Мереке

16 жасында тілші болған…

Айгүл Байменова өз қатарлары журналистика саласының есігінен енді-енді сығалап жүрген кезде едәуір тәжірибе жинаған, өзіндік қолтаңбасы қалыптасып қалған журналист болды. Себебі ол 16 жасынан бастап еңбекке араласты, 16 жасынан бастап газеттің қара жұмысына жегілді…

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан әлі елдің етек-жеңін жинай алмай жатқан кезінде мектеп бітірген шынашақтай қыз Қ.Жұбанов университетінің сырттай бөліміне грант негізінде оқуға түседі. Мектепті беске бітірсе де, оның күндізгі бөлімде оқуына, арман қуып, Алматыға тартып кетуіне мүмкіндігі болмады.

— Түскен оқуымды өзім де түсінбеймін. Өзге ұлт мектептеріндегі қазақ тілінің мұғалімі болады екенмін. Ал мен журналист болғым келді… Мұғалімім Айшолпан Қоханова-Жүсібалиева қабілетімді байқаған шығар, қазақ әдебиетінен факультатив өткізіп, мені өзі оқыған Қыздар педагогикалық институтының  бағдарламасы бойынша оқытты. Көп үміт күткен боуы керек. Алайда, күндізгі бөлімде оқи алмадым, жұмыс істеу керек болды. Тәжірибесі жоқ, 16 жастағы қыз бала қалада қайдан жұмыс тапсын? Қобдаға қайттым. Және ол бір тоқырау кезеңі, мен түгілі барша жұртта жұмыс жоқ. Айнала қысқартуға ұшырап, мекеме-кәсіпорындар шетінен жабылып қалған. Сөйттім де, аудандық газетке бардым, — дейді Айгүл.

Ол кезде Қобдада оқушы Айгүлдің аты білімділігімен, зеректігімен шыққан болатын: шығармашылық байқауларынан үнемі жүлдегер болып келіп жүрді, ауданда «Артек» балалар лагеріне барған санаулы оқушылардың қатарында да Айгүл болды. Аудан кітапханасының ең белсенді оқушысы болғанын өзі күліп еске алады:

—  Оқушы болсам да, аудан кітапханасындағы көркем әдебиетті түгесіп біттім, аудандық газетке мақалаға ұқсаңқырайтын «бірдеңелер» жазып тұрдым, ол кезде сол жазғаным үшін қаламақы да төленетін, сол ақшаға оқу құралдарын сатып алатыным есімде, — деп күледі ол.

Қысқасы, Айгүл аудандық «Қобда» газетіне 16 жасында терімші болып жұмысқа тұрады. Тілшілердің мақалаларын өздігінен түзеп-күзеп жіберетін оны көп ұзамай газет басшылығы тілші етті. Кейін аудандық газеттің бас редакторы, ЖШС директоры болды.

Аудандық газеттің қара жұмысына жегіліп, тәжірибе жинақтаған Айгүл облыс орталығына келіп, бірден республикалық басылымға журналист ретінде қабылданды.

— Нағыз журналистиканың не екенін Мейірхан Ақдәулетұлы ашқан «Алтын Орда» тәуелсіз басылымына жұмысқа тұрғанымда көрдім. «Ақтөбе» облыстық газеті мен үшін үлкен мектеп болды. Бауыржан Бабажанұлының бағыт беруімен елдегі жұмыссыздық туралы алғашқы зерттеу мақалам жарияланды. Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Аманғос Орынғалиұлы, Нұрмұханбет Дияров, Әлімбай Ізбай, Ардақ Қонақбаева, Сәтжан Дәрібайлармен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе. Жалпы, сол жылдары «Ақтөбе» газетіне Мейрамгүл Рахатқызы, Арайлым Нұрбаева, Айнұр Ілиясқызы, Гүлжан Кетебаева, Сәнім Қонақбаева бар, бір топ құрбылар жұмысқа келдік. Қазір бәрі де өз істерінің шебері. Бәріміз де қара шаңырақтан үйрендік. Бәріміздің еңбек жолымыз ғана емес, маман болып қалыптасуымыз осы жерден басталды. «Ақтөбе» газетіне, оның ұжымына алғысым шексіз, — дейді ол.

Қазір Айгүл «Ақтөбе» телеарнасының жаңалықтар қызметіне басшылық етеді. Бала кезгі арманы оны телевизия әлеміне тартты да тұрды. Осылайша сол кезгі телеарна директоры, қазіргі «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің шақыруымен тележурналистика әлеміне қойып кетті. Облыс телеарнасының беткеұстар дикторы Венера Серғазинаның қолдауымен алғаш рет тікелей эфирге шыққанын бүгінде күліп еске алады. Қазір эфирге кететін мәтіндердің барлығы алдымен Айгүлдің сүзгісінен өтеді. Ал тіл тазалығына өте қатал қарайтын ол журналистерден тілге құрметпен қарауын қатаң талап етеді.

— Қолына қалам ұстаған адам қару ұстағанмен тең жауапкершілікті сезінуі керек. Жеке пікіріңді тықпалауға, телуге хақың жоқ. Көрермен, оқырман ақпарат қана алуы керек. Қазір әлеуметтік желілерді кез келген ойымызды құса салатын платформаға айналдырдық.  Осы жерде кейде БАҚ өкілдерінің  тобырдан айырмасы болмай қалатынын көріп жүрміз.  Бір-біріне әлеуметтік желіде жазбайтыны, айтпайтыны жоқ, қысқа күнде қырық пышақ болып жатады. Жеке басқа нұқсан келетін артық нәрселер айтылады. Адамның ішкі мәдениетінің (немесе мәдениетсіздігінің) көрінісі  бұл. Абайша айтсақ, «бір суық мұз — ақыл зерек» керек бұл жерде, — дейді Айгүл.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button