БілімБасты жаңалықтар

Сегіз ауданның талапкерлері білімдерін сынады

Бейсенбіде облыстың Темір, Хромтау, Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би, Мұғалжар, Ойыл, Қарғалы аудандарында мемлекеттік білім гранты конкурсына талаптанғандар Ұлттық бірыңғай тестілеуден сынға түсті.

Қай кезде де бірінші бастаған қиын ғой. Ертеңгі күндеріне алаңдаған талапкерлер ҰБТ сынағын тапсырарда қобалжып, тамаққа тәбеттері болмай, уайымдайтындары анық. Осындай кезеңді артқа тастаған алғашқы лекте сынға түсіп, сүрінбей өткендерді әңгімеге тартқан едік.

Мұғалжар ауданы №4 Қандыағаш орта мектебінің түлегі Аружан Темірхан өзінің тестілеуден шаршамай шыққанын, бәрі ойдағыдай өткенін айтып берді.

— Қазақ әдебиетін қызығып оқимын. Алайда ана тілімнің өзіммен мәңгі бірге екенін түсіне отырып, болашақта шет тілі маманы болғым келеді. Он бір жыл алған білімімді пысықтап, тестке тыңғылықты дайындалып бардым. Мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, жоғары оқу орнына түсіп кетсем екен деп тілеп жүрмін, — дейді талапкер Аружан Темірхан.

Ж.Жүсібәлиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Әсет Дайынова:

— Мен бала кезден орыс тіліне қатты қызығатынмын. Меруерт Ғаббасова, Жұмагүл Рамазанова секілді орыс тілі пәнінің мұғалімдерін ерекше жақсы көремін, оларға алғысым шексіз. Қолым қалт еткенде орыс тілінде жазылған кітаптарды, шетел әдебиетін оқимын. Қазір Лев Толстойдың «Война и мир» кітабын оқып жүрмін. Енді бастадым. Болашақ мамандығымды да орыс тілімен байланыстырғанды қалаймын. Басқа да талапкерлерге сәттілік тілеймін, — деді Әсет Дайынова. Ұл баланың есімін иеленген ол — отбасындағы төрт қыздың кенжесі, еркесі екен. 

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, алғашқы екі күн бойы бәрі ойдағыдай, тыныш өтті. Аудандар бойынша түлектер тарапынан да, мұғалімдер тарапынан да ешқандай шағым түспеген. Ал кеше 300-ден астам ақтөбелік талапкер Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектепте тест тапсырды.

Ал 22, 23, 24, 26 маусым күндері қалған ақтөбелік талапкерлер С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында тапсыратын болады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button