Мереке

Ардагер журналиске құрмет

Сатыпалды Сәуірбаев Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген 1980 жылдан бастап облыстық «Ақтөбе» (сол кезде «Коммунизм жолы») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, өзінің жастық жалынын, журналистік жігерін баспасөз қызметіне арнаған, бүгінде алдыңғы буын өкілдері қатарына қосылған тәжірибелі қалам иесі.

Ол өзінің қалам қуатын еңбек адамдарының жарқын бейнесін жария етуге жұмсады, аудандардағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, өркенді жаңалықтар оның жазған мақалалары арқылы көрініс тапты. Елмен етене араласып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін билік органдары назарына ұсынып отырды, өзі таңдаған мамандықтың талабына сай жігерлі еңбек етті.

Сондай-ақ, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған жылдары журналистика саласындағы кезекті белесі іспетті болды.

Баспасөз күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС төрағасы Раукен Отыншин бастаған бір топ әріптестері ардагер журналисті баспасөз күні мерекесімен және өзі жемісті еңбек еткен «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығымен құттықтап, оған облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатын және бағалы сыйлығын, сондай-ақ «Ақтөбе Медиа» ЖШС төсбелгісін тапсырды, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Өз кезегінде Сатыпалды Қабашұлы облыстық газетте қызмет атқарып жүрген кейінгі буын әріптестеріне ілгеріден негізі қаланған сабақтастықты сәтті жалғастырып, ел игілігіне еңбек ете берулеріне тілектестігін білдірді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button