Жастар

Талант әр балада бар

Еліміздегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «100 нақты қадам» жобаларында, сондай-ақ Президент Жолдауларында жас ұрпақ тәрбиесіне, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру міндеттеріне баса көңіл бөлініп келеді. Осы орайда шығармашылық әлеуетті арттыруға байланысты ой қозғауды жөн көрдік. 

Мен оқыған мектепте оқу бөлімінің ұстазы әр апта сайын сыныптарда сайыс өткізетін. Апта соңында күнделіктерімізді жиып ең көп баға алған оқушыға алғыс жариялайтын. Бұның барлығы мемлекетіміздің тірегі – еліміздің ертеңгі ұрпақтарын тәрбиелеу жолындағы кішкентай міндеттен басталып, үлкен игі істерге жетелейтін әрекеттер ғана. «Әр бала өзінше талант. Мәселен оның күнделікті сабаққа құлшынысын арттыру үшін оқушы ой еңбегімен, дене еңбегімен айналысып тұрғаны абзал. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Жалпы білім беретін мектепті – білім тірегі десек, оқушыларға қосымша білім беру мекемелері – жеке тұлға етіп қалыптастыру жолында тәрбие береді, шыңдайды, болашаққа жарқын жол ашады» дейді Жетісу аудандық №9 Оқушылар үйінің директоры Дүйсен Солтанұлы.
Біз куә болған өнер ошағындағы әр бөлме қандай үйірмеге арналғанын байқау қиын емес. Әдеби-көркемдік бағытта «мәнерлеп оқу», «ағылшын тілі», «қазақ тілін үйренеміз», «театр әлемі», көркем-эстетикалық бағыт бойынша вокал, домбыра, қобыз, фортепиано, би бөлімдерімен белгіленсе, спортқа – шахмат, бокс, ұлттық ойындар, волейбол, өлкетану, экология бағытында – «Өлкетану», «Жасыл әлем» деген атаумен, қолданбалы – сәндік өнер «әсемдік бұйымдар», «қолөнер», «шебер қолдар» үйірмелерімен қамтылған.
Ұжым басшысы өз сөзінде «Назқоңыр» «Сырлы қобыз», «Мирас» домбырашылар ансамблі жыл сайын түрлі байқауларға қатысып, бас жүлде, бірінші, екінші орынды иеленгенін атап өтті. «Ақ көгершін», «Күншуақ», «Ғұмырдария», «Нұрлы жастар», «Тайжарыс», т.б. өнер орталықтарының ұйымдастыруымен өтетін республикалық, халықаралық байқауларда «Аспапта ойнау» аталымдары бойынша аталмыш үйірмелер топ жарып жүрсе, сонымен қатар ерен еңбегімен көрінсе, «Айжұлдыз», «Қазақ тілін үйренеміз», «Мәнерлеп оқу», «Театр әлемі» үйірмесінің тәрбиеленушілері үздіктер қатарында.
Жалпы, бұл мекемеде әрбір ұстаздың өз міндеті бар. Ең бастысы олар – өскелең ұрпақтың келешегіне тілектес, ниеттес тұлғалар. Оқу тәрбие ісінің меңгерушісі Шолпан Тұрсынқызы, әр іс-шараның жақсы өтуіне ықпал етіп, мұрындық болып жүретін әдіскерлер Серік Жақсылықұлы, Құралай Нұғыманқызы, Әйгерім Биекеқызы, Майра Оразқызы, Ақерке Ержанқызы сынды ұстаздардың еңбегі зор. Бір әттегенайы, еселі еңбегімен, жетістіктерімен көзге түсіп келе жатқан Оқушылар үйінің тарлығы шығармашылықтарын одан әрі өрістетуге қолайсыздық тудырып отыр. Осы мәселе алдағы уақытта өз шешімін тапса дейсің. Өнер ошақтарының ауқымы кең, еңселі болғаны абзал емес пе?
Оқушылар үйі – білім мен өнер ошағы. Әрине, ата-ана баланың уақытын тиімді өткізу үшін түрлі үйірмелерге жаздырады. Заманауи техника көз-ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанда бала санасын, ұлттық құндылықтардан жырақтатып алмауымыз керек. Ұялы телефон мен компьютердің тілімен дос болған ұрпақтың ой шеңбері алаңдатады. Қазақтың бекзада өнерін танып-білуге бейнетпен жетіп, жаһанға жариялаған небір тұлғаларымыздың тағдыры ұмыт болмаса екен дейсің. Қазіргі оқушы – ертеңгі келешектің қамалын соғушы.

Динара МӘЛІК
АЛМАТЫ

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button