Басты жаңалықтар

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: Ақтөбедегі өзендер арнасын кеңейту жұмыстары уақытша тоқтатылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бастаған сала мамандары өзен арнасының гидрологиялық кеңеюінен туындайтын жағдайды зерделеу мақсатында жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді. Жексенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мағзұм Мырзағалиевпен, сондай-ақ әкімдік мамандары, қоғам белсенділері және еріктілермен бірге арнаны тазалау және кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлерге барды.

Министрге жүктелген алғашқы тапсырма

Елімізде жаңадан құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өз жұмысын бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Өткен сенбіде, нақтырақ айтсақ, 22 маусым күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевке тапсырма берді. Онда: «Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту бойынша гидрологиялық жұмыстардың дұрыс ойластырылмағанынан экологиялық қауіпті жағдай қалыптасып отыр. Мәселені шұғыл түрде шешу керек. Бұл жаңадан құрылған министрліктің басшысына алғашқы тапсырма», — деп жазған Президент.

Ертесіне Экология министрі бастаған сала мамандары өзен арнасының гидрологиялық кеңеюінен туындайтын жағдайды зерделеу мақсатында Ақтөбеге келді.

Жексенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Экология, геология және табиғи ресурстар министрімен бірге өзен арналарын тазалау және кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлерге барды. Министрдің өңірге жасаған сапары Ақтөбе су қоймасынан басталды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, аталған жұмыстардың жүргізілуіне 2017 жылы Ақтөбе қаласында орын алған су тасу оқиғасы себеп болған. Төтенше жағдай 907 саяжай учаскелеріндегі тұрғын үйлерді шарпып, су басқан. Оның 110-ы қайта қалпына келмеген. Одан өзге 5 көпірге де шығын келген. Белгілі болғандай,  өткен жиырма  жылда аталған су нысандарында арнаны тазарту, кеңейту жұмыстары жүргізілмеген.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, өзендерді кеңейту, тазалау жұмыстарымен 4 мердігер мекеме айналысып жатыр. «Бұл жұмыстар жыл басында басталып, келер жылы аяқталуы тиіс еді, алайда маған осы мәселе бойынша тұрғындар жиі арызданды, жергілікті халықтың наразылығы көбейді, бұлай жалғасуы мүмкін емес», — деді» облыс әкімі.

Ақтөбеге жасаған сапары аясында М.Мырзағалиев арнаны кеңейту проблемасына қатысты Сазды, Қарғалы, Елек, Жаман Қарғалы, Бұтақ, Песчанка, Тамды және Жіңішке өзендерінде арнаны тазалау және кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлерге барып, жағдайды өз көзімен көрді. Өзендерге жақын орналасқан аймақтарда тұрып жатқан жергілікті халықпен кездесіп, олардың бұл мәселеге қатысты арыз-шағымдарын да тыңдады.

Сегіз өзен және 6,7 миллиард теңге

Бүгінгі күні Ақтөбеде су тасу қаупі бар аймақтарда 65 мыңнан астам адам тұрып жатыр. 2017 жылғы су тасқынынан соң жергілікті билік қала аумағындағы сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын қоқыстан тазалау туралы шешім қабылдаған. Елек пен Қарғалы өзендерінің тоғысқан тұсында министрге мән-жайды түсіндірген Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов:

Ақтөбе қаласы 258 мың гектар аумақта орналасқан. Қалада сегіз өзен бар. Ең басты өзен — Елек. Бұл өзен қаланы қақ бөліп өтеді. Елек өзені Қарғалы өзенімен қосылады. 2017 жылы Ақтөбедегі су тасқынынан кейін осы сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын тазалау үшін жоба жасалды. Сегіз өзенді тазалауға республикалық бюджеттен 6,7 миллиард теңге бөлінді. Тендерді ұтқан 4 мердігер мекеме осы жұмыстармен айналысып жатыр. Олар — өзен тазалау жұмыстары бойынша тәжірибесі бар компаниялар, — деді.

Қарғалы өзенінің Ақтөбе қаласы маңындағы Садовое поселкесі аумағынан Елекке қосылатын тұсына дейінгі аралықтағы арна тазалау, кеңейту жұмыстарымен қазір «Компания Спецстрой» ЖШС айналысып жатыр. Келісімшарт бойынша бұл мердігер компания 2 миллиард теңгенің жұмысын жүргізуі тиіс. Министрдің алдында серіктестік басшылығы аталған компанияның мұндай жұмыстарды атқаруда 15 жылдық тәжірибесі барын, яғни бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларында өзен арналарын кеңейту жұмыстарымен шұғылданғанын айтты. Бұл компания қазірдің өзінде Сарайшықтың бойында дамбы салуды өз жауапкершіліктеріне алған.

Қарғалыға Жаман Қарғалы өзені келіп қосылады. Су қатты келгенде осы тұста бұрылыстарды бұзып кететін. Бұл жерде Президент резиденциясы орналасқан. 2017 жылғы су тасқыны кезінде резиденцияны да су басты. Қазір осы өзен арналарының бойында жеке үйлер салынған. Осыдан екі жыл бұрын болған, сол сияқты жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша 1993 жылғы  тасқын кезінде бұл аймақтарды түгел су басқан. Қазіргі күні осы аймақта өзен арнасын тазалау мәселесі үлкен проблемаға айналып отыр. Себебі, бұл маңды тазартатын болсақ, арна бойындағы жасыл желектерді кесуге тура келеді. Егер талдарды кесіп, өзен табанын тазалағаннан кейін, сіз айтқандай, жер сорғыш снарядын қоюға болады, — деп Ілияс Испанов министрге мән-жайды түсіндірді.

Ақтөбе қаласы әкімінің айтуынша, жергілікті халықты, оның ішінде қоғам белсенділері мен еріктілердің наразылығын тудырып отырған тағы бір мәселе —бұлақ көзін жабу проблемасы. Алайда, шаһар басшысы мұндай жағдайдың болуы мүмкін еместігін, тәжірибелі компаниялардың мұндайға жол бермейтінін айтты.

Өзен бойына жақын орналасқан үйлердің иелері біздің жұмыстарымызды қолдағанымен, ал кейбір тұрғындар тал кесу шараларына қарсылық тудырып отыр. Талапқа сәйкес, өзен арнасын 50 метрге кеңейтуіміз үшін сол маңдағы талдарды кесуге тура келеді, — дегені сол еді «Компания Спецстрой» ЖШС басшылығының, министр: «Сол 50 метрге кеңейткендегі аумақтан өтетін су бар ма?» деп сауал қойды.

Дәл қазіргі күні 50 метрге кеңейткен аумақтан ағатын су жоқ. Бұл — болашақта осы аумақта су басу қаупінің алдын алу үшін жасалып жатқан шара. Төтенше жағдайлар мамандарының айтуынша, бұл егер  су қоймаларында қандай да бір жағдай орын алса, келген суды өткізіп жіберудің мүмкіндігін қарастыру шарасы. Бұған 2017 жылғы жағдай да толық дәлел бола алады, сол сияқты бұл төтенше жағдайлар департаменті мамандарының жыл сайын айтатын талаптары, — деді Ілияс Испанов.

Бұл жерде экология министріне Ақтөбе өзендерінің арнасын кеңейту жұмыстарына қатысты жасаған жоба авторы, алматылық «Антарес Платинум» ЖШС бас инженері Еркін Тәжіғалиев, сол сияқты мердігер компания басшылығы мән-жайды түсіндіруге тырысты. Жергілікті тұрғындармен қатар, еріктілер де өз ойларын ортаға салды.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы аумағындағы өзен арналарын кеңейту жұмыстарын «Компания Спецстрой» мекемесінен бөлек, «Берекелді», «Гидроқұрылыс» және «Павлодарский речной порт» сынды серіктестіктер де өз жауапкершілігіне алған.

Жұмыс тобы құрылып, нақты шешім шығарады

Өзендердің бүгінгі жағдайы мен ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көргеннен кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапары соңында су басу қаупі бар аймақ тұрғындарын төтенше жағдайдың орын алуынан сақтандыру қажеттігі жайында айтты. Алайда бұл мәселені қандай жолмен шешу керек деген проблеманың туындап отырғандығын жеткізіп:

Президенттің тікелей тапсырмасымен Нұр-Сұлтан қаласынан бір топ маман Ақтөбеге келді. Арнайы топты өзім басқарамын.  Бүгін бірнеше нысанды аралап, халықпен кездестік, жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстық. Мен бір ойға келдім. Біріншіден, бұл жұмыстар өте қажет. Ақтөбеде 2017 жылы су тасқыны болып, жүздеген үй астында қалды. Енді осындай жағдай қайталанбас үшін тиісті жұмыстарды атқару керек. Дегенмен халықтың наразылығын туғызып отырғаны — «бұл жұмыстар қалай атқарылуда» деген мәселе. Қолданылып жатқан технологиялар дұрыс па, дұрыс емес пе? Тал кесу мәселесі наразылық туғызды, көп көтерілді. Жасыратыны жоқ, Ақтөбе шөлейтті өңір. Кесілген талдың орнын қалай толтырамыз, қайда егеміз деген де наразылықтар бар. Осы сұрақтарға жауап беру үшін біз арнайы топ құруымыз керек. Құрылған топтың құрамына жергілікті азаматтар да кіреді. Себебі, осында біз белсенділермен де, мамандармен де кездестік, сөйлестік. Қоғаммен, мамандармен ақылдасып, нақты шешімге келуіміз керек. Бүгін нақты шешімге келу қиын, — деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, жұмыс тобы қалыптасқан жағдайға байланысты ашық кеңесіп отыратын болады.

Мемлекет басшысы Ақтөбе өңірінің проблемаларын өте жақсы біледі. Сондықтан мұнда тек су тасқыны ғана емес, оған қоса Алға химия зауытының проблемасы, кәріз суын тазалау құрылғысына қатысты мәселе бар. Жергілікті халық түнде қалада жаман иістің шығатынын айтып жатыр. Бұл мәселені де тексеруіміз керек. Көкжиде кен орнының мәселелері де бар. Оны да қарастыруымыз керек. Осы мәселелердің бәрі біздің министрліктің құзырына кіреді. Бүгін айтылған пікірлердің бәрі естілді, тыңдалды. Сондықтан біз арнайы жұмыс тобын құрып, осы айтылған барлық мәселелерді қарастыратын боламыз. Осындағы экология департаментінің басшысына нақты тапсырма беремін. Себебі, осындағы иіс, қоқыс проблемаларына қатысты арнайы аудит жасап, бұл мәселенің өз шешімін табатынына ешқандай күмәнім жоқ. Ал өзен арнасын кеңейтуге қатысты жұмыстарды тоқтату мәселесі өте қиын сұрақ. Дегенмен, құрамына сарапшылар мен экологтар, министрлік пен әкімдік мамандары кіретін жұмыс тобы нақты шешім алу үшін ең кемі бір-екі апта уақыт керек. Мүмкін бір айдай уақыт кететін шығар. Сондықтан да меніңше, уақытша бұл жұмыстарды тоқтату қажет, — деді министр.

Мағзұм Мырзағалиев өз сөзінде Ақтөбе қаласында өзендердің арнасын кеңейту, тазарту жұмыстарына қатысты жасалып жатқан шараларды ғана емес, белсенділердің араласуымен белгіленген аумақтардан бөлек, бұл бағытта жоспардан тыс жерлерді де өз көзімен көріп, мәселеге қанық болғанын айтты. Экологиялық мәселеге алаңдаушылық танытқандарға сол үшін алғыс та білдірді.

P.S. Қазір Ақтөбеде ағысы қатты өзен жоқ. Қарғалының бойына таза ауаға шығып, демалатын қоғам белсенділері министрге осыны айтты.  Олардың қатарында «Актобе, Дыши!» экологиялық ұйымының мүшелері де бар. 

 Арайлым НҰРБАЕВА.      

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button