Жастар

«ЕЛБАСЫ. ЖАСТАР. ЖАСАМПАЗДЫҚ»

ҚР Тұңғыш Президенті кітапха­насының «Елбасы. Жастар. Жасампаздық.» атты жылжымалы ақпараттық-имидждік жобасы өмірге келді. Жобаның тұсауы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кесілді. Жылжымалы жоба Елбасының жасампаздық-шығармашылық идеялары мен бастамаларын танымал етуге, бірегей қорларды насихаттауға, экскурсияларды ұйымдастыру әдістерін дамытуға бағытталып, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың өмірімен және қызметімен таныстырады.

– Алматы – Елбасының туған жері ғана емес, мұнда оның Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағалығынан ҚР Тұңғыш Президентіне дейінгі саяси көшбасшы ретіндегі қалыптасу жолы басталды. Алматы – тәуелсіздік тұсында ең ықпалды шешімдер қабыл­данған республика егемендігінің бесігі. Аталған жобада сол уақыттардан сыр шертетін мұрағаттар бар, – дейді Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.
Мемлекет және қоғам қайраткер­лері, белгілі ғалымдар, студенттер мен университет оқытушылары қатыс­қан шарада ҚазҰУ ректоры Ғалым­қайыр Мұтанов жобаның жастар үшін пайдалы тұстарын ерекше атап өтті. «Елбасының шешімімен жарияланған Жастар жылы жастарға, студенттерге зор мүмкіндік беріп жатыр. ЖОО грант­тарының, сыйақылар мен шә­кірт­­ақы­лардың саны артты. Шетелде білім алуға барлық жағдай жасалған» деді ол. Айта кетейік, «Елбасы. Жастар. Жасампаздық» жобасының атауы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауымен байланысты болып отыр.
Шара аясында «Жастар – ұлт тірегі» кешенді көрмесі қойылып, Елбасы кітапханасындағы архив, музей және кітапхана жинақтарының материалдары көрсетілді. Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік күзетінің Президенттік оркестрі арнайы дайындаған плац-концерттік бағдарлама ұсынса, Құрмет қарауылының ротасы жұртшылық назарына әскери қойылымын қойды.
Шара соңында ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларына жаһандық және аймақтық контекстегі жастар саясаты, Қазақстанның жастар саясаты стратегиясы тақырыбында панельдік дәріс өтті. Сонымен қатар, дәріс барысында Елбасы туралы «Уақытпен сайланған» деректі фильмі көрсетілді.
Жылжымалы жобаны Тараз, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар өңірінің оқу орындарында, сонымен бірге шетелдерде өткізу жоспарланған.

Индира СӘТІМ

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button