Басты жаңалықтар

Полицейлерге құрмет көрсетілді

Кеше Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында полицейлердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Мерекеге облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын, халықтың қауіпсіздігін сақтайтын құқық қорғаушылар қандай да құрметке лайық. Кеше ақтөбелік полицейлерге құрмет көрсетілді. Мерекелік шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин полиция қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау қызметтеріне жетістіктер тіледі.

Ауа райының ыстық-суығына қарамастан, күндіз-түні халықтың тыныштығы мен құқығын қорғауда жауапкершілігі мол жұмысты абыроймен атқарып келесіздер. Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт тіршілігі — біздің ең қымбат құндылықтарымыз. Кез келген мемлекеттің дамуы ішкі тұрақтылыққа тікелей тәуелді. Полиция қызметкерлері жұмысының басты көрсеткіші — қоғамдық тәртіптің сақталуы, азаматтардың ішкі істер органдары мен олардың қызметкерлеріне деген сенімі. Қай кезде де қылмыспен күресудің алдыңғы сапында тұратын — сіздерсіздер. Заң талаптарына сай әділдік үстемдік құрған қоғамда ғана ілгері басушылық болады. Сол себепті ұсақ құқықбұзушылықтарға, мүлдем төзбеушілік принципін ұстану — заманның басты талабы. Бүгінде Қазақстан халықаралық қауымдастықтың толық құқылы мүшесі саналады. Біздің еліміз барлық халықаралық құқықтық актілерге қосылған. Сондықтан біз еліміздің имиджін айшықтап, Конституциямыз бен Заңдарымызда бекітілген адам құқықтарының сақталуына барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз, — деді Оңдасын Оразалин.

Бүгінде жергілікті атқарушы билік полиция құрылымдарының толыққанды жұмыс жасауы үшін барлық шараларды атқаруда. Бюджетті қаржыландыру да жылдан-жылға өсіп келеді. Облыс әкімінің айтуынша, соңғы үш жылда осы бағытқа жергілікті бюджеттен 22 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

— Бүгінде полиция қызметкерлері тиісті құралдармен жабдықталған. Соңғы екі жылдың ішінде 270-тен астам жаңа автомобиль табысталған болатын. Мамандарды оқыту, кәсібилікті шыңдауға да толық мүмкіндіктер қарастырылуда. Мұның барлығы өңірдің тұрақтылығы, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауда өздеріңізге жасалып жатқан жағдай, — деген облыс басшысы салтанатты шарада 14 полиция қызметкерін Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Атығай Арыстановқа Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгіні табыстады.

Бұдан кейін, департамент бастығы жеке құрамды және сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, өздерінің алдарына қойылған ел тыныштығын қорғау жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі. «Біз қарулы қарақшылар мен террористерден азаматтарды қорғау кезінде қаза болған қызметкерлердің рухы алдында басымызды иеміз», — деді А.Арыстанов.

Мерекеге жиналғандар ел тәуелсіздігі жылдарында өзінің халық алдындағы антына адал болып, қызметтік міндеттерін өткеру кезінде қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болғандардың қатарында  аға лейтенант Айса Қартов, лейтенант Аманкелді Кұсжанов, майор Абат Нұрымжанов, майор Қымбатқазы Оразалин, сержант Нұрлан Алпысбай, аға сержант Айдос Боранбаев, капитан Рүстем Кенжалин, аға лейтенант Руслан Жолдыбаев, старшина Темірбек Жақсылықбаевтар бар.

Мерекелік шарада бірқатар қызметкерге ҚР Ішкі істер министрінің атынан Құрмет грамоталары, сондай-ақ 4 ардагерге «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері» төсбелгілері табысталды.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Жанна Макаревичке мерзімінен бұрын полковник атағы, майор атағы аға жедел уәкіл Қайрат Жазымовқа табысталды. «Құқық тәртібін қамтамасыз еткені үшін» медалі креминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Сергей Герасименконың және тағы 3 қызметкердің кеудесіне  «2-дәрежелі ішкі істер органының үздігі» төсбелгілері тағылды. Сонымен бірге, ҚР ІІМ Құрмет грамотасы полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары Руслан Фазкулинге табысталды.

Облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен 477 полиция қызметкері көтермеленді, оның ішінде 5 ішкі істер органы ардагері мен 5 қызметкер Құрмет грамотасын иеленді, 467 қызметкерге алғыс жарияланды.

Бұдан басқа, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған 9 қызметкердің жұбайларына материалдық көмек көрсетілді.

Мерекелік шара облыстық филармония әртістері мен полиция департаменті мамандарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button