Мереке

Мен үшін нағыз журналистика «Ақтөбеден» басталды

Облыстық «Ақтөбе» газетінде жұмыс жасаған жылдарым мен үшін өте тағылымды, мазмұнды кезең болды деп айта аламын. Алдыңғы буын ағалардан үлкен тәлім алдық. Әсіресе, он ойланып, жүз толғанып жазып, қайта-қайта тексеріп, тыраштанған дүниеңді бас редактордың орынбасары Ертай ағай Ашықбаев қызыл қаламмен шимайлай бастағанда, бетім қоса қызаратын. Марқұм Әлімбай ағайдың майын тамыза айтқан әңгімелерінің өзі көкжиегіңді кеңейтіп қана қоймай, арасындағы тұздық әзілдері езуіңді жиғызбайтын.

Сол кездері телеарнадан газетке өзімді «данышпан» санап ауысқан мен үшін нағыз журналистика «Ақтөбеден» басталды. Алдымыздағы ағаларымыз, әпкелеріміздің қай- қайсысы да мен үшін үлгі аларлық тұлғалар еді.

Ғасырлық басылымның «Кедей» кезінен қалыптасқан қағидасы — ел өмірінің жаршысы, мұңын жоқтаушысы, әлсіздердің қорғаны болған қалпынан еш айныған жоқ. Апта сайын облыстың ең шалғай ауылдарына іссапарға шығып, өңірдің игілікті істері, жетістіктерімен қатар, биліктің назарынан тыс қалған проблемаларды теріп келетінбіз.

Мен жұмыс жасаған уақыттары «Ақтөбе» газеті үшін «жабық» тақырып жоқ болатын. Бұл — журналистердің адымын аштырып, қанаттарына су бүркетін еркіндік, көсілуге қолайлы жағдай. Осының арқасында, ыңғайы келгенде, елдегі саяси өзгерістерден бастап, облыс деңгейіндегі барлық басшының, салалардың кемшілігін жіпке тізгендей жазатынбыз.

Бас редактор Бауыржан Бабажанұлы жас тілшілердің «көкесі» еді. Ол жазғаныңды күзеп-түзеп шыққан сәтте, мақалаң «қыздың жиған жүгіндей» әсем дүниеге айналып шыға келеді.

Дүние демекші, газеттегі ағаларыма тән ортақ бір қасиет бар болатын — күнделікті күйбең тірліктен, дүниеауи шаруалардан аса хабардар емес-ті. Бұл — өз ісіне нағыз берілген шығармашылық адамдарына тән қасиет. Сосын да шығар, ағаларымның үйдегі тірліктің барлығын жеңгелеріме сеніп тапсырғаны сондай — тіпті коммуналдық төлем төлейтін жерді білетініне әлі күмәнмен қараймын.

Бірде…елордада жеке тірліктеріммен жүрген едім. Ұялы телефоным шырылдады. Қоңыраулатқан Ертай көкем. Әңгіме былайша өрбіді.

— Секөнжан, қайдасың, керек болып тұрсың, — деп ағам асығыстығын байқатты.

— Астанадамын, аға.

— Ұлым «Болашақпен» оқуға баратын еді. Соған бір-екі күн ішінде төлқұжат алу керек. Сенің таныстарың да көп, танымайтының да жоқ. Істетіп бер, — деген бұйрықты леп есті.

— Ау, аға, Ақтөбеде болсам, бір амалын қылар едім. Бірақ Астанадамын ғой, ыңғайы келмес, — деп қипақтауға көштім.

— Айналайын, болса да Астанада жүрсең, Әділет министрлігіне кіре сал да, сондағы таныстарыңа айтып, құжатты істетіп бер.

Осы сәтте Ертай ағамның қиналысын шын ұқтым. Бірақ, сол сәтте уақыттың қысқалығына байланысты қолдан келер қайран болмаған соң, әйтеуір бір жауап табуға тура келді.

— Ертай аға, бүгін Ақтөбе облыстық әділет департаментіне жаңа басшы келіп жатыр, аты-жөні — Амангелді Әшіров. Сол кісінің қабылдауына барып, өзіңізді толық таныстырыңыз. Атағы алты алашқа мәлім ақындығыңызды, атақтарыңызды, қызметіңізді айтып болған соң, «мені Серік Әбдібек жіберді» деп, шаруаңызды шешіп алыңыз.

— Ойбай-ау, жаңадан келген бастық сені тани ма? — деп Ертай ағамның дауысынан қуаныш пен қобалжу қатар аңғарылды.

— Танымайды, танымағаны да жақсы. Сіз сияқты күллі қазаққа танымал ақын, облыстың ресми басылымы басшыларының бірі барып, «Серік Әбдібек жіберді» деп отырса, жергілікті жұртты білмейтін Әшіров мені бір «крутой» деп ойлап, шаруаңызды лезде шешеді, — дедім еш шімірікпестен.

— Сенің де шығармайтының жоқ, — деп рахаттана күлген Ертай ағам, ұсынысыма разы болды.

Мәселе менің сценарийім бойынша шешілді ме, басқа реті болды ма, білмеймін, Ерекең бұл тақырыпқа қайта оралған жоқ.

Міне, бұл мамандығына адал, таза шығармашылыққа ден қойып, біз сияқты «балапандарды» өмірге бейімдеп, жазған-сызғандарымызды түзеп, көз майын тауысқан нағыз профессионалдың ісі. Айта берсек, мұндай қызықты оқиғалар өте көп.

Сөзімнің соңында, «Ақтөбе» газетіндегі барша әріптестерімді басылымның 95 жылдық мерейтойымен әрі кәсіби мерекемен құттықтап, оларға шығармашылық табыс тілеймін.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті саясат және құқық бөлімінің тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button