Денсаулық

Ақтөбелік кардиолог «Ақ жүрек» белгісіне ие болды

Жақында Алматы қаласында кардиологтардың халықаралық конгресі ұйымдастырылды. Халықаралық жиында кардиологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу саласында инновациялық тәсілдерді енгізу, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында» айтылған мәселелер талқыланды. Шара барысында еліміздің медицина саласында жемісті еңбек етіп жүрген кардиолог дәрігерлерге «Ақ жүрек»  төсбелгісі тапсырылды. Олардың қатарында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің кафедра меңгерушісі,  медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Құрманалина да бар.

Ақтөбелік делегация құрамында болған медицина ғылымдарының кандидаты, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің №2 ішкі аурулар кафедрасының профессоры, кардиолог дәрігер Бекболат Жолдин әріптесін газет арқылы құттықтап, кардиология саласындағы өзгерістер туралы айтқан болатын.

Дәрігердің айтуынша, елімізде мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы қан айналым жүйесі аурулары, оның ішінде миокардтың жіті инфаргі, сондай-ақ басқа да инфекциялық емес аурулармен науқастану және көз жұму деректері азайған. Ақтөбе облысында да ауру мен өлім көрсеткіші төмендеген.

— Конгреске қатысушылар Елбасы Жолдаулары және «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылуға тиіс бірнеше басым бағытты белгіледі. Олардың қатарында медициналық-санитарлық алғашқы көмектің пациентке бағдарланған үлгісін дамыту, цифрландыру және ақпараттандыру, емханаларға тіркеу ережелерін жеңілдету, ІТ мониторинг негізінде пациенттердің өзін тарта отырып, созылмалы ауруларды емдеуде «Ауруларды басқару бағдарламасын» жүзеге асыру сынды басым бағыттар бар. «Ауруларды басқару бағдарламасы» дегеніміз — науқастарды аурудың асқынып кетуінің алдын алуға, аурумен күресуге үйрету, яғни ауруға бағыну емес, оны «бағындыру», «басқару». Кардиологиялық емдермен бірге кардиохирургиялық емдер туралы да айтылды. Қазақстан медицинасы жағдайында практикалық тұрғыда енгізуге болатын инновациялық әдістер талқыланды. Мәселен, жүрек ырғағы бұзылған науқастарға операциясыз ем жүргізу тәсілдері қазір тек шетелде ғана емес, елімізде де қолжетімді. Бізде ол үшін қажетті құралдар да бар, мамандар да жеткілікті, — дейді Б.Жолдин.

Халықаралық форумға Ақтөбеден облыстық, қалалық, аудандық медицина ұйымдарынан жиырма адам қатысқан. Шара соңында сарапшы мамандар ел медицинасына енгізілуге тиіс ұсыныстарды сараптап, министрлікке жолдау үшін қарар әзірледі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button