Жастар

Малайзияға аттанбақ

«EcoMarathon_Shell» халықаралық марафоны  биыл да жалғасын таппақ. Экологияға кері әсері болмайтын инновациялық көлік құрастыратын студенттердің байқауына еліміздің атынан Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің 3-4 курс студенттері қатысады. Бұл жолы SU Racing Team командасы Taiburyl Prototype 3.0. деп аталатын көлік құрастырған.

– Машина таза көміртекті талшықтардан жасалды. Осындай көміртекті талшықтардан жасалған машиналар өте берік болады. Біздің машинаның жалпы салмағы 42-43 кг. Былтыр да осыған ұқсас машинамен қатысқанбыз. Бірақ оның салмағы 95-93 кг болатын. Биылғы құрастырылған машинаның салмағына орай жүргізушінің де салмағы 50 кг-нан артық болмау керек, сол себепті биыл көлікті қыз бала жүргізеді. Бұл да бір ерекшелік болатын шығар. Өз есептеуіміз бойынша, біздің машина 450 шақырым жүріп өту керек, бірақ мұны әлі сынақтан өткіземіз, – дейді жоба жетекшісі Әлібек Ибраим.
Студенттердің аталмыш марафонға қатысуы мен машинаның құрастырылуына «Шелл Қазақстан» компаниясы екінші рет қаржылай демеуші болып отыр. ­Жалпы құрастырылған энергоэффективті автокөлікке 7000$ қаржы жұмсалған.
Жоба жетекшісі Әлібек Саматұлының айтуынша, Taiburyl Prototype 3.0. автокөлігі 95-96 пайыз этонол жанармай түрімен, қалған 4-5 пайызы бензин немесе басқа май түрлерінің қосындысымен жүреді. Машина арнайы «EcoMarathon_Shell – 2019» халықаралық марафонына қатысу мақсатында жасалған.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Осы орайда SU Racing Team командасы бұл халықаралық байқауды өздеріне берілген жақсы мүмкіндік деп санайды. Сол себепті де аталған байқауда Қазақстанда талантты жастар білім алатынын дәлелдеуге тырыспақ.
Айта кетейік, 2019 жылғы «EcoMarathon_Shell» халықаралық марафоны 28 сәуір мен 2 мамыр аралығында Малайзия елінің астанасы Куала-Лампур қаласында өтеді.

А.Қуат

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button