Басты жаңалықтарМереке

Мерейлі қызметтің марапаты

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мереке салтанатты түрде атап өтілді. Шығармашылық академиясында өткен жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин мемлекеттік  қызметшілерге жүктелген жауапкершілік пен ел алдындағы міндеттің  зор екенін айтты.

Құрметті әріптестер! Басты міндетіміз — халыққа қызмет ету. Мемлекеттік қызметшінің еңбегі Отаны мен халқына адал болуымен бағаланады.

Мемлекеттік қызметші ел сенімінен шыға білсе, одан артық мәртебе, одан асқан бақыт жоқ деп есептеймін.

Бүгінгі күні облысымызда 4,5 мыңнан астам азамат мемлекеттік қызметте. Олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатындағы жұмыстар ұдайы жалғасады. Соның ішінде жас мамандарға жалдамалы немесе жеңілдетілген пайызбен тұрғын үйлер берілуге мүмкіндіктер жасап жатырмыз.

Осындай мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бәрімізге ортақ. Көптеген әлеуметтік мәселелер шешіле бастады. Қызмет болғасын түрлі мәселелер де туып жатады. Халықпен тікелей жұмыс істегендіктен, жұртшылықтың   өтінішіне, өкпе-наздарына құлақ түреміз. Ашу-ызасын айтып тастайтындар да болады. Ондайға сабырмен,  байыптылықпен  қарау керек. Сонда ғана қиындықтарды жеңіп шығамыз. Келешекте талай жұмыс күтіп тұр,— деген облыс басшысы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваға «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тағып, жеті мемлекеттік қызметкерге  Алғыс хат пен мерекеге арнайы дайындаған естелік сыйлығын тапсырды.

Одан соң облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Довматенко 5 мемлекеттік қызметшіні марапаттады.

Мерекелік шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері  агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент  басшысы Расул Медетов  5 адамға  Алғыс хат табыстады:

Мемлекеттік қызметші  кәсіби білікті және білімді болуы керек. Бұл – біріншіден, абырой, екіншіден, үлкен жауапкершілік. Өйткені мемлекеттік қызметшіге көптеген шектеулер бар. Олар көпшілік сияқты барғысы келген жерге бара бермейді.

Өздері туралы кез келген жаңалықтарды бөлісе алмайды. Шетелде, демалыс орындарында немесе тойларда түскен суреттерін әлеуметтік желіге сала алмайды. Өзінің ойын, пікірін салмақты, байыпты түрде жеткізе білуі тиіс. Осындай шектеулерге, салыстырмалы түрде жалақыларының орташа, кейде төмен екендігіне қарамастан өздерінің жұмысын абыройлы, ресми түрде жасап келе жатыр. Басшыдан бастап жас маманға дейін бірлесіп жасап жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауыл-аудандарда, облыста жақсы жетістіктерге жетіп, республикада  көрсеткіштеріміз өсуде.  Алайда  мемлекеттік қызметшілер арасында жауапсыздар да  жоқ емес. Заң бұзғандар жауапкершілікке тартылады.  Дегенмен,  сыбайлас жемқорлыққа қатысты істі болғандар тым аз, көрсеткіштер айтуға тұрмайды. Бұл — қуанарлық жағдай.  Барша мемлекеттік қызметшілерді  төл мерекесімен құттықтап,  ел игілігі үшін қызмет етуге шақырамын,— деді Р.Медетов.

Осыдан  кейін облыс әкімі облыстық прокуратураға барып құқық қорғаушылардың жұмысымен танысты. Прокуратура ғимараты толықтай заман талабына сай жабдықталған, бір бөлмесінде осы саланың тарихын суреттейтін музей бар.  Музейде  прокуратура қызметінің  қалыптасуы мен облыстағы алғашқы басшылары туралы мағлұматтар, фотосуреттер жинақталған.  Бүгінде облыс бойынша 188 прокурор болса, оның  55-і — әйелдер. Биылғы жылдың 5  айының қорытындысы бойынша қылмыс өткен жылғымен салыстырғанда 15 пайызға азайған. Құзырлы орган қызметкерлерімен өткен кездесуде облыс әкімі облыстың бас прокуроры Марат Қайбжановқа «Ақтөбе қаласына 150 жыл» мерекелік медалін табыс етті.

Сіздердің мамандықтарыңыз ерекше. Жұмыстарыңыз көп. Уақытпен санаспай, кез келген уақытта шақырту аласыздар. Сонда да сыр білдірмей, жұмыстарыңызды жауапкершілікпен атқарасыздар. Қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қадағалайтын құқық қорғау қызметі күрделі әрі жауапты сала, — деп түйіндеген  облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы бірнеше қызметкерді Алғыс хатпен марапаттады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button