АуылБасты жаңалықтар

Орташа жалақысы 240 мың теңге ауданға жұмысшы күші керек

Көшпелі баспасөз мәслихаты

Өңірлік коммуникациялар қызметі Хромтау ауданында көшпелі баспасөз мәслихатын өткізіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, жыл басынан бері атқарылған жұмыстары, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы және әлеуметтің ахуалымен танысып қайтты.

 

Мамандарға жұмыс дайын

Хромтаудағы тау-кен колледжі ауданның болашағы деуге болады. Өйткені онда кен өндірісінің мамандары даярланады. Колледжде 888 студент білім алады. Биыл оқу орнында тау-кен металлургия саласы үшін республикада алғаш рет түрлі мамандық даярлайтын құзыретті орталық ашылды. Үстіміздегі оқу жылында 125 түлек бітіріп, арнайы мамандық алып шығады. Оларға жергілікті өндіріс орындарында жұмыс жасауға толық мүмкіндік бар. Себебі жас мамандарға деген сұраныс көп.

Өзіміздегі жергілікті компаниялар үш жыл бұрын тапсырыс береді. Біз сол мамандықтар бойынша студенттерді өндірістік іс-тәжірибеден өткізіп, оқытамыз. Олар барлық мамандықты игеруге арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. 18-ге толмаған жастарды шахтаға түсіруге заң рұқсат бермейді. Сол себепті екінші курс студенттерінен бастап шахтаға түсуге дайындық оқуларын жүргіземіз. Ол үшін колледж ғимаратында тәжірибеден өтетін орын бар. Жергілікті тау-кен байыту кәсіпорны сапалы жұмыс, білікті мамандар даярлау үшін арнайы шахта полигонын салып берді, — дейді колледж директорының өндірістік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары Марал Бержанов.

Оның айтуынша, жұмыс берушінің тапсырысы бойынша даярланған мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіші — 100 пайыз.

Тау-кен байытушылар, жерасты жұмыстарын жүргізу, слесарь, дәнекерлеуші, арнайы жүк көліктерін жүргізуші тәрізді мамандықтарды игерушілер Германияның озық тәжірибесін меңгеріп, жұмысшылар халықаралық стандарттық талаптарға сай Хромтауда оқытылып жатыр.

 

Құрылыстың қазіргі қарқыны

Хромтауда халықаралық стандартқа сай тағы бір нысан бой көтеріп, қаланың сәніне айналды. Орталық «Горняк» стадионының құрылысы таяу күндері аяқталады. Екі қабатты спорт кешенінде спортшылар мен қатысушыларға арналған барлық жағдай қарастырылған. 40 адамға арналған кешеннің 6 жуынатын орны, 2 тренажер залы, массаж, жаттығу және көрермендерге арналған бөлмелер жаңа үлгімен жабдықталған. Спорт ғимаратындағы футбол алаңы толықтай жөнделіп, жасанды жабындымен жаңартылды. Спорттық нысан облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен ERG компаниясы арқылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мақсатындағы меморондумға сәйкес орындалып, тұрғындар игілігіне беріледі.

Биыл тағы бір монша іске қосылмақ. Бұл ерекше үлгідегі моншаның аумағы үлкен. Үш қабатты ғимараттың бірінші қабаты караоке залы мен демалыс орны, екінші қабатында қонақүй, арнайы VIP бөлмелері болса, үшінші қабаты сұлулық салонына арналған. Ауладағы бес монша арнайы қарағай ағашымен қиюластырып салынған. Келушілерге барлық жағдайы жасалған моншаның иесі кәсіпкер Жәнібек Көкшібаев алдағы уақытта моншаның қасынан мейрамхана салатынын айтты.

Хромтауда жеке тұрғындардың тұрғын үйлерімен қатар мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан құрылыстардың қарқыны өте жоғары. Қаланың жанында пайда болған №22 шағын ауданда 2017 жылдан бастап жеке тұрғын үй құрылысына 743 жер учаскесі берілген. Қазір бұл жерде 300 отбасы тұрып жатыр. Қалған үйлердің құрылысы аяқталуға жақындап, күзде толық қамтылып болады. Бұл жер учаскелеріне электр жарығы, газ құбыры, ауызсу құбырлары толықтай жүргізілді. Бұдан кейін жеке тұрғын үй құрылысын салуға 886 жер учаскесі беріледі. Ол аймаққа да инфрақұрылым жұмысы басталды.

Аталмыш жаңа ауданда 100 орындық интернаты бар 600 орындық мектеп салынып, күзге дейін пайдалануға беріледі. Мердігер «Бабек – құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан нысанға 1990,1 миллион теңге бөлінген. Ауданның үш селолық округіндегі интернат оқушылары қалада оқитын болады. Өйткені ауылдық жерден гөрі мұнда сапалы білім алады, спорт, басқа да артықшылықтарды үйренеді.

Ал «Қазхром» ТҰК» АҚ инвестор болған 320 орындық балабақшаның құны — 750,0 миллион теңге. Болашақта жаңа ауданда 40 көп қабатты үй салынады. Оның алғашқы құрылысы басталып, төрт қабатты екі үйдің құрылысы бітуге таяу.

Қалада 300-ден астам отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Биылғы жылы төрт қабатты екі 96 пәтерді 1 тамыздан бастап бере бастаймыз. Жылына осылай 100 отбасыдан қамтып отырсақ, ауданда тұрғын үймен қамту мәселесі 2-3 жылдықта толықтай шешіледі. Жаңа ауданда халықтың санын 15 мыңға жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Ол үшін қаладан 5 шақырым қашықтықта орналасқан теміржол вокзалына дейін жер телімі беріледі, — дейді аудан әкімінің орынбасары Меткүл Қосымбаева.

 

Көше мен кеңсе

Хромтау облыстың өзге аудандарына қарағанда әлеуеті жоғары, жерасты байлықтарына ие өңір. Сондықтан ондағы ірі кәсіпорындар — қомақты қаражат көзі. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жыл сайын бірнеше көшелер асфальтталып, қалаішілік жол қатынасы едәуір түзелді. Бұл жолдар осы қарқынмен №22 шағын ауданның ішімен теміржол вокзалына дейін жеткізіледі. Сол кезде қала ішіне маршруттық кестемен 7 автобус шығарылады. Бұл қала мен теміржол вокзалын жалғап, тұрғындардың қатынасын едәуір жеңілдетеді.

Әлеуметтік нысандар мен жаңа құрылыс ошақтары тоғысқан жаңа ауданның келбеті — мұндағы жасалып жатқан жұмыстардың айқын көрінісі. Күн санап қаланың аумағы кеңейіп, жаңа ғимараттармен ажарлана түсуде. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, мұндай ірі құрылыс, ауқымды жұмыстардың барлығы облыс әкімінің қолдауымен болып жатыр. Енді аудандық әкімшілік үйі бой көтерді. Оның бірінші қабаты тұрғындарға қызмет көрсететін барлық мүмкіндіктермен жабдықталмақ. Қандай сұрақ болмасын, ешкім бөлім басшысын іздемей-ақ сол жерден құжаттарын реттей алады. Бұл — жергілікті биліктің халыққа жақындай түсуінің тағы бір тиімді жолы.

 

Табыс пен талап

Ауданда 44 мың халық болса, оның 27 мыңы қалада тұрады. Көгілдір отынмен қамтылуы тиіс екі-ақ елді мекен қалды. Бірақ оның да жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Ауызсу, жарық аудан бойынша толықтай қамтылып тұр. Ендігі мәселе — ауылдарды жалғайтын жолдарды жөндеп, қатынасты жақсарту. Аудан бойынша нақты жұмыс жасап жатқан 6 мың кәсіпкер тіркелген. Мал тұқымын асыландыру, егіншілік, тағы басқа жергілікті өнімдерді өңдеп, нарыққа шығарып жатқан кәсіп иелеріне жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Одан өзге де жергілікті әкімшіліктен үлкен қолдаулар бар. Кәсіпкерлер әр кез ауданның барлық шарасынан қалмай демеушілік көрсетіп келеді. Жалпы алғанда Хромтау халқының тұрмысы жақсы. Олай деуге себеп — орташа жалақы 240 мың теңге. Бұл республикалық көрсеткішпен бірдей.

Жұмыссыздық деңгейі өте төмен. Керісінше Хромтаудағы кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге, кәсіпкерлік, қызмет көрсету салаларына 150-дей жұмысшы-маман керек. Аудан басшыларының айтуынша, Ақтөбе еліміздің 4 мегаполис қалаларының біріне айналу үшін моноқалалардың үлесі зор. Осыған орай ел Президентінің тапсырмасын орындау, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, инвесторларды тарту бүгінгі күннің маңызды жұмысы болмақ. Бұған әр ауыл, әр ауданның үлесі болуы керек. Осындай науқанды кезеңде Хромтау ауданы өз мүмкіндігін көрсетуі тиіс.

Алда үлкен міндеттер тұр. Шешімін күткен мәселелер бар.Тұрғындардың талғамы жоғарылаған сайын қызмет көрсету сапасы да соған сай болу керек. Соның бірі —қалада балаларға арналған ойын-сауық орталығын салу. Қала халқы демалыстарда балаларын ойнату үшін Ақтөбе қаласындағы «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығына апарады. Егер ондай орталық Хромтауда болса, тұрғындарға да тиімді әрі қаражат жергілікті бюджетке түсер еді. Бүгінде Хромтау табыс көзі көп, тұрғылықты тұруға қолайлы аудан екенін әрбір тұрғыны айтады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button