Басты жаңалықтар

Мәртөктіктерді не мазалайды?

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мәртөк ауданына барып, бірнеше ауылдық округтегі шаруашылықтардың жай-күйімен, әлеуметтік ғимараттармен танысты. Сондай-ақ тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады.

29 мың халқы, 13 ауылдық округі бар Мәртөк ауданында негізінен ауызсу, газ және жол мәселелері өзекті. Биыл көктемде апатты жағдайына байланысты жабылған Елек өзенінің бойындағы өткел (Қаратоғай ауылындағы) де тұрғындарды ерекше алаңдатады. Өйткені соның салдарынан облыс орталығына жету біршама қиындаған. Атқарушы билік өкілдері алдымен соның ахуалын барып көрді.

— Елді мекендерді аралап жүргенде осылай әрқайсысыңыздың мәселелеріңізді білгіміз келеді. Өйткені аудан орталығы мен мұндағы түйткілдер — екі бөлек дүние. Мына көпірдің жобалық-сметалық құжатын әзірлеу үшін алдымен 5-6 миллион теңге қажет екен. Мұндағы мамандар оған жарты жыл кетеді деп тұр. Ал құрылыстың өзіне 200 миллион теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Бұл — аудан әкімі бастаған құзырлы орган өкілдерінің осы жаңа айтып отырған сөзі.

Менің айтарым, көпірдің жобалық құжатын жылдың соңына дейін талапқа сай етіп тапсырыңыздар. Кейін алдағы жылдың жоспарына енгізуге болады.  Егер бәрі дұрыс болса, көктемде құрылысты бастап кетуге тырысамыз. Бірақ барлық нәрсе мамандардың ыждағаттылығына байланысты, — деген Оңдасын Сейілұлы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваға аталған сұрақты назарға алуды тапсырды.

Ал сол жерге жиналған ауыл ақсақалдары тұрғындардың дені қалаға қатынап жұмыс істейтінін, жол мен көпір мәселесінің өте маңызды екенін атап өтті.

Осы көпірге айрықша мән беруді сұрады.

Құмсай ауылында да қордаланып қалған мәселелер аз емес. Соның бірі — бос тұрған ғимараттарды тұрғындардың игілігіне беру жайы. Тарқатып айтсақ, 2010 жылы тұрғызылған  97 шаршы метрлік 10 үш бөлмелі, 113 шаршы метрлік 10 бес бөлмелі, екі қабатты кеңсе ғимараттары қазіргі таңда қаңырап тұр. Кезінде зауыт жұмысшылары үшін салынған үйлерге электр желісі тартылған, көпшілігі шарбақпен қоршалыпты. Аталған нысандар мемлекет меншігіне өткен жағдайда 5 аз қамтылған отбасыны, 5 көпбалалы отбасыны, 5 бюджеттік мекеме қызметкерін, 5 жетім баланы тұрғын үймен қамтамасыз етуге болады екен. Өз кезегінде аудан әкімі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны — 560.

Иесіз тұрған нысандарды аралап шыққаннан соң облыс әкіміне оларды алдымен жөндеу керек екенін, кейін сатып алуға болатыны туралы айтылды. Бастаманы оң бағалаған Оңдасын Оразалин барлығының заң аясында жүргізіліп, мұнда да ең алдымен құжат жайын пысықтауды тапсырды. Тұрғын үйлерді бағалау жұмыстары жасалып, құжаты дайын болған соң ғана нақты шешім шығарылмақ.

Одан соң көшпелі жиын ұйымдастырылып, аудан әкімінің орынбасары Исатай Еспағанбет аудандағы елді мекендерді ауызсумен және газбен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты баяндама жасады. Хазірет, Ақмоласай ауылдарына су құбырын жүргізу қажеттігі айтылды.

Жұмыс сапары Құмсай ауылында салынып жатқан сорғы станциясына барумен жалғасты. Қазан айында пайдалануға берілгелі отырған нысанның бас мердігері — «Алихан ойл» ЖШС. Жобаға 216 миллион теңге қаражат бөлінген.

Облыс әкімі Родников ауылдық округіне де соқты. Мұнда орналасқан «Родники – Агро» ЖШС-на барған билік өкілдері арнаулы техникамен, материалдық базамен танысты. Іргесі 1995 жылы қаланған кәсіпорында елімізде баламасы жоқ, шетелдік озық қондырғылар, ауыл шаруашылығына қажетті көліктер бар екен. Соның бәрін қаз-қатар тізіп қойған кәсіпорын басшылығы ұжымда 140 адам еңбек ететінін жеткізді. Астық сақтайтын 8 қоймасы бар шаруашылықтың жұмысына билік өкілдері табыс тіледі.

Хазірет ауылдық округіне де жол түсті. Басты мақсат — аталған елді мекендегі апаттық жағдайда тұрған дәрігерлік амбулаторияны қарап шығу. Осыдан он жыл бұрын пайдалануға берілген медициналық мекеме қазіргі таңда ауылдық клубтың бір бөлмесін паналауға мәжбүр. Өйткені өз ғимаратында ем-дом көрсетуден бұрын келушілерге қауіп төндіріп тұр: төбесі тесіліп, қабырғалары қақыраған, едені де көз ұялатындай күйде. Ал 554 тұрғын тіршілік кешіп жатқан аталған ауылдық округте «басы ауырып, балтыры сыздайтындар» аз емес.

— Бұл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу керек пе, әлде жаңадан салу керек пе, бірінші соны анықтап алған жөн. Мамандармен бір мәмілеге келген соң жобалық құжатын тапсырыңыздар. Кейін мәселені мүмкіндігінше шешуге тырысамыз, — деді облыс әкімі.

Дәрігерлік амбулаторияның алдына жиналған халық Оңдасын Оразалинге өздерінің мұң-мұқтажын жеткізді. Атап айтсақ, хазіреттіктер ауылға газ бен судың тартылғанын мықтап сұрады. Сондай-ақ, әсіресе, қыс мезгілінде жолдың тазартылмайтынын, соның кесірінен қалаға жету үлкен қиындық тудыратынына шағымданды. Алғашқы екі мәселені реттеу үшін алдымен жобалық-сметалық құжатты дайындау қажеттігін айтқан облыс әкімі бұны аудан әкіміне тапсырды. Ал жолдың қардан аршылмайтынын естігенде:

— Бұл ауыл көлемінде шешілетін мәселе ғой. Неліктен халықты маған айтуға дейін жеткізіп отырсыздар? Келесіде бұл сұрақ маған қойылмайтындай болсын, тез арада ретке келтіріңіздер, — деген Оңдасын Сейілұлы сол бойда жиналғандардың көзінше аудандағы жауапты сала өкілінен осы мәселені түзейтіні жөнінде уәдесін алды.

Келесі бағыт Жездібай ауылындағы «Көквест» ЖШС-мен танысуға ұласты. Ел Тәуелсіздігімен түйдей құрдас кәсіпорын егін және мал шаруашылығымен айналысады. Жер көлемі — 18 448 гектар. 60 жұмысшысы бар. 851 бас ірі қараға иелік етіп отырған Владимир Проскурин асылтұқымды малдан бөлек, шошқа шаруашылығын да мықтап қолға алғанын байқадық. Кәсібінің нәсібін көріп отырған шаруа жүріп өткен жолы жөнінде әңгімелеп, алдағы жоспарымен де бөлісті. Артынша қойма, жұмысшылардың жатын орны, т.б. таныстырды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Мәртөк-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button