Экономика

Шебердің қолы ортақ

Бүгінде өз кәсібін ашамын деген жанға мемлекет та­ра­пынан мол мүмкіндік қарастырылған. Солардың бірі – «Bastau Бизнес» жобасы. Бағдарлама аясын­да аға­йынды Ержан, Нұржан Байжұмановтар кәсібін ашты.

Ағаштан түйін түйіп, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген шеберлер Үштөбе қаласында тұрады. Олар осыдан 3 жыл бұрын жер сатып алып, ауласын шеберханаға айналдыруда. Өткен жылы «Атамекен» ҰКП Қаратал аудандық филиалына тиісті құжаттар тапсырып, 4 млн теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткізді. Оған ағаш жонатын аппараттар мен қажетті құрал-жабдықтарын түгендеді. Енді жұмысы жеңілдей түсіп, тапсырысты ерте аяқтауға қол жеткізуде.
– Қолымнан шыққан әрбір бұйым ел игілігіне жарап жатса бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Тұтынушыларым оң бағасын берсе, жұмысқа деген жауапкершілік артып, сенім нығаяды, – дейді Ержан Базарбекұлы. Ағайындылар «Bastau Бизнес» жобасы туралы таныс­тарынан естіпті. Осы бағдарлама бойынша оқу курсына қатысып, жобасын ұсынып, көп ұзамай қолдау тапты.
– Қазіргі таңда біздің елде кәсіп ашамын деген жандарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Бастаған ісіңді кеңейтуге барлық жағдай жасалған. Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік жетеді. Тек жалқаулықты жеңе білу керек, – дейді ағаш шебері. Ағайындылардың бос уақыты жоқ. Тапсырыс қабылдау, оны уақытылы орындау сияқты күнделікті тіршілік астасып жатыр. Көбіне жеке тұрғындардан тұрмысқа қажет бұйымдарға ұсыныс түседі. Ағаштан сандық, үстел, кітап сөрелері сынды дүниелерді жасайды. Жұмысына қарағай, қайың, шырша ағаштарын қолданады.
«Ағаш қасықтан бастап бесікке дейін жасап, төл өнерді өскелең ұрпаққа дәріптеу – міндет. Болашақта үлкен ұстахана ашу – арманымыз. Тек қана орындық, үстел сынды заттарды жасап қана қоймай, ағаштан ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқ жасау да жоспарда бар. Ол үшін арнайы оқыту курсына жазылдық, – дейді кәсіпкер. Айта кетерлігі, Ержан шебердің ағаштан жасаған үстелі сапалылығымен ерекшеленеді.
Халқымыздың көне заманнан келе жатқан қолөне­рін меңгеріп, ата дәстүрін жалғап келе жатқан өнерлі жандарды көргенде қуанасың. Он саусағынан өнері тамған шеберлер қашанда керек. Олардың қымбат қазынасы – өткеніміздің белгісі, келешегіміздің келбеті.

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ
Алматы облысы

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button