Мәдениет

Ақтөбеліктер «Ақбаянын» еске алды

Бейсенбі күні Өнер орталығының сахнасында тағы бір керемет кеш өтті. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымының ұйымдастыруымен өткен концерт «қазақтың Ақбаяны» атанып кеткен, бұлбұл үнді әнші Мәдина Ералиеваның шығармашылығына арналды.

Кеште әншінің халық жүрегінен орын тапқан әндерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жұлдыз Нұрқасымова секілді халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары мен филармония әншілері өз деңгейінде орындады.

— Мәдина Ералиева —халықтың жүрегінде жарқын бейнесімен, бұлбұл үнімен мәңгі қалған өнер әлеміндегі жарық жұлдыздардың бірі. Біздің ұжым қаламыздың 150 жылдығы мен филармонияның 75 жылдығы аясында көптеген кештер мен шаралар ұйымдастырып жатыр.Осы ретте халық өзінің «Ақбаянын» сағынған болар деп, Мәдина Ералиеваның шығармашылығына арнайы кеш беруді жөн санадық. Филармония ұжымы осыдан бірнеше жыл бұрын Мәдинаның шығармашылығына арналған концерт өткізген болатын. Ол кездегі көрермен ықыласы әлі есімізде. Мәдина шырқаған әндер неше жыл өтсе де, халықтың жүрегінен кетпейді. Бүгінгі концерт те соның бір айқын көрінісі. Бұйырса, келер жылы осы кешті кең көлемде өткізіп, шараға әншінің ұлы Арсенді шақыру ойымызда бар, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев.

Шамамен бір жарым сағатқа созылған концертке ақтөбеліктер көп жиналды. Кеште ән әлемінде өзіндік із қалдырып кеткен Мәдинаның бейнебаяндары мен сұхбаттарынан үзінділер көрсетілді. Ел жадында қалған «Наз», «Есіңе мені алғайсың», «Күрең күз», «Ақбаян», «Шыңдағы шынарым-ай» әндерін көрермен қосыла шырқады.

— Мәдина — қазақтың мәдениетіне, музыкасына өлшеусіз өз үлесін қосып кеткен қазақтың біртуар қызы. Оның сол кезде киген киімдерінің өзі қандай еді?! Сахнаға киіп шыққан әрбір көйлегінде қазақы үлгі жататын. Ал оның ән салғандағы даусы тіпті бөлек әңгіме. Құйрықты жұлдыздай өнер әлемінде жарқ етті де жоқ болды. Бірақ ол сол аз ғана саналы ғұмырында көптеген тірлік атқарып үлгерді. Ол — сол заманның өзінде өз аяғынан өзі тұрып, өзін-өзі бай қылған азаматша. Оның қыры мен сырын бір сәтте айтып тауысу мүмкін емес.

Бүгінгі кеште Мәдинамен бір қауышқандай болдық. Әндерін жылап отырып тыңдадық. Қосыла айттық. Осындай керемет кеш ұйымдастырған өнер ұжымына тек шығармашылық табыс тілеймін, — дейді кешке арнайы келген көрермендердің бірі Ақтөбе облысының құрметті азаматы Мәрия Сейдахметқызы.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button