Рухани жаңғыру

Терминкомға қуатты мәртебе керек…

Кезінде Франция президенті Миттеран терминком жиынын өзі басқарған

Өткен бейсенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісінде Мәдениет және спорт министр­лігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдасты­руымен «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Алқалы жиында Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев модератор болды. Мәжіліс депутаттары, БАҚ басшылары, тілші-ғалымдар қатысқан конференцияда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.д, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек, тілші-ғалым, профессор, Шерубай Құрманбайұлы, ҚР Жоғары сотының судьясы, заң ғылымының кандидаты Бағлан Мақұлбеков терминология мәселесіне қатысты арнайы баяндамалар жасады. Мәжіліс депутаты, профессор Асылбек Смағұлов, Мәжілістің редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының терминология бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Айдарбек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы Гүлфар Мамырбекова, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы Айбын Шағалақ латынға көшу барысындағы терминология мәселесіне, кейбір түйткілдерге қатысты пікірлерімен бөлісті.
Аталған конференцияның соңында арнайы ҚР Үкіметіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, ҚР Білім және ғылым министрлігіне бағытталған арнайы қарар қабылданды.
Төменде сол конференцияда жасалған мазмұнды және бүгінгі терминология төңірегіндегі түйткілдерді ашып көрсеткен баяндамаларды арнайы жариялап отырмыз.

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ  ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымының докторы,
профессор

Терминология мәселелеріне ҚР Парламент Мәжілісі тарапынан арнайы көңіл бөлініп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп республикалық ғылыми конференция ұйым­дастырылып отыруы осы саланың маңызы мен кеңесіп шешетін өзекті мәселелерінің аз еместігінің көрінісі болса керек.
Бізге осы алқалы ғылыми жиынды ұйым­дас­тырушылар тарапынан «Қазіргі қазақ терми­нологиясының өзекті мәселелері» деген тақырып бойынша баяндама жасау ұсынылып отыр. «Терминологияның өзекті мәселелері» дегенде бұл саладағы бірінші кезекте атқарылуға тиісті жұмыстар мен шешімін таппаған мәселелер жөнінде сөз болуға тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде екі мәселеге ерекше мән беру қажет деп ойлаймыз. Ең алдымен, терминология дамуының бағыт-бағдарын белгілеп отыратын ғылыми кадрлардың, әсіресе термин жасауға машықтанған, терминологиялық жұмыстарды кәсіби тұрғыдан жүргізуге құзыретті практик терминші мамандардың жеткіліксіздігі мен барларының осы істің басы-қасында ­болмауы, өздері маманданған іспен тікелей ­айналыспауы. Екіншісі, терминологиялық жұмыстардың республикалық деңгейде жүйелі түрде, үйлестіре отырып, жоғары кәсіби деңгейде жүргізілмеуі. Қазақ терминологиясының шешімін таппай жатқан өзге мәселелерінің бәрі осы ең басты екі мәселені дұрыс шешіп, жолға қоймаудан туындап отыр деуге болады.
Терминология саласында түк істелмеді, мүлде жұмыс жүргізілмей жатыр деуге болмайды. Бізде осы екі бағыт бойынша да азды-көпті атқарылып жатқан жұмыстар, қол жеткен нәтижелер бар. Бұл атқарылған істер негізінен ҚР Үкіметі жанындағы республикалық терминология комиссиясы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, кейінгі жылдардағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіне қарасты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, жоғары оқу орындары мен әртүрлі мекемелерде еңбек етіп жүрген жекелеген ғалымдар мен мамандар ізденісінің нәтижесі. Тәуелсіздік жылдарында бұрынғы кезеңмен салыстырғанда терминтану саласы бойынша ғылыми кадрлар мен практик мамандар біршама көбірек даярланды. Түрлі ғылым саласының терминологиялық сөздіктерін жасап, оқу құралдарын жаза жүріп өз ізденістері арқылы сөздікші-терминші ретінде қалыптасқан сала мамандары да бар. Алайда ондай мамандардың көбі қазір әр салада, түрлі мекемелерде қызмет етеді. Олар күш біріктіріп, ортақ іске жұмыла кірісіп, өздері маманданған терминология мәселелерін шешу ісіне әрі баршаға ортақ шаруаға атсалысып, білетін ісімен айналысып отырмағандықтан, ұлттық терминдер қорын қалыптастыру сияқты өте ауқымды жұмыс тиісті деңгейде атқарылып, бұл мәселе толық шешімін таба алмай келеді. Іс нәтижесіне, осы мерзімге дейін атқарылған жұмыстардың ауқымы мен сапасына сыни тұрғыдан қарасақ, әзірге тіл тұтынушыларының сұраныстарын өтеп, ғылым тілінің қажеттілігін мінсіз қамтамасыз ете алатындай жетілдірілген терминжүйе қалыптастырдық деуге әлі де ертелеу. Бұл негізінен қазақ тілінің ғылым мен технология саласындағы қолданысына, қоғам тарапынан оған деген қажеттіліктің толық туындамай отыруымен де тікелей байланысты. Соған қарамастан, қолда бар мүмкіндіктер барынша пайдаланылып, ғылыми әлеует пен істі ұйымдастырушылар осы саланың өзекті мәселелерін шешуге жұмылдырылып, жос­парланып, өткізіліп жатқан іс-шаралардың ауыз толтырып айтатын нақты жетістіктері мыналар деуге келгенде де тосылып қаламыз. Ендеше, терминологиялық жұмыстарды ұйымдастырудың тиімді тетіктерін тауып, жетілдірілген терминжүйе қалыптастыру мақсатымызға апаратын ең ұтымды жолымен келе жатырмыз деген қорытынды жасауға негізіміз де көп емес. Олай болса, терминжасам мен терминдерді реттеу, біріздендіру, бекіту кезіндегі формалдылықтан арылып, терминологиялық жұмыстарды ұтымды ұйымдастырудың, іс сапасын көтерудің тиімді жолдарын әлі де бірлесе іздеуімізге тура келеді. Ол үшін, алдымен, бұл бағытта туындап отырған мәселелерді анықтап, істі жүргізу барысында кеткен кемшіліктерімізді айқындап алған жөн шығар. Содан кейін барып оларды түзетудің, алдағы уа­қытта атқаратын тірліктерімізді тиімді ұйымдас­тырудың жолдарын қарастыруға мүмкіндік аламыз.
Енді терминологияны ретке келтіруде қандай кемшіліктер жиі байқалады дегенге келсек, мына мәселелерді атауға болады:
Терминологиялық жұмыстарды жүргізудің негізгі бағыт-бағдары, терминқор қалыптастырудың ғылыми қағидаттары айқын емес. Терминологиялық жұмыстарды жүзеге асыру кезінде белгілі бір баршаға ортақ ұстанымдар мен қағидаттар басшылыққа алына бермейді немесе оларды жауапты құрылымдар мен осы жұмысқа жетекшілік етушілер қалауына қарай өздері белгілейді, жиі өзгертіп алады. Терминге, терминологияға бұлай қарау – бұл саладағы жұмыстың жолға қойылмағандығын, істің ғылыми, кәсіби тұрғыдан тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын көрсетеді. Соның салдарынан тұрақты қолданылатын ұлттық ғылыми терминологиялық қор қалыптасып, толық орнықпай отыр.
Ұлт тілінде жасалған терминдердің сапасын анықтап, олардың арасынан ғылыми ұғымды дәл беретін, тілдік нормаға сай сәтті жасалғандарын уақтылы сұрыптап, іріктеп алу жолға қойылмаған. Соның салдарынан түрлі факторлар (автордың беделге басуымен, жеке тұлғалардың қалауымен, ­лауазымды адамдардың ықпал етуімен, т.б.) әсерінен терминге қойылатын талаптарға сай жасалған нұсқа таңдалмай, сәтсіз жасалған атаулар қолданысқа еніп, ресми бекітіліп кетіп жатады.
Терминдерді ресми бекітуге ұсыну мен бекіту, сондай-ақ олардың қолданысын орнықтыру жұмысында жүйелілік, сабақ­тастық жетіспейді. 90-жылдардан бастап терминқорымыздың ұлттық сипатын арттыру мақсатында кезінде орыс тілінен аударылмай өзгеріссіз қабылданған көптеген терминдердің қазақша баламалары жасалып, қолданысқа енгізілді. Олар жұртшылық санасына сіңіп, тілдегі қолданысы енді тұрақтай бастағанда сондай орынға бастаған атаулардың бірқатары қайта қаралып, бастапқы қалпына келтірілді. Мысалы: аукцион (90-жылдарға дейін) – бәссауда (2009) – аукцион (2014), гимн (90-жылдарға дейін) – әнұран (1992) – гимн (2014), музей (90-жылдарға дейін) – мұражай (1998) – музей (2014), процент (90-жылдарға дейін) – пайыз (2000) – процент (2018), принцип (90-жылдарға дейін) – қағидат (2000) – принцип (2014) және т.б.
Иә, терминдерді жүйелеп, жетілдіріп, талаптарға жауап бермейтіндерін алмастырып отыру үздіксіз атқарылатын, ешқашан тоқталмауға тиіс жұмыс. Қатып қалған ешнәрсе жоқ. Термин шығармашылығы да жанды процесс. Бір бекіткен терминді өмірбақи солай қолдану қажет деп отырған жоқпыз. Бірақ айналдырған 15-20 жылдың ішінде бір терминді екі-үш рет қайта бекіту деген мүлде ақылға сыйымсыз тірлік. Кеткен кемшіліктерді түзету, сәтсіз жасалған терминдердің орнын жаңа баламалармен алмастырылуы орынды. Алайда осылай әр он-он бес жыл сайын терминдерді қайта-қайта бекітіп, жиі-жиі өзгерте берсек, біз ғылым тілінің, салалық терминдер жүйесінің орнығуын, терминдердің тұрақты қолданылуын қамтамасыз ете алмаймыз. Тәуелсіздіктің 25-30 жылында бес рет қайта бекітілген атаулар бар. Мұны қалай түсінуге болады? Терминдерді бекітуді дәл осындай жиілік­пен жүзеге асыру терминдерді қалыптастыруға, олардың тұрақты қолда­ны­луына қол жеткізуге емес, керісінше, олардың тұрақтамауына апарып соқтырады. Жұмысты бұлай атқару жұрттың басын қатырып, мамандарды шатастырады. Сол себептен де белгілі бір терминді бекітуге ұсынушылар да, оны бекіту жауапкер­шілігіне ие комиссия мүшелері де өздеріне жүктелетін зор жауапкершілікті терең сезінгені абзал.
Бекітілген терминдерді тұрақтандырып, оларды тіл тұтынушыларына, сала мамандары мен жұртшылыққа уақтылы таныстыру, қажет кезінде электрондық жүйелерден іздеп табу, тілдік қолданысқа енгізу тетігі жасалмаған. Осы жұмыстың жолға қойылмау салдарынан бүгінге дейін бекітілген 24 мың терминнің елеулі бөлігі ғылым тілінде кеңінен қолданыл­майды. Мысалы, мына сияқты ресми бекі­тілген ішкіндік (гипоцентр), түтін­тартқы (дымосос), қарымжы (задаток), майтұ­рақтылық (маслостойкость), айданды (дистиллянт) тәрізді терминдерді кім қолданып жүр?Бұндай терминдер ондап, жүздеп саналады. Осы жағдайдың өзі біздің «Мемлекеттік бағдарлама бойынша индикатор белгілеп, сан қуалап жыл сайын мыңдаған терминдерді ресми бекітуіміздің тиімділігі қандай?» деген заңды сұрақ туындатады. Жалпы терминдерді осылай санмен жоспарлап бекітудің өзі қисынсыз тірлік. Келесі бағдарламада мұны ескеру керек деп санаймыз.
Атқарылған жұмыстар бір-бірімен байланыссыз, шашыраңқы түрде немесе тар ауқымда жүзеге асырылады. Сондықтан бұл істе үйлесімсіздік, мамандардың бірінің істегенін екіншілері қайталау, реті мен маңыз­дылығы тұрғысынан кейін жасалуға тиісті жұмыстарды алдымен қолға алу сияқты кемшіліктер жиі байқалып жатады. Мәселен, бір ғана ғылым саласы бойын­ша бір-біріне қайшы тұстары көп терми­но­логиялық сөздіктердің жарық көруі, бір мекемеде, оқу орындарында атқарылған жұмыстар, жазылған еңбектер жөнінде өзгелердің хабарсыз болуы және т.б.
Бұл істі басқару мен ұйымдастыруға кәсіби тұрғыдан келмеуден туындап отырған жағдай. Сол себептен де терминологияның шешімін таппаған, қордаланып қалған мәселелері әлі де азаймай отыр.
Бұл саладағы жұмыстар жемісін беруі үшін мына төмендегі мәселелер рет-ретімен, жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз:
1. Жоғары білікті терминтанушы ғылыми кадр­лар мен практик терминші мамандар даярлау (ҒЗИ, ЖОО-да терминтанушы ғылыми кадрлар даярлау, сала мамандарына терминология бойынша арнайы курстар жүргізу);
2. Бүкіл терминологиялық жұмыстарды республикалық деңгейде басқару мен ұйым­дастыру тетігін жетілдіру; (Терминкомның құқықтық мәртебесін күшейту, құзыретін нақтылау, жұмыс істеу тәртібіне өзгертулер енгізу).
3. Терминологияның бағыт-бағдарын белгілеп, терминологиялық жұмыстарды республикалық деңгейде ғылыми-әдісте­мелік тұрғыдан қамтама­сыз ете алатын кадрлардан, терминологиялық жұмыстарды жүргізуге маманданған салалық мамандардан, терминшілерден тұратын білікті мамандар шоғырланған, терминкомға ұсы­нылған терминдерді сараптамадан өткізетін арнайы құрылым құру (Онда терминологиялық жұмыстарды жүргізудің теориясы мен практикасын, әдістемесін білетін терминтанушылар мен, тәжірибелі практик мамандар, лингвистер, жаратылыстану, нақты ғылымдар мен қоғамдық ғылымдар өкілдері, түрлі саланың терминдерін жасап, терминологиялық сөздіктер түзіп жүрген белгілі сала мамандары болуға тиіс).

ҰЛТТЫҚ ЗАҢНАМА ТІЛІ ҚАЛЫПТАСУ КЕРЕК

Дәуітәлі ОМАШҰЛЫ,
ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты
Редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі

Терминология мәселесін қозғағанда біз терминдерді ұлттық заңнама терминологиясы шеңберінде қарастыратынымызды бірден айтуымыз керек. Өйткені заңдар қоғам өмірінің барлық саласын реттейтін жоғары құқықтық акт. Сондықтан заңнама терминдері қоғамның тіршілік-тынысының барлық саласын қамтиды.
Ұлттық заңнама терминологиясында шешілмей жүрген бірқатар өзекті проблемалар бар. Бірінші – нормативтік құқықтық актілердегі атау сөздердің, терминдердің бірізділігі проблемасы. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде әзірленуі, Парламентке келіп түскенше осы жобалардың орыс тіліндегі мәтіні ғана пысықталып, ал қазақ тіліндегі аударма нұсқасының назардан тыс қалуы, жалпы алғанда ұлттық заңнама тілінің, оның терминологиясының орыс тіліндегі нұсқаға байланып қалуы ұлттық заңнаманың тілі мен терминдеріндегі бірізділіктің сақталмауына себеп болып отыр. Тиісті сала маманының, заңгердің тезінен өтпеген ұлттық термин алды-арты, кейінгі қолданылу жағдайы болжанбай, бір қайнауы ішінде шала-шарпы күйінде кетіп жатады.
Мәселенің түйіні нормативтік құқықтық акті­лер жобаларын қазақ тілінде әзірлеуде жатыр. Сонда ғана бірнеше сатыда алуан түрлі маман­дар талқысынан өткен әмбебап терминдер қалыптасар еді.
Кеңес өкіметі тұсында ұлттық терминологиямыз интернационалистік принциппен дамыды. Түбірі сақталып, жалғауы орысшаға бейімделіп өзгертілген халықаралық терминдер, атау сөздер біздің тілдік ортамызға сол күйінше еніп кетті. Соның салдарынан қазіргі заңнама мәтіндерінде сырттан енген сөздер көптеп кездеседі. Басқа тілдерден сөзді қалай алу керек? Бұған қатысты екі пікір бар, біріншісі – сөзді сол қалпында алу керек дейді, екіншісі – сөзді алған уақытта осы елдің грамматикасына, сөз құрылысына, сөзді қалай қолданады, соған сай қылып алу керек дейді. Мысалы, «партия» деген сөзді орыстар француздан алған, ал француздар – латыннан. Сонда француз тілінде «жөпәрти» дейді, ал орыстар оны «партия» деп алған. «Диктатура» деген сөз француздан алынған, ал француздар «лөдиктәтюр» дейді. Оны орыстар «диктатура» деп алған. Басқа елдің тілдерінен алуға болады, бірақ оны ұлттық тілдің грамматикасына, сөз құрылысына кіргізіп жіберу керек. Мысалы, орыстар тілдік қорының 30 пайызына дейін латын мен гректен алған. Біздің көбіміз оның орыстың сөзі емес екенін білмейміз. Олар тіл заңдылығын сақтай отырып, өздерінің тіліне кіріктіріп жіберген. Шет тілдерінің сөздерін осылайша кіріктіріп жіберуге болады.
Бірнеше ұрпақ сол сырттан енген терминдердің тілімен оқып, бұл сөздер әбден құлаққа сіңісті болып қалды. Жөні келсе аударғанда дұрыс, әрине. Бірақ, өкінішке қарай, терминді, атау сөзді аударған кезде көпшілік жағдайда оның кез келген сөз тіркесіндегі әмбебап мағыналық принципі, яғни терминнің аудармасына деген академиялық көзқарас сақталмайды. Көпшілік жұрттың оны қалай қабылдайтыны, аударма терминнің тілдік ортаға сіңісу мәселесі ескерілмейді. Содан келіп бір сөзді бірнеше нұсқада аудару проблемасы пайда болды. Академиялық көзқарас соңғы жылдары қаптап кеткен сөздіктерде де сақталмаған. Өкінішке қарай, академик Ә.Қайдаровтың сонау 90-жылдардың басында айтқан: «Қазақ тілінің терминологиясы түрлі жағдайларға байланысты бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр: оның ғылыми принциптері жаңа үрдіске бағыт-бағдар беріп, алда жүріп отырудың орнына артта қалып, термин практикасы аяқасты болып бара жатыр. Осының салдарынан әркімнің өз білгенінше термин жасауы немесе оны ауыстыруы тәрізді бейберекет әрекетке (анархия) жол беріле бастады» деген сөзі бүгінгі күні күрделі проблемаға айналып, алдымыздан шығып отыр.
Осы орайда Терминкомға тиісті мәртебе берілсе, біздің жұртшылыққа тарап, қоғамдық пікір туғызатын ресми құжаттарымыз бен баспа басылымдарымызда бұрыннан екшеліп, електен өтіп, қалыптасқан сөздер мен тіркестерді әркімнің өз бетінше бұрмалап жазуына, жаңа сөздердің баламасын долбарлап жасай салуға жол берілмес еді-ау деген ой келеді.
Франция сияқты әлемге әйгілі дамыған елдің президенті Француз Миттеран терминкомның жиналысын өзі басқаратын болған. Бұл – Франция президентінің істейтін жұмысы жоқ немесе біздің президентіміз де Терминкомды басқарсын деген сөз емес. Бұл факт терминдерге осындай мән берсе де артық болмайды дегенді білдірсе керек. Ал біздің Терминком болса, әлі күнге дейін консультативтік-кеңесші орган мәртебесін қанағат тұтып отыр.
Адам психологиясы бір нәрсені жаңадан жасап, қиналғаннан гөрі дайынды пайдаланғанға бейім. Сондықтан біздің ғылымға талаптанған жастарымыз ғылым саласындағы, оның ішінде заң ғылымы саласындағы зерттеулерін қазақ тілінде жазуды, ондағы атау сөздер мен терминдерді қазақшаға аударғанды жан қинайтын артық жұмыс санайды. Ал орыс тілінде біршама пысықталып, дайындалған терминдер, терминология бар. Оның үстіне, көпшілік ғылыми әдебиеттер, мақалалар негізінен орыс тілінде және басқа тілде. Сол себепті орыс тілінде жазғанды жөн көреді.
Тіліміздегі, оның ішінде ұлттық заң­намадағы терминдерді бірізге түсіру қажет. Бұл – елдігімізге сын. Ол үшін термин­дерді ретке келтіріп алу керек. Содан соң халықаралық теорияның қазіргі принципіне сай терминдерді стандарттау және өзара үйлестіру жұмысына көшуіміз қажет. Себебі біз халықаралық құқық теориясынан, оның терминологиясынан тыс қала алмаймыз.
Үлкен проблеманың бірі – мемлекеттік тілдегі терминдік қордың әлі жеткілікті деңгейде қалыптаспағаны. Еуропаны айтпағанда бұрынғы ТМД елдерімен салыстырғанда да біз бұл жөнінен көп кенжелеп қалғанбыз. Мысалы, кейбір Балтық жағалауы елдерінде мемлекеттік терминология комитеттері бекіткен терминдер санынан біздегі бекітілген терминдер әлі де аз.
Жоғарыда біз орыс тіліндегі термино­логияның артықшылығы жөнінде айттық. Ал енді орыс терминологиясы да жоқтан бар болып, аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Кезінде КСРО халықтарының мем­лекеттік тілі – орыс тілінің қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында термин мәселесімен арнайы түрде айналысатын, білікті ғалымдар мен әлеуметтанушылардан құралған Ғылыми-техникалық терминология комитеті құрылып, оған ғылыми-зерттеу институттары бағындырылды. Яғни, ол – жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың жемісі. Біздің қазіргі Мемтерминкомды білікті аппараты, қажетті қаржысы бар тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік органға айналдырудың кезі келді. Сондай жағдай жасалғанда ғана, одан нәтижелі жұмыс талап етуге болады. Ал Мемтерминкомның консультативтік кеңесші орган ретіндегі қазіргі жағдайымен ұлттық терминдерімізді қалыптастыру сияқты үлкен жұмысты тиянақты жүргізу әсте де мүмкін емес. Кеңесші орган болғандықтан оның шешімдерінің де жалпыға бірдей міндетті күші болмайды.
Терминология бүгінгі күні ең күрделі және проблемасы көп сала. Қазір жарыса шығып жатқан жаңа сөздер көп. Сөздіктердің өзі ала-құла. Кәсіби, салалық, ғылыми терминдердің әр жерде әр түрлі жазылуы бәрімізді жаңылдырады. Сондықтан заң, медицина, техника, экономика, әлеуметтану, саясаттану және тағы басқа салалардың өзіне тән терминдері мен атау сөздерін қамтитын 30 томдық сөздікті қайта пысықтаудың да уақыты келді.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік терминологиялық жұмыс тұжырымдамасында терминологиялық ахуалға сипаттама беріліп, ұлттық терминологияны дамытудың негізгі міндеттері белгіленді. Олардың бәрін тізбей-ақ бір-екеуіне тоқталайық.
Біріншісі: «Мемтерминкомның мәр­тебесі өзгертіліп, оның міндеттері, құры­лымы қайтадан қаралып, жаңа бағыттары белгіленген ресми орган ретінде бекітілуі қажет» дейді.
Екінші: мемтерминком қабылдаған сөздерді Үкімет қаулысымен бекіту қажеттігі айтылады.
Ал енді алға қойылған осы міндеттердің орындалуы қалай. Тұжырымдамада Мемтерминкомды мемлекеттік орган ретінде құру бірінші міндет ретінде белгіленгенімен, ол әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Терминком бекіткен сөзді алуға да, алмауға да болады, өйткені ол кеңесші орган…
Терминком қабылдаған сөздер Үкімет­тің қаулысымен бекітілсін деген нұсқау да орындалған жоқ.
Сондықтан Тұжырымдамада белгілен­ген мін­деттердің орындалу жайына мониторинг жүр­гізіп, терминология үшін аса маңызды міндет­тердің орындалуын қамтамасыз ету керек. Заң жобаларымен жұмыс істеу барысында терминологияға қатысты көптеген проблемаларға кезігіп жүрміз. Бұл жалпы термин жасау ісіне тән проблемалар, өйткені экономиканың, ғылым мен білімнің, техниканың түрлі салалары бойынша ұлттық терминологияны қалыптастырып, жетілдіріп отыру күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл ұзақ уақытқа созылатын іс екендігін бәріміз де жақсы білеміз. Қазіргі жаһандану кезеңінде қазақ терминологиясын жасау, оны қалыптастырып, дамыту оңай шаруа емес, өйткені осы жаһандану процесімен талай-талай жаңа ұғымдар тұрмысымызға еніп жатыр. Бұл біз үшін ғана емес, әлем жұртшылығы үшін де үлкен проблема. Ендеше заңнама тілінің өзегі ретінде терминологиямызды түзу бүгінгі күннің ерекше талабы.

КІРМЕ ТЕРМИНДЕРДІ ТІЛ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫНА САЙ ИГЕРУ

Қарлығаш Айдарбек,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты Терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, доцент

Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» дей келіп, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажеттігін баса айтқан еді.
Осыған байланысты «тамыры тари­хы­ның тереңінен бас­тау алатын рухани код» ретінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ зия­лы­ларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын әрдайым назарда ұстауымыз қажет.
Шеттен енген термин сөздерді қазақ тілінің заңдылықтары бойынша бейімдеуде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы сынды ағартушы ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа алу қажет. «Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылғы 27 наурыздағы санында жарық көрген мақаласында А.Байтұрсынұлы сөз басына ереже жасауға болмайтынын, ондай емле қолайлы, оңай емле болмайтынын ескерткен болатын. Сондықтан шеттілдегі термин сөздерді қазақ тіліне бейімдеген кезде А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, сол принциптерге бағындыру қажет.
Қазақ тілінде дыбыстардың тіркесуінде заңдылық бар:
Сөз басында екі дауыссыз қатар келмейді.
Екі дауысты дыбыс қатар келмейді.
Сөз соңында үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі ғана (қант, жент, қарт, салт, т.с.с.) келген, басқа дыбыс тіркесі (қатаң мен қатаң, үнді мен үнді, қатаң мен үнді, ұяң мен ұяң, т.с.с.) қазақ тіліне жат. Сондықтан шеттілден енген сөздердегі жат қолданыстарды қазақ тілінің заңдылығына бейімдеу керек. Яғни съезд, подъезд, разъезд, т.с.с. сөздердегі д әрпін түсіріп жазу керек. Қазіргі кезде поезд сөзі пойыз түрінде жазылып жүр. Осы ұстаным басқа сөздерге де қолданылуы керек.
Мемлекеттік тілдің терминологиялық қорының үлесі төмендегіше анықталды:
терминқордың жалпы саны – 333 000 (100%);
халықаралық терминдер– 33 479 (10,6%);
ұлттық тіл негізінде игерілген халық­аралық терминдер – 6 317 (1,90%);
өзге тілді термингеұлттық тіл қосым­ша­лары жалғануы арқылы жасалған терминдер – 293 204 (87,5%);
Терминологияларға қойылатын норматив­тік шарттар: Жүйелілік, бірізділік, термин мен ұғымның бірмағыналылық сәйкес келуі; Семантикалық дәлдік; Қысқалық; терминдер жарыспалылығы мен варианттылығын айқындап, қажеттілерін енгізу.

ҚАЗАҚ ТЕРМИНЖАСАМЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚАҒИДАТТАРЫ
(А.Байтұрсынұлы)

1. Ұлттық терминқор қалыптастырудың ішкі көзі қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану;
2. Қазақтың өз тілінен табылмаған тер­миндерді басқа түркі халықтарынан іздеу;
3. Еуропа халықтарының бәріне де сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ терминдерді қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерек­шеліктеріне икемдеп алу;
4. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау.

БАРЛЫҚ ӘЛЕМ ТІЛДЕРІНДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН ТЕРМИНЖАСАМ ҚАҒИДАТТАРЫ

1. Өз тілі негізіндегі терминжасам.
2. Өзге тілдерден термин қабылдау.
Өзге тілдерден термин қабылдау барысында әлем тілдері негізгі екі принциптің бірін басшылыққа алады:
1. Орфографиялық принцип;
2. Орфоэпиялық принцип.
Қазақ терминжасамында терминдерді латын графикасы негізінде қабылдауда орфоэпиялық принцип басшылыққа алынсын
Терминдерді латын графикасы негізінде қабылдауға байланысты А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің ұстанымы:
1) өзге тілдерден терминдерді қабыл­дауда делдал тілдің (орыс тілі) көмегінсіз тікелей түпнұсқа тілден алынсын;
2) қазақ тілінің терминжасам эле­менттері мағынасына қарай барынша тиімді пайдаланылсын;
3) қазақ тілінің терминжасам элемент­терінің мүмкіндігі болмаған жағдайда терминдер түпнұсқа тілдің транскрипциясына (орфоэпиясына) орай латын графикасында таңбалансын;
4) түпнұсқа тілдің транскрипциясы (орфоэпиясы) негізінде латын графикасында таңбалау барысында өзге тілдерден енген терминдер қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктері мен үндестік заңына сәйкес алынсын.

Әзірлеген
Ж.САДЫХАНҰЛЫ

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button