Мәдениет

«Дала дидары» ән мен күйге бөледі

Өнер

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр сахнасында Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығының«Дала дидары» атты өнер ұжымының кеші өтті.

Шараның басында аталған орталықтың директоры, ақын Бауыржан Халиолла көрермендерге «Дала дидарының» Қадырақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында құрылғандығын жеткізді.

— Бұл өнер ұжымының Ақтөбе облысына алғаш рет келуі. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы осыдан төрт жыл бұрын ашылды.Орталықтың ерекшелігі — тек қана ақынның шығармашылығы насихатталып қана қоймай, ұстаздармен, музей, кітапхана саласының мамандарымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, түрлікездесулер ұйымдастырылады.

Көшпелі өнер ұжымы тек Батыс Қазақстан аймағында ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде өзінің шығармашылық сапарын бастады.

Орталықта ақын шығармаларына арналған көптеген жобаларымыз да бар. Мәселен, ауылдағы өзінің аймағына танымал, көпке үлгілі азаматтармен басқосулар өткізу мақсатында «Ауылдағы ардақтылар», соңына өшпесіз қалдырған ұлы тұлғаларды ұлықтау мақсатында «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» жобалары қолға алынды.  Сондай-ақ «Елеулі есімдер» жобасымен өнер,  мәдениет,  білім,  денсаулық және басқа да салаларда еңбек сіңірген есімі елеулі тұлғалармен кездесулер өткізіліп, рухани кештер ұйымдастырылады, —деді өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла.

Кешке белгілі айтыскер ақын Жансая Мусина қатысып, өнер ұжымының өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. Атап айтсақ, Ернар Өмірәлі, Дастан Есентемір, Гүлзада Ахметова, Мәди Сабыров пен Диана Төлешова, Айбар Қайырхан, Ернар ҚуанышевтарҚадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Ақ Жайық», «Не жетеді…», «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», «Тамаша», халықтың жүрегінен орын алған «Сыған серанадасы», «Тамды аруы», «Өз елім» секілді жиырмаға жуық әнді шырқап, бірқатар өлеңдерін оқыды.  Сондай-ақ кеште Құрманғазының «Төремұрат», «Адай» күйлері, Дәулеткерейдің «Көроғлы», Жантөренің «Шалқыма» күйлері күмбірлете төгілді.

Бүгінде ұжым құрамында отызға жуық адам бар. Айта кетейік, ақынның 80 жылдық мерейтойына орай ашылған мәдениет және өнер орталығы төрт жылдан бері жүйелі жұмыс жасап келеді. Орталықта мерекелік концерттер, әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылық кештері, ғылыми конференциялар өтеді.

Шара соңында Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалыныңдиректоры Бауыржан Бабажанұлы сөз сөйлеп, Қадыр Мырза Әли туралы естелік әңгімелер айтты. Сондай-ақ жұртшылыққа рухани кеш сыйлаған өнер ұжымына ризашылығын білдіріп, облыс әкімінің  орынбасары Марат Тоқжановтың атынан естелік сыйлық тарту етті.

Кеш  ақынның сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button