Спорт

Сырт алаңдағы тең ойын

Премьер-Лига

«Атырау»-«Ақтөбе» — 1:1

«Астана» сырт алаңда жеңілді де, жеңген «Ордабасы» 3-орынға көтерілді.  Ал 3-орындағы «Қайрат» өз алаңында тең ойнауға мәжбүр болды да, 4-орынға сырғыды. Осымен қатарынан бесінші рет жеңіске жеткен «Тобыл» ұпай саны жөнінен «Астанамен» теңесті.

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда ойнады. Ойын тең есеппен аяқталды. Рас, кездесудің басында алаң иелері еркін қимылдады, бірнеше шабуылдар жасады. Тіпті бір шабуыл кезінде Қуаныш Қалмұратов баспен бағыттаған доп тура бағанды жанай өтті. Дегенмен ақтөбеліктер аса абыржыған жоқ. Қарымта шабуылдар ұйымдастырып, қарсыластарды жаңылдыруға тырысты. Солай болды да. 18-минутта «Ақтөбе» тайлы-таяғымен қарсыластар қақпасына лап қойды да, Рустам Сахибов тастаған тамаша пасты Ардақ Сәулет голға айналдырды. Әрине, алаң иелері есе қайтаруға тырысып бақты. Тіпті бірінші таймның соңына таман олар «Ақтөбе» қақпасын торуылдауды тым жиілетіп жіберді. Ал біздің қорғаушылар бұған тосқауыл қойып та үлгеріп жатты. Дегенмен 44-минутта Қуаныш Қалмұратов орындаған бұрыштама доп қапы қалдырды. Әуелете тебілген доп әлдебір сиқырлы траекториямен ешкімге де соқтықпай, Игорь Трофимецтің үстінен де асып түсіп, қақпаның оң жақ бұрышына зып етіп кірді де кетті.

Екінші таймның бастапқы шағында алаң иелері есепті ұлғайтуға белсене кірісті. Бірақ біздің қорғаушылар бұл жолы аса сақ қимылдады, алаң иелерін аттатпады. Сөйтіп, бірте-бірте белсенділік «Ақтөбеге» ауысты. Допты бақылаудан шығармаған жерлестеріміз жойқын шабуылдар ұйымдастырды. Тіпті бір рет доп бағанға тиіп кері серпілді. Ал Асланбек Кәкімов пен Абат Айымбетов гол соғарлықтай тамаша мүмкіндіктерді пайдалана алмай қалды. Жалпы қай кездегідей бұл кездесуде де біздің жігіттеріміз аянбай күш-жігер жұмсағанымен, әттең, қақпаның кілтін таба алмай қалатын дертке қайта ұрынды. Үш ұпай олжалауға болатын ойын өрнегін көрсеткенімен олар Ақтөбеге осылайша бір ұпаймен ғана оралды.

«Атырау»-«Ақтөбе» — 1:1

Гол авторлары: Ардақ Сәулет, 18-минут (0:1), Қуаныш Қалмұратов, 44-минут (1:1).

Ескерту қағазын алғандар: А.Макуов, 39-минут («Атырау») — И.Трофимец, 90+1 минут, Ж.Көкеев, 90+3 минут («Ақтөбе»).

«Атырау»: Владимир Логиновский, Андрей Шабаев, Қуаныш Қалмұратов (Дәурен Мәжитов, 89-минут), Ризван Аблитаров, Ивица Жунич, Айболат Мақуов, Рафаиль Оспанов, Андрей Ткачук, Эдуард Сергиенко, капитан (Владимир Воменко, 64-минут), Алексей Родионов (Сергей Загинайлов, 70-минут), Дарко Бьедов.

Бас бапкер Олег Дулуб.

«Ақтөбе»:Игорь Трофимец, Әділхан Таңжарықов, Виталий Волков (капитан), Есен Жасанов, Рустам Темірхан, Рустам Сахибов, Саша Марьянович, Асланбек Кәкімов (Әлішер Әжімов, 88-минут), Ардақ Сәулет, Жамбыл Көкеев, Абат Айымбетов (Рустам Өксімбаев, 90+3 минут).

Бас бапкер Александр Седнев.

23 маусым 2019 жыл. Атырау. «Мұнайшы» стадионы. 4500 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Қайсар» (Қызылорда)-«Тараз» (Тараз) — 1:1

«Қайрат» (Алматы)-«Жетісу» (Талдықорған) — 0:0

«Ертіс» (Павлодар)-«Шахтер» (Қарағанды) — 0:0

«Ордабасы» (Шымкент)-«Астана» (Нұр-Сұлтан) — 3:2

«Тобыл» (Қостанай)-«Оқжетпес» (Көшетау) — 2:0

*   *   *

Сонымен 1-3 орын иелері: «Астана» (35 ұпай), «Тобыл» (35 ұпай), «Ордабасы» (30 ұпай). Басқа командалардан «Астананың» екі ойыны артық.

4-6 орындарда «Қайрат» (29 ұпай), «Қайсар» (27 ұпай), «Жетісу» (23 ұпай) тұр. Басқалардан «Қайраттың» бір ойыны артық.

7-9 орын иелері өзгерген жоқ: «Шахтер» (19 ұпай), «Оқжетпес» (15 ұпай), «Ертіс» (14 ұпай). «Ертіс» басқалардан бір ойынды артық өткізді.

10-11 орында да бұрынғысынша «Тараз» бен «Атырау» келе жатыр. Бұлар 12 ұпайдан жинады. «Атыраудың» басқа командалардан екі ойыны артық.

Еш ұпайы жоқ (-4) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

16-тур ойындары 30 маусым, жексенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Павлодардың «Ертіс» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

«Астана» — «Қайрат»

«Жетісу» — «Тобыл»

«Ордабасы» — «Қайсар»

«Оқжетпес» — «Атырау»

«Шахтер» — «Тараз»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button