Білім

БАҚШАСЫ БАР МЕКТЕП

Ақтөбе қаласына қарасты К.Нокин ауылының жастары да ауылды гүлдендіру мақсатындағы ауқымды шараға атсалысып жатыр. Сенбі күні Благодар орта мектебінің бір топ оқушысы ақысыз еңбек етті.

Жанна СҰЛТАНОВА, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары:

— Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың бастамасымен қолға алынған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты марафон-эстафетаға біздің мектептің де жастары өз үлестерін қосуда. Оқушылар жоспарға сәйкес жұмыстарды тиянақты атқарып жатыр. Негізінен, Благодар орта мектебінің оқушыларына жүктелген міндет — К.Нокин ауылы мен Украинка, Шағала елді мекендерін тазарту. Сонымен қатар ауылдың маңындағы жолдардың қоқыстарын жинастыру да — акция  аясында жасалатын шаруа. «Жеңіс» саябағын, мектеп ауласын және К.Нокин  ауылының негізгі көшелерін тазалау — күн сайын атқарылатын іс. Бұдан соң балалар жоспарға байланысты жұмыстарды жасайды. Біздің мектептің оқушыларының күшімен «Аққу» балабақшасы жаңа кейіпке енді. Балабақшаның айналасы аяқ алып жүргісіз-тін. Қоқырлар жиналды, арам шөптер жұлынып, ағаштардың қураған бұталары кесіліп, тал-теректер әктелді. Мектептің жазғы спорт алаңының жөнделуі де — балалардың еңбегі.

Айта кетерлігі, жастар мектеп ауласына көкөніс (қызанақ, қызылша, бұршақ, қырыққабат) екті. Көшеттерді мұғалімдер мен ауыл тұрғындары әкеліп берді. Көкөністерді мектеп асханасы пайдаланады.

Биылғы мектеп түлектері 100 түп раушан гүлін еккен болатын. Бақшаның күнделікті күтімі де — оқушылардың мойнында.

Екі аптадан бері жастар мектептің 1 қыркүйек — Білім күніне дайын болуы үшін ақысыз еңбек етіп жатыр. Осы екі аптаның ішінде мектеп ауласынан 8 тонна қоқыс шығарылды.

«Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясына қатысу үшін қалалық білім бөлімі біздің мектепке 175 орын бөлді. Әрине, бұл аз. Себебі шараға қатысуға ниет білдіруші оқушылар өте көп болды. Акцияға бір рет қатысқан балалар тағы да қатысуға өтініш білдіріп жатты. Ата-аналар да балаларының жұмысты жалғастыруын қалады. Дегенмен, біз белгіленген шамадан тыс адам қабылдай алмаймыз. Ал түрлі себептермен акцияға қатыса алмаған оқушылардың орнына бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын алдық.

Заң талаптарына байланысты оқушылар 4 сағат жұмыс істейді.  Әр күнге 706 теңге еңбекақы төленеді. Сонымен қатар әрқайсысының тамақтанулары үшін бөлінген 450 теңге де ата-аналарының келісімімен балалардың еңбекақыларына қосылып беріліп жатыр.

Осы ауқымды істің мектебімізде өз деңгейінде өтуіне ұйытқы болып отырған мектеп басшысы Айгүл  Қабиқызына ата-аналар да, оқушылар да, мектеп ұжымы да риза.

Бисеш БАЛҒОЖИЕВ, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі:

— Осы мектепте 25 жылдан бері еңбек етемін. Содан бері жыл сайын спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Биылғы жылы да спорт алаңы жөнделді. Жастардың көмегімен көп шаруа еңсерілді. Спорт жабдықтары сырланып, жаңартылды. Нәтижесінде, спорт алаңы оқу жылына толық дайын.

Жәния ИБРАГИМОВА, топ басшысы:

— Біздің топта 15 оқушы бар. Әр оқушы өзіне жүктелген шаруаны жақсы біледі және міндетіне алған істі тиянақты тындырып жатыр. Біз күн сайын мектеп ауласын тазалаймыз. Әсіресе, мектептің спорт алаңында қоқыс өте көп. Себебі, ауыл жастары кешкілік «Жеңіс» саябағы мен мектептің спорт алаңына жиналады. Сондықтан кеше жасаған жұмысты бүгін тағы істеуге тура келеді. Кейбір ауыл тұрғындары да тазалыққа салғырт қарайды. Олар кез келген жерге қоқыр үйінділерін тастап кетеді. Әр адам тазалыққа ерекше мән беруі керек. Сол себепті, тұрғындарға ауылымыздың абаттануына бірге үлес қосайық дегім келеді.

Бүгін біздің топ сенбілікке шықты. Ақысыз еңбек еткеніміз үшін ешқандай өкпе-реніш жоқ. Себебі, біз мектебіміздің жаңа оқу жылына дайындығы үшін жұмыс жасап жатырмыз.

Саламат ӘБДІЛДИН, 10-сынып оқушысы:

— Мен осымен үшінші рет акцияға қатысып отырмын. 31 мамыр күні, яғни алғашқылардың бірі болып жұмыс істеген едім. Одан кейін 3-отрядта да жұмыс жасадым. Қазір 10-отряд еңбек етіп жатыр. Бұл топ — өзімнің сыныптастарым.

Жұмыс істеген ұнайды. Үш мәрте қатысуымның да себебі содан.

Күн сайын 4 сағат жұмыс жасаймыз. Бастапқыда жұмыс таңертең сағат 8 00 -де басталатын еді. Күн ыстық болғандықтан сағат 7 00 -ден бастап іске кірісетін болдық.

Бұл шараның маңызы зор. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді. Табиғатты қорғауға, айналаны таза ұстауға баулиды әрі еңбекақы аламыз. Жалақыма оқу құралдарын, киім-кешек аламын.

Сонымен, Благодар орта мектебінің өрендері көпке үлгі боларлық жұмыс жасап жатыр. Әсіресе, олар өсіріп жатқан көкөністердің жөні бір бөлек. Айта кету керек, біз аралаған мектептердің ішінде ауласында бақшасы бар бірден-бір білім шаңырағы осы — Благодар орта мектебі. Тынымсыз тірлік жасап жатқан жастарға жұмыстарыңыз жемісті болсын дейміз.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button