндегі көп бұлақты  жапты. Соның ішінде Тамды бұлақтарының көзін  бітеп тастады. Енді  көздері бітелген бұлақтардың көзін ашу үшін қыруар  қаржы және уақыт керек.

                                                    Сұхбаттасқан Баян СӘРСЕМБИНА.

 

 

КӘРЕН АҒАЙДЫҢ КЕҢЕСТЕРІ

 *Ағаш өсірілетін жерді үш жыл бұрын дайындау керек. Бірінші жылы  арамшөптері жұлынып, жер жыртылады. Келесі көктемде  қайтадан 30 см етіп жыртылады. Сол жылы ештеңе егілмейді. Үшінші  жылы ғана жер 50 см етіп қайта жыртылып,  көшет отырғызылады.

*Кеңес заманы кезінде мен ағаштың 70 түрін өсірдім. Қарағаштан басқа ағаш шықпайды деген бос сөз.

*Әр ағаш әр мезгілде гүлдейді.  Біз бір ағашты егіп қоямыз да, соған қарап отырамыз. Көбіне терек еккенді жақсы көреміз. Бірақ  теректің жапырағы тамызда қурай бастайды. Тамыз, қыркүйек, қазанда жапырақ жоқ. Сондықтан  бір уақытта емес, әр уақытта гүлдейтін әрі  гүлдері ұзақ  сақталатын ағашты егу керек.

*Кез келген қылқан жапырақты ағаштар 5 жылға дейін  көлеңкеде өседі.

*Еккен ағаш шықпайды деген бос сөз. Сатуға шығарғанда, көшет тасымалдағанда дұрыс әкелмейді. Жас көшетті  қазып алған бойы тамырын тезірек орап, екі рет тамырын басып, ылғалын сақтау керек. Бізде бұлай істемейді. Бірнеше көшетті қазып, бірінің үстіне бірін үйіп, бәрін қазып болған соң ғана орайды. Ал бұл кезде қазылған шыбықтың тамыры зақымданады, кеуіп кетеді. Сол үшін  қазғанда қасында болу керек, әр шыбықты орау керек. Дұрыс тасымалдау керек.

*Ағашты  қар кетісімен, сәуірдің басында егу керек.

* Мезгілі өтіп кеткен соң  ағаш егуге болмайды. Әдетте жас шыбықты үш бүртікшесіне дейін қалдырып, жоғарғы жағын қиып тастап, осы кесіндіні  тамырландырып отырғызу керек. Қиып тастағасын 3 бүртікше 1 айдың ішінде күш жинайды. Ал екі жылдық шыбықтар басқа жаққа отырғызғанда, көбіне тамырланбай қалады.

*Ақтөбеде 5-6 жыл бойы   қарағашты егуді тоқтатқан жөн. Құрты  құрығанша.

* Ұзақ  гүлдейтін,  қазанға дейін жапырағын түсірмейтін  қызыл бүрген (калина), тамарикс (жабайы сирень), катальпа, шетен (рябина) ағаштарын өсіру керек. Әсіресе, мектеп, балабақша, саябаққа, аурухана ауласына еккен жөн. Тез гүлдеп,  көп кешікпей гүлі де, иісі де жоғалатын  кәдімгі сиреньнің орнына күй талғамайтын, қара күзге дейін гүлі де, иісі де жоғалмайтын тамарикс (жабайы сирень) егу керек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button