Әлеумет

Баспаналы болудың қуанышы

Алматы облысында 56 отбасы көптен күткен баспаналарына ие болды. Қоныс иелерін облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, жаңа пәтер кілттерін табыстады.

Көпқабатты үй қаланың жаңа 8-ші шағын ауданында ор­наласқан. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша Департаментінің 49 қызметкері жаңа пәтер кілтінің иесі атанды. Ал қалғаны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болды.
Пәтер иелерінің қуанышымен бөліскен Амандық Баталов:
– Облыс орталығы жыл сайын өсіп, көркеюде. 56 отбасы Наурыз мерекесін жаңа баспанада қарсы алады. Жақын арада саябақ және сквер салуды жоспарлаудамыз. Ал, сәуір айында футбол алаңының құрылысы аяқталады, – деді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша Депар­таментінің қызметкері Гүлнұр Оразымбетова көпбалалы ана ретінде баспаналы болғандар қатарында. Оның айтуынша, бұл күнді ол төрт жылдан аса уақыт күткен.
– Бүгін менің ең үлкен арманым орындалды. Облыс басшылығына және бізді қолдап келгендерге рақмет. Балалар да риза. Үш бөлмелі кең үйде Ұлыстың Ұлы күнін қарсы алудамыз. Біз үшін бұл – қос қуаныш, – дейді ол. Тұрғын үйдегі бір бөлмелі пәтердің аумағы 49 шаршы метрді құраса, төрт бөлмелілері 100 шаршы метрден асады. Құрылыстың бас мердігері – «СурМАК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Еңлік САҒЫНДЫҚ

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button