Экономика

Қарапайым заттар экономикасы: Ақтөбеде алғашқы жоба мақұлданды

Ақтөбеде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында алғашқы жоба мақұлданды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Forte банк» АҚ және «М-Трио» жиһаз компаниясы арасында үш жақты субсидиялау туралы келісімге қол қойылды.

Елбасының былтырғы халыққа Жолдауында халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажеттігі айтылған болатын. Осы мақсатта Үкіметке басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлу жүктелген-ді.

«Қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру халық күнделікті тұтынатын заттарды сырттан алмай, өзімізде өндіруге септігін тигізеді. Бұл бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге халық күн сайын тұтынатын 400-ден астам тауарды өндіруге және көлемін арттыруға мүмкіндік беріледі.

Ақтөбеде «қарапайым заттар экономикасы» бойынша жүзеге асырылатын алғашқы жоба жиһаз өндірісіне қатысты. «М-Трио» ЖШС директоры Төлеген Жақсылықовтың айтуынша, аталған компания 2015 жылы кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бірінші рет несие алып, жаңа жабдықтар алғанын айтады.

— Алдымен гаражда жұмыс істедік, кейін мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа жабдықтар алып, өндіріс аумағын арттырдық, жаңа жұмыс орындарын аштық. Өнім сапасы мен өнім көлемі, сауда ауқымы әлдеқайда артты. Міне, сол несиені толықтай өтегеннен кейін мемлекет ұсынып отырған тағы бір бағдарламаға қатысып көруге бел байладық. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы кәсіпкерлерге өте тиімді, себебі пайыздық мөлшері төмен, — дейді кәсіпкер.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық филиалының директоры Берік Нұрғалиевтің айтуынша, аталған бағдарлама бойынша, несие 15 пайызбен берілгенімен, оның 7 пайызын «Даму» қоры арқылы мемлекет субсидиялайды, ал қалған 8 пайызын кәсіпкер өзі төлейді.

— Бұл бағдарламаға өзгеріс енгізілді. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл өзгерістерге сай, мемлекет несиенің 9 пайызын субсидияласа, кәсіпкер қалған 6 пайызын өзі төлейтін болады. Қаржыландыру екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Бұл бағдарламаға «Қазақстанның халық банкі», «Сбербанк», «Forte банк», «Банк ЦентрКредит», «АТФ Банк», «Нұрбанк», «Jusan банк», «Еуразиялық банк», «Bank RBK» акционерлік қоғамдары қатысады. Кәсіпкер қаражаттың 50 пайызын айналым қаражатын толықтыруға, 50 пайызын инвестициялық мақсатқа жұмсайды. Бұған қоса «Даму» қоры егер несие мөлшері 3 миллиард теңгеге дейін болса, оның 50 пайызына тең сомаға, ал егер 3-5 миллиард теңгенің аралығында болса, оның 20 пайызына тең сомаға кепілдеме береді. Бұл кәсіпкер үшін өте тиімді, — дейді Берік Нұрғалиев.

Ақтөбеде осы бағдарлама бойынша бірінші рет мақұлданған «М-Трио» серіктестігінің жобасы үшін кәсіпкер «Forte банкінен»  78 миллион теңге көлемінде 7 жыл мерзімге несие алып отыр. Бұл қаражатқа кәсіпкер жаңа жабдықтар алып, жеке жиһаз салонын ашуды көздеп отыр. Б.Нұрғалиевтің айтуынша, қазір банктерде ақтөбелік кәсіпкерлердің 25 жобасы қарастырылуда.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық банк тарапынан екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге қаражат бөледі. Ал несиені субсидиялау үшін республикалық бюджеттен қосымша 30 млрд теңге бөлініп отыр.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button