Басты бет » Әлеумет » Жұмыссыздық және жарна

Жұмыссыздық және жарна

Ақтөбе қаласында бүгінгі күні 1700-ден астам жұмыссыз адам тіркелген. Оларды еңбекке тарту шаралары жыл бойы жалғасады. Кеше «Қамқор» акциясы аясында К.Нокин атындағы айналма тасжолының бойында жұмыс іздеп тұратын адамдарға ақпарат берілді.

—Бірінші сәуірден бастап кедейшілік шегі бойынша отбасының табыс көлемі 20 798 теңгеден аспаса, атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Егер үй иесі еңбекке жарамды болса, оған жұмыс ұсынамыз. Ол біз ұсынған жұмыстан үш рет бас тартса, оның  өзіне емес, отбасына бір жылға дейін атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Өкініштісі, азаматтардың барлығы біз ұсынған жұмыстардан бас тартады. Оларға жеңіл және  айлығы тым жоғары жұмыс керек. Қазір қалада құрылыс қарқыны мықты. Құрылысшының айлығы — 90 мың теңге. Бірақ жұмысты қиынсынып бармайды. Егер денсаулығы жарамаса, еңбекке жарамсыздық парағын сұраймыз. Олар әкелмейді. Көпшілігі біреудің күнделікті шаруасын істеп, табыс тапқанды тәуір көреді.

Сондай-ақ бірінші қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген адамдар үшін  бірыңғай жиынтық төлем жүйесі енгізілді. Төлемнің көлемі қала бойынша 2525 теңге. Бұл төлемнің ішіне зейнетақы және сақтандыру қорының  жарнасы кіреді. Сондықтан көшеде жұмыс іздеп тұратын азаматтардың барлығына зейнетақы мен сақтандыру жарнасы міндетті түрде қажет екенін айтып, түсіндіріп жатырмыз, — дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева.

Сонымен бірге  кәсіби білімі жоқ азаматтар орталық арқылы тегін оқытылады. Оларға кейін жұмыс тауып беріледі. Кәсіп ашамын деген азаматқа қаржылай көмек көрсетіледі. К.Нокин даңғылының бойында тұрған жұмыссыздарға осы ақпарат айтылды. Бірі түсініп хабарласатынын айтса, енді бірі бас тартты.

Жалпы жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 6900 адам хабарласқан.

Кәмшат ҚОПАЕВА.