Әлеумет

Ана қуанышы

Баланың қамы –  ұлттың бағы. Бұл – бабадан келе жатқан тәмсілдің маңыздысы. Сол бір өрелі сөзден өріс алған Текелі қаласындағы «АСПМК-519» ЖШС ұжымы қайырымдылық көмек ретінде жалғыз басты көп  балалы ана Назгүл Кужикееваға 4 бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Мекеме басшысының орынбасары Константин Вологодский ұжымындағы азаматтарымен бірлесіп, салтанатты түрде үй құжаттарын да ендігі иесіне тапсырды.

Бұған дейін 7 баланың анасы жалдамалы үйде тұрып келген. Назгүл Амангелдіқызы – «Күміс алқа» иегері. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста. Үлкен балалары – Айбол, Роман, Әнел, Айбар мектеп қабырғасында оқиды. Ал Бағдат пен Әнуар балабақшада. Кішкентай қызы Инабат енді ғана еңбектеп жүр. Инабат 1 жасқа толғаннан кейін, «Алтын алқаға» құжат тапсырады. Қазір мемлекеттік атау­лы әлеуметтік көмек есебінде 76492 теңге алып отыр.
Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев бұл қуанышты сәттің тағы да жал­ғасын табуын тілеп, арнайы шашу шашты.
– Текелі қаласында 415 көп балалы отбасы бар. Оның ішінде 170-і пәтерге тұрмыстық жағдайларына байланысты мұқтаждықта. Жалпы ресми кезекте тұрған 55 көп балалы отбасы бар. Соны ескере отырып, осыдан 2 апта бұрын қалалық мекеме басшыларын шақырып, жәрдем беруге арнайы қор құрдық. Сол қорға қазір қаражат жиналып жатыр. Соның ішінде «АСПМК-519» ЖШС өзінің ерекше ықыласын танытып, бір отбасын қуантып отыр. Біз алдағы уақытта осындай азаматтардың қатары артады деген үлкен сенімдеміз, – деді қала әкімі Бақтияр Әлтайұлы.
Жанарында жалын ойнаған балалар­дың қылығына келген көпшіліктің бәрі сүйсінді. Өз шаңырақтарында емін-еркін ойнауға кіріскен бүлдіршіндердің әре­кеті таңдай қақтырады. Анасы сыртқа шық­қанда іні-қарындастарына бас-көз болып қа­латын Айдардың көңілі алып-ұшып тұр. Ар­манының ақиқатқа айналғанына дән риза.
– Біздің енді өз үйіміз бар. Іні-қарын­дас­тарым да мәз. Мектепке де жақын. Бұ­рынғыдай жиі-жиі үй ауыстырмаймыз. Анам­ның да уайымы сейілетін болды. Осындай мереке сыйлаған ағаларға рақмет ай­тамын. Бұл шын мәнінде біздің отбасыға үл­кен көмек болды, – дейді үйдің үлкен ұлы.
Иә, «бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деп түсінген текті жұрттың бар тілегі – ұрпағының амандығы. Біз рухы өр, жүрегі жомарт халықпыз. Оған дәлел – осындай аузын ашса жүрегі көрінетін азаматтар. Қайырымдылық жасауға асыққан жанға Құдай да жақ. Олай болса ел ішінде қолы ашық, мәрттіктің биігіне шыққан адамдар көп болсын дегіміз келеді.

Мұхтар КҮМІСБЕК

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button