Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ел еңсесін көтерген ер Есет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи тұлғалар туралы: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді тану мүмкін емес. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының беткеұстар мақтанышы болып келген», — деп терең тұжырым айтып, өз бағасын берген болатын.

Қазақ халқы тәуелсіздік алып, егеменді ел болғасын өзінің тарихына жаңаша көзқараспен қарап, әсіресе, ұлт-азаттық қозғалыстарын тереңірек зерттеп, олардың қолбасшы көсемдерін анықтау бағытында елеулі істер атқарып жатыр.

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты мен Хиуа, Бұхар, Қоқан хандықтарының шапқыншылығына қарсы қазақ елінің ірі-ірі ұлт-азаттық көтерілістерінің болғандығы тарихтан белгілі.

Есет батыр Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі 1847-1858 жылдар аралығында 11 жылға созылған. Бұл көтеріліс Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және Кіші Борсық құмын, Үстірт, Доңызтау, Асмантай-Матай өңірін, Жем, Сағыз, Елек, Қобда, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың көтерілісі болатын. Көтерілістің негізгі себебі патшалы Ресейдің отаршылдық саясатының нәтижесінде қазақ жеріне әскери бекіністер салынып, құнарлы жерлерге орыс-казак атты жасақтары орналастыра бастауынан туындады.

Патша билеушілері империяның мүддесімен сауда керуендері үшін, хиуалықтармен соғыс жорықтарына деп шаруалардан көптеген мал, жүк көлігін жинаған. Оның салмағы негізінен қара халықтың мойнына түскен. Мысалы, Ресей соғыс министрлігінің бас штабының подполковнигі Бламберг өзінің еңбегінде жазған: «Из 12 тыс. верблюдов, сопутствавщих Хивинский поход, большая часть пала в снегах Киргизской степи от жестоких морозов» — деп көрсеткен. Бұлар халықтан тегін жинаған түйелер еді.

Кейбір тарихшылардың деректерінде Кіші жүз қазақтарына Орынбор әкімшілігінің жинайтын түтін салығының көлемі 1838 жылы — 17044, 1841 жылы — 57637, 1847 жылы 91247 сом болса, 1850 жылы 200000 сомға жеткен. Сол кезде әр қойдың кұны 1 сом 50 тиын болған. Ал салыққа 1847 жылы — 3500, 1852 жылы 8225 түйе, әрбір алты түйеге l адамнан жинаған. Керуенді жүргізетін қазақтар орыс казактарының адам төзгісіз зәбір-жапасын көрген. Орыс казактары әртүрлі сылтаумен жергілікті ауылдарды шауып, малдарын айдап, шаруаларды құнарлы жерлерден ығыстыра бастаған. Осы әрекеттер жергілікті халықтың шаруа шарқын бұзып, берекетін алып, күйзеліске ұшыратты. Халықты патша билігіне қарсы көтеріліске мәжбүр етті.

Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістің негізгі орталығы — сол кездегі ең ірі тайпалардың бірі Шекті елі 12800 түтіндік 85 мың жанды құрайтын. Көрші Адай, Кете, Табын, Төртқара елдерінің шаруалары да осы көтеріліске қосылған. Патшаның басқыншылығы мен Бұхар, Хиуа хандықтарының шапқыншылығына қарсы және патша өкіметінен шен-шекпен киіп, алтын алқа тағып, патшаның қолдауына сенген Баймағанбет Айшуақов, Арыстан Жантөрин, Мұханбетқали Тәукин, т.б. айдашап топтардың қазақ елін қосыла тонауына ызаға толы кектенген Кіші жүз елінің көтерілісі 1847 жылы басталған болатын. Көтерілістің көсемі Есет батыр — атышулы, ерлігі аңызға айналған Көтібардың бел баласы. Арғы атасы Бәсеннің 5 ұлы болған. Оларды «Бес Бәсен» деп атаған. Жандәулет, Ақпан, Тоқпан, Көтібар, Көбес — әрқайсысы да тарихта аты қалған тұлғалар.

Көтібардың алты баласының біреуі, бірегейі Есет батыр 1803 жылы Ұлы Борсықта, Шалқар көлі жағасында Аққолтық деген жерде дүниеге келген. Әкесі Көтібар «баламның атын Тама Есетке ұқсасын, Есет қоямын» деп, Тама Есеттің басына үш рет түнеп, рұқсат сұраған екен. Аруақты бабамыз Тама Есет: «Баланың атын Есет қойсаң қой, кем болмас, ол да аруақты батыр болар, елін қорғар», — деп аян берген екен» деген сөз бар.

Заманына сай Есет жас кезінен-ақ Кіші жүздің орта бөлігіндегі қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысқан. 1833 жылы Қабақ, Тілеу руларының аға биі және батыры, әкесі Көтібар Орынбор әкімшілігінің жергілікті руларды бір-біріне айдап салу саясатының құрбаны болғаннан кейін Есет ел тағдыры үшін күреске белсене кіріскен. 13 мыңға тарта шаңырақтағы 90 мыңға тарта адамның қолдауын тапқан.

Тарихшы ғалым Т.Төлепбергенов өзінің «Есет батыр» атты кітабында Есет Көтібаров туралы оның өмір сүрген заманындағы Герценнің «Колоколы» (1857), Чернышевскийдің «Современнигі» (1851), сондай-ақ, «Всемирная иллюстрация» (1880), «Русский художественный листок» (1858) журналдарында, сонымен қатар 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі беделді oрыс оқымыстылары мен зерттеушілері, әлемге әйгілі зоолог Н.А.Северцевтің, шығыcтанушы, өкінішке қарай, Есеттің ата жауы болған В.В.Григорьевтің, Л.Мейердің, Е.П. Ковалевскийдің, А.Добромысловтың, т.б. ізденушілер мен ғалымдардың еңбектерінде, қолжазбаларында кеңінен баяндалғанын айтады. Олардын көбі-ақ өздерінің империялық идеологияның сойылгерлері екеніне қарамастан, Есет Көтібаровтың өз заманындағы әйгілі адам болғанын мойындап, шындық тұрғыдан деректер жазғанын келтірілген.

«Русский художественный листоктың» 1858 жылғы 1 қарашадағы 51-санындағы мақалада: «Исет Кутибаров известный возмутитель Киргизской степи Малой-Орде. Имя Исета в Малой-Орде бьло также грозно, как и соотвечественника его Кене-Сары, убитого в сороковых годах или как имя героя Кавказского Шамиля», — деп жазылған. Одан әрі: «55 жаста, ұзын бойлы, сирек қара сақалды, қодрен мұртты. Оның беті жүзінен қайырымдылық пен сергектік, тұнық әрі сабырлы көздерінен терең ой, ақылдылық, салмақпен айтқан әңгімелерінен оның қазақ болмысын терең білетіндігі және кең парасаттылығы байқалады. Оның әділдігі мен туралығы мол адамгершілік иесі екендігін көрсетеді», — деп Есет батырдың адами бейнесін анық та ашық бейнелеген.

Орыстың белгілі ғалымы әрі жазушысы Е.П.Ковалевский 1839-1840 жылдары Хиуаға сапарында Есет Көтібарұлымен кездескен. Ол өзінің жазбаларында: «Есет дене бітімі Геркулеске келеді, оның шойыннан құйылғандай кесек пішіні, табиғатына сай сұлулығы, жанкешті батырлыққа толы әдіс-айласы Европа адамын қайран қалдырса, өз отандастарын тәнті етіп, табындырып қоярлықтай еді», — деп көрсеткен.

Есет туралы тарихи деректер жазылған кітаптар, ел аузында айтылатын аңыз әңгімелер көптеп кездеседі. Жазушы Ғалым Ахмедовтің 1992 шыққан «Жем бойында» деген романында Есет бастаған көтерілістің тарихы, сол кездегі Кіші жүз тайпаларының әлеуметтік-тұрмыс жағдайлары, патша отаршылдығына қарсы арпалыс, көтеріліс басшылары туралы өте мазмұнды баяндалады.

Есет батыр бастаған 1847-1858 жылдардағы Кіші жүз көтерілісіне аумақтық басты тайпа бірлестіктері — Әлім, Байұлы, Табын, Тама, Жағалбайлы руларының басшылары мен көзі ашық адамдары да қосылып, өздерінің ортақ жауларына қарсы күш біріктірген, қолдау көрсеткен. Есет олармен тығыз байланыста болған. Жанқожа батырмен бірге Сыр бойы елінің хиуалықтарға қарсы соғысына тікелей қатысқан. Исатай Таймановпен де ниеттес, пікірлес болса, Кенесары Қасымовпен, оның балаларымен де қатынас жасап отырған. Профессор М.Вяткин: «Есет Көтібаров қозғалысы қазақтардың ХІХ ғасырдың 50-жылдарындағы ірі көтерілісі болды», — деп баға берген. 1838 жылы табын Жоламан батырдың шаруалар көтерілісіне қатысқан.

Есет Көтібаров патша билеушілерінің елге жасап отырған қиянат-озбырлықтары туралы патша әкімшілігіне өзінің наразылығын білдіріп хаттар, ұсыныстар жазып отырған. 1853 жылдың тамызында Қабақ, Тілеу, Назар, Шүрен, Адай, Кете, Жақайым, Жаңғылыш, т.б. рулардың би-ақсақалдарын жинап ақылдасып, қыркүйектің 11-інде патша әкімшілігіне хат жазған: «Аға сұлтан Арыстан Жантөрин қазақтарға күшпен қиянат жасап, 4000 түйені қомымен, азық-түлік, киім-кешегімен алған. 500-600 түйені көшімен беруді талап етуде. Бұл зорлық және заңсыз. Халық ауыр салық беруден титықтады. Ұлы Патша сіздерге ордалықтардан түйе жина деп жарлық бермеген болар. Қазақ қауымы түйе, адам беруден бас тартады», — деп тура әрі мысқылды хат жолдаған.

Бұл хатқа ашуланған Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский аға сұлтан Арыстан Жантөринге 1000 қылыштық орыс-казак, башқұрт отрядын жіберіп, халықтан зорлап түйе жинауға, ал Есетті ұстап, Орынборға әкелуге пәрменді бұйрық берген. Оған аға сұлтан Мұхамбетқали Тәукин бастаған 250 орыс-казак отряды шыққан. Осы хабарды естіген Есет  елді соңынан ертіп, Үстірт, Матай, Сам бағытына көшіп, ұстатпай кетеді. Қуғыншылардың жолындағы құдықтарды көміп, оларды шөлден қатырады.

Дегенмен, 1854 жылы барон Врангель бастаған жазалаушы отряд Шошқакөлде отырған Есет ауылының үстінен шығып, ауылды қоршауға алады. Ертеңіне адамдар босқа қырылмасын деп, Есет ақ жалау ұстап өзі ортаға шығады, келіссөз қорытындысында Есет: «Патшаның әскери бекіністеріне бұдан былай шабуыл жасамаймын, Орынборға өзім барамын», — деп сөз береді. Бірақ, Есетті «патша әкімшілігінің алдауына түсесің, сені өлтіреді, барма», — деп қаруластары жібермей қояды.

«Русский художественный листок» Есет туралы: «Но все же Исет имел огромную популярность и много приверженцев, все же был национальным героем», — деп баға берген.

Аға сұлтан Арыстан Жантөрин Есетті қудалауын жалғастыра береді. Сұлтан Арыстан басқарған жазалаушы отряд Елек өзенінің жоғарғы саласындағы Суықсу шатқалына келіп тоқтағанда, 1855 жылы 8 шілде күні таң ата Есет, Бекет, Ерназар бастаған көтерілісшілер Арыстанның шатырына шабуыл жасап, өзін өлтіріп, ондаған болыс-билерін жазалап, отрядын тас-талқан етеді. Арыстан төрені өлтіргеннен кейін Есет бастаған көтерілісшілерді тұншықтыру, батырды ұстау мақсатында арнайы жазалаушы отрядтар шығарған. Орынбордан полковник Кузьминский бастаған 600 қылыштық орыс-казак отряды, Башқұр полкінің толық құрамы, Орскіден және Ырғыз әскери бекіністерінен 800 қылыштық күш қосылып, көтерілісшілерді жан-жақтан қыспаққа ала бастайды. 1858 жылдың жазында Орынбор генерал-губернаторы Катенин көп әскерімен шығады. Көтерілісшілер елді қырғыннан сақтап қалу үшін Доңызтау үстірті, Асмантай, Матай аймағына көшіріп, өздері жау отрядына шағын топтармен тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды көп шығынға ұшыратып отырады. Жазалаушы отрядтар жолшыбай бейбіт отырған ауылдарды тонаған.

Мысалы, бір ғана Кузьминскийдің отряды 164 ауылды тонаған. Ресей соғыс министрлігінің полковнигі Л.Мейер: «Отбитый Кузьминским и Плотниковым в 1855-1856 годах скот был продан на линий за 79360 рублей» — деп көрсеткен. Бір деректерде: «Бүлікшіл қырғыздардан алынған малды сатқанда барлығы 125241 сан құрады», — деп көрсетілген. Егер де сол кездегі бағамен бір жылқының құны 3 сом 50 тиын-4 сом болса, халықтан қанша мал тоналғанын есептеуге болады. Тек Шаған бойындағы Ерназар Кенжалиннің ауылын шауып, 350 жылқы, 200 түйе, 50 қой, 4 ірі қара, 11 семьяны айдап алып кеткен, 8 адамды табанда өлтірген. Ұсталған көтерілісшілер, басшылары да қатаң жазаға тартылған.

1857 жылы наурыз айында Ерназар Кенжалин, Бекет Серкебаев, Оразалы Ахметов, т.б. 18 адам Сібірге жер аударылады. Осы жылдардан кейін Есеттің жасақтары сирей бастайды. Есетке ой келеді. Көтерілісті жалғастыра  ма, елді сақтап қалу үшін қаруды тастап, мойынұсына ма? Патша үкіметінің зеңбірек, мылтық, басқалай ұтымды қаруланған атты казак әскерін жай қылыш, найзамен жеңе алмайтынына көзі жеткен дана Есет патшаға өзі берілуді жөн көрген.

1858 жылы Орынбордың генерал-губернаторы Катенин 11 жыл жеңе алмаған, айласы асқан Есет Көтібаровтың қарулы қозғалысының айбынымен санасып және қалың елдің қаһарынан сескеніп, Есеттің ұсынысын қабылдап, келісімге келіп, оған кешірім жариялаған. Есет ауылы Үстірттен ата қонысы Ұлы құмға көшіп келген. 1858 жылы тамыз айында батыр бабамыздың айбаты мен атағын сыйлап, ел ішіндегі шексіз құрметі мен беделін мойындаған губернатор бір топ сұлтан-билермен бірге Петербургке жіберіп, бұларды 24 тамызда патша Александр ІІ қабылдап, 13 күндей жатып, патшаның жарлығымен сый-сияпат алып, қазынаға салық төлеуден босатылып, елдеріне қайтқан.

Есет Көтібарұлының атақ-даңқын, беделін өздерінің қызметіне пайдалану ниетімен патша әкімшілігі оны 1861 жылы Шектілердің басын біріктірген Қабақ бөлімшесінің басқарушысы етіп тағайындаса, 1869 жылы Ырғыз уезі бастығының кіші қызметкері болып бекіткен. Бірақ та Есет баба патшаға іштей беріліп қызмет жасамаған. Өз елінің бірлігі мен тыныштығына қызмет еткен.

1880 жылдың қысында жалпақ қояндағы қыруар малдың шығынына байланысты Есет жоғарғы үкімет орнына шағым беріп, Орынбордың генерал-губернаторының ұсынысы бойынша 1883 жылы батырға жылына 300 сом зейнетақы тағайындаған.

Есет бабамыз 1889 жылы қартайып барып дүние салды. Ол өз елінің құрметіне бөленіп, елінің тағдыры жолында аяусыз күресті. Басын қатерге тіккен ұлт-азаттық қозғалысы жеңіліс тапты. Патша империясы аяусыздықпен басты. Дегенмен, көтеріліс жеңіліс тапқанмен, оның зор тарихи маңызы болды.

2018 жылы Есет Көтібарұлының туғанына 215 жыл толды. Осыған орай бір топ ардагерлер, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері облыс басшылығына, Ақтөбе қаласы әкіміне хат жолдап, облыс орталығында батырға ескерткіш орнату туралы ұсыныс берген еді. Ұсыныс билік тарапынан қолдау тауып отыр. Бұл ескерткіш тарихымызды құрметтеу, тәуелсіздік жолында қаһармандықпен күрескен батыр баба рухын ардақтау тұрғысынан игілікті іс көрінісі болар еді.

Оразбай ӘДІЛБАЕВ,

еңбек ардагері.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button