Басты жаңалықтар

Саперлер шопан тапқан әскери снарядты залалсыздандырды

Оқиға

Шалқар ауданының Мөңке би ауылының жанындағы қараусыз қалған жайылымнан жергілікті шопандардың бірі әскери снарядқа ұқсайтын жарылғыш зат тауып алған. Ол дереу күдікті зат табылған орынды белгілеп, ауылдық округ учаскелік полицейіне хабарлаған. Ал учаскелік полицей бірден 30238-әскери бөлімнің кезекшісіне хабар берді.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы командирі полковник Нұрлан Алдияровтың нұсқауымен Мөңке би ауылына Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысы аймақтық инженерлік қызметінің бастығы майор Аслан Баймағамбетовтің басшылығымен 30238-әскери бөлімінің минаны залалсыздандыру тобы жіберілді. Мұны Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері Әскери институтының баспасөз қызметі хабарлады.

— Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Минаны залалсыздандыру топтары  2015 жылдан бері жергілікті тұрғындар металл сынықтарымен бірге тапқан оннан астам жарылмаған ескі снарядтарды жойды, — дейді 30238-әскери бөлімнің командирі полковник Руслан Утепов.

ІІМ күштері облыс орталығынан 360 шақырым жердегі снаряд табылған аумақты қоршады. Минаны залалсыздандыру тобының ракеталық-артиллериялық қару-жарақ маманының мұқият тексеруі нәтижесінде жарылғыш заттың 85 миллиметрлік кумулятивтік танкке қарсы снаряд екені анықталды. Оны тасымылдау мүмкін болған жоқ, себебі снаряд әбден тозған. Жауынгерлік жағдайға қойылған жарылғыш  снаряд қауіптің 3-ші дәрежесінде екені анықталды.

Саперлер снарядты сол жерде жойып, минаны залалсыздандыру тобымен бірге айналаны тексеріп шықты.

— Кеңес дәуірінде соңғы үлгідегі әскери техниканы және қару-жарақты зерттеу және сынау, жауынгерлік атыс жүргізу үшін қолданылған Ембі полигоны жақын орналасқан, соның әсері болу керек, осындай заттар жиі табылады. Бұл табылған снаряд та кеңес дәуіріне тиесілі болу керек, — дейді 30238-әскери бөлімнің минаны залалсыздандыру тобының командирі майор Аслан Баймағамбетов.

Саперлер металл сынықтарын жинаушыларға жарылғыш заттарға  ұқсайтын заттар тапқан жағдайда қайғылы жағдай болдырмау үшін тез арада құқық қорғау органдарына хабарлауын ескертеді. Оларды өз бетімен тасымалдауға немесе

түсті металл жинау нүктесіне тапсыруға болмайды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button