Спорт

Айбек Италияға барады

Ақтөбелік спортшы Айбек Қамзенов Қазақстан Республикасының Х жазғы универсиадасында суда жүзуден жеңімпаз атанып, Италия елінің Неаполь қаласында өтетін бүкіләлемдік жарысқа жолдама алды.

Спортшы бүгінге дейін көптеген жарыстарда топ жарып, жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Суда жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасы ашық чемпионатының жеңімпазы, Болгария елінің София қаласында өткен Болгария ашық халықаралық турнирінде 200 метр қашықтықта брасс жүзуден күміс жүлдегер, 100 метр қашықтықта брасс жүзуден қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ Ашхабат қаласында өткен Азия ойындарында жүлделі 3-орынға қол жеткізді.

— Суда жүзу — спорттың ерекше әрі пайдасы мол түрі. Ата-анам 7 жасымда осы спортқа алып келді. Қазіргі таңда «Достық» су спорты орталығында жаттығу жүргіземіз. Жаттықтырушым — Азамат Сарбасов.

Республикалық универсиадада бірнеше қашықтыққа жүзуден 4 алтын медальға қол жеткізіп, дүниежүзлік додаға қатысуға жолдама алдым. Бұл — мен үшін зор мүмкіндік,— дейді Айбек Қамзенов.

Айбек қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің денешынықтыру мамандығы бойынша 3-курсын аяқтады. Болашақта Олимпиада чемпионы болуды армандайды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button