Басты жаңалықтар

Ақтөбе қаласының әкімі тағайындалды 

Ақтөбе қаласына жаңа әкім тағайындалды. Енді бұл міндетті бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Мавр Абдуллин атқаратын болды. Кеше жаңа әкім ҚР Президенті Әкімшілігінің және Ақтөбе қалалық мәслихатының келісімі бойынша облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өкімімен жұмысына кірісті.

Қала активінің қатысуымен өткен жиынға облыс әкімі, Ақтөбе қаласының бұрынғы және қазіргі басшылары қатысты. Жаңа әкімді қала активіне арнайы таныстырған О.Оразалин оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, қызмет барысында  Елбасы бекіткен бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты.

— Қаламызда жасалып жатқан жұмыстарды жалғастыру — біздің міндетіміз. Үлкен қала болғандықтан, үлкен мәселелер де болады. Соның ішінде тұрғын үй мәселелерін ұдайы назарда ұстау керек, қазір тұрғын үй кезегінде 30 мыңнан астам адам тұрса, соның 23 мыңнан астамы Ақтөбе қаласында тұрады. Бұған қоса экология мәселелерін реттеу қажет — қаладағы жағымсыз иісті жою, коммуналдық желілер мәселелері, жол жағдайы, әлеуметтік желілерде жиі көтерілетін, тұрғындар тарапынан жиі айтылып жатқан мәселелердің шешімін табуда қала халқымен бірлесе отырып жұмыс істеу керек. Қала тұрғындарымен ауызбіршілікте жұмыс жасайды деп сенемін, жаңа әкім осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, сапалы түрде атқаруы қажет, — деді Оңдасын Оразалин.

Мавр Абдуллин өзіне тапсырылған жауапты міндетті абыроймен атқаруға, Мемлекет Басшысының тапсырмаларын халықпен бірлесе отырып шешуге уәде берді.

Мавр Абдуллин 1973 жылы туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген. Ойыл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, Ойыл, Алға аудандарының әкімі, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

Актив жиыны барысында облыс әкімі қаланы соңғы үш жыл бойы басқарған Ілияс Испановқа облыс орталығының дамуына қосқан үлесі, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге атсалысқан еңбегі үшін алғысын білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

— Ілияс Сапарбекұлы Ақтөбе қаласының дамуына, өркендеуіне өз білім-білігіне сай адал еңбек етті. Сол үшін алғысымды білдіремін. Ілияс Сапарбекұлына орталықтан ұсыныс түсті, сондықтан, қала әкімі қызметінен босатуға байланысты өтінішін қабылдадым. Алдағы жұмысыңызға сәттілік тілеймін, — деді О.Оразалин. Ілияс Испанов өзімен бірге қоян-қолтық жұмыс істеген әріптестеріне, қала тұрғындарына алғысын білдіріп, жаңа әкімге алдағы жұмысында табыс тіледі. Шара барысында Қазақстанның Еңбек ері Құралай Байменова сөз алып, қызмет ауыстырған азаматтарға жұмыста жеміс тілеп, Ақтөбенің жаңа басшысын қаланың өркендеуі жолында халықпен бірге жұмыс істеуге шақырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button