Жаңалықтар

Қоғамдық штаб жұмысы қорытындыланды

Кеше облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалиннің төрағалық етуімен партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің отырысы өтті.

Жиында 9 маусымда елімізде өткен Президент сайлауына партия атынан ұсынылған кандидат — Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық штабының атқарған жұмысы жөнінде есеп берілді, сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты ұсыныстар қаралды.

Жиынға Саяси кеңестің мүшелерімен бірге, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттары, облыстық басқармалар басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.

Бірінші мәселе бойынша облыстық қоғамдық штаб басшысы, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұловаға сөз берілді.

— Сайлау — еліміздің демократиялық бағытта дамуына айтарлықтай үлес қосатын аса маңызды оқиға. Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлауалды науқанға белсенді түрде қатысуға тапсырма берген болатын. Біздің үміткеріміз — Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуді жүзеге асыру мақсатында құрылған облыстық қоғамдық штабтың құрамында 62 адам болды. Оның ішінде біз «Team Qazaqstan» жастар қанатының мүшелерін де осы жұмыстарға тарттық, — дей келіп, Сәния Мұсақызы сайлауалды науқан кезінде атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Nur Otan партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесінің мүшесі, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Тақталифум Есенғұлов пен «Team Qazaqstan» жастар қанатының мүшесі, Мәртөктегі №1 орта мектептің директорының орынбасары Артем Райзих сөз сөйлеп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Баршаға ортақ игілік. Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға байланысты өз ой-пікірлерін жеткізді.

— Азаматтарымыз еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, алаңсыз өмір сүрулері үшін экономикалық өсім керек, сонымен бірге қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою үшін күресуге тиіспіз. Президенттің тапсырмасына сай, бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін осы құбылысқа қарсы жүйелі түрде жұмыс жүргізіледі, — деді Тақталифум Есенғұлов.

Өз ойын қазақ тілінде әдемі жеткізген Артем Райзих партия мүшелерін Мемлекет басшысы айқындаған ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді бірлесе атқару жолында белсенділікке шақырды.

Бұдан соң жиында қаралған мәселелерге байланысты тиісті қаулы қабылданды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиынды қорытындылай отырып сөйлеген сөзінде қалалық және аудандық филиалдарда, бастауыш партия ұйымдарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттер мен «Бірге» жалпыұлттық акциясының барысында ел азаматтарынан келіп түскен ұсыныстарды жүзеге асыру мәселелерін талқылау мақсатында жиындар өткізуге тапсырма берді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы Nur Otan партиясы фракциясының депутаттарына халықпен кездесіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында алға қойылып отырған міндеттер жөнінде айтып-жеткізу тапсырылды.

Жиын соңында сайлау науқанына белсене қатысқан бір топ адамға марапаттар тапсырылды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button